Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланған жиын өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ардагерлері, шаруа қожалықтарының иелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Төрт сағатқа созылған басқосуда мал иелері мен мемлекеттік орган өкілдері сындарлы сұхбат құрып, пікір алмасты.
Кездесуде жем-шөп дайындау, мал жайылымына жер беру, құдық қазу сынды бірқатар мәселелер қаралды. Аймақ басшысы белсенділік танытқан азаматтарға алғысын айтып, жауапты тұлғаларға ауыл шаруашылығы саласын жақсартуға арналған әр азаматтың ұсынысын зерделеуді тапсырды.
Жиында сондай-ақ қазіргі таңда Маңғыстау облысының әкімдігі мал суаруға қажетті құдық қазуға арналған субсидияның көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны айтылды.
-Төрт түлік үшін судың аса маңызды тіршілік көзі екенін барлығымыз білеміз. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына келген сапарында Үкіметке құдық қазуға берілетін субсидия көлемін 50-ден 80 процентке дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, қазір біз құдық қазуға жұмсалатын шығындардың тағы 10% жергілікті бюджеттен субсидиялауды қарастырып жатырмыз. Нәтижесінде субсидияны 90% - ға дейін ұлғайтқымыз келеді. Мәселе мұқият зерделеніп, оң шешімін тапса, облыстық мәслихатқа ұсынатын боламыз, - деді өңір басшысы.
-Биылғы қуаңшылық облыстағы барлық мал иесінің басына түскен ортақ қиыншылық, ортақ сынақ болды. Біз бұл тығырықтан бірлескен жүйелі жұмыстың арқасында ғана шыға аламыз. Сала ардагерлерінің тәжірибелері мен кеңестері өте маңызды, оны міндетті түрде пайдаланамыз. Сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысқысы келетін әр шаруа өз мүмкіндігін ескергені дұрыс. Табиғи және климаттық жағдайлар бар, жем-шөп базасы болу керек, малды бағу қажет дегендей. Мемлекеттік органдар заң шеңберінде барынша көмектеседі, бірақ әрбір азаматтың малы үшін жауап бермейді. Ауыл шаруашылығын нәтижелі жүргізу үшін жүйелі жұмыс істеу керек,- деді облыс әкімі.
Сөз соңында, Нұрлан Ноғаев сондай-ақ жиналғандарды ауыл шаруашылығын дамыту мен мал бағуда тиімді тәсілдерді қолдануға шақырды.
"Адырна" ұлттық порталы