Қазақстандық музыкант Англияда өткен фортепианошылар байқауында жеңіске жетті

3300
Adyrna.kz Telegram

Әлім Бейсембаев – әлемдік деңгейдегі фортепианошылар байқауында жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық.

Ол — Қарағанды қаласының тумасы. Жуырда Англияның Лидс қаласында өткен ХХ фортепианошылар байқауында Әлім «Уотерман» алтын медалі мен 25 000 фунт стерлинг сыйақыға ие болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Әлім "Warner Classics" компаниясы ұйымдастырған дауыс жазуға және "Steinway&Sons" тарапынан еуротур жасауға мүмкіндік алған. Ол XX-XXI ғасырлардағы үздік туындыларды жақсы орындағаны үшін берілетін Ливерпульдегі корольдік филармония қауымдастығының және medici.tv нұсқасы бойынша көрермен көзайымы сыйлығына ие болған.

Байқау қорытындысы бойынша жапониялық Кайто Кобаяши екінші орын мен күміс медальға ие болса, үздік үштікті израильдік Ариэль Лани түйіндеген. Музыканттар Ливерпульдегі корольдік филармонияның дирижері Эндрю Манценің сүйемелдеуімен классикалық туындыларды орындаған.

Әлім – бұл байқауда жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық өнерпаз. 23 жастағы музыкант 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Лондондағы корольдік музыка колледжінің магистратурасында оқиды. Бұл оқу орнында ол танымал профессор – Ванесса Латарш пен Дмитрий Алексеевтен дәріс алады.

5 жасынан бастап фортепианода ойнайтын ол  2008 жылы «Щелкунчик» атты телевизиялық байқауда жеңіске жетіп, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы орталық музыка мектебіне оқуға түскен. Араға 2 жыл салып, Англиядағы Перселл мектебіне ауысқан. Ол атақты педагог Тесса Николсоннан тегін білім алған.

Әлім — Веймардағы Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауының және Манчестердегі халықаралық пионистер байқауының жеңімпазы. Сондай-ақ Ван Клиберн атындағы жас пионистер арасындағы І халықаралық байқауда топ жарған.  Бұл додада Әлім 20 жылдық тарихы бар байқаудың негізін қалаушы, әлемге әйгілі пианист Уотерман атындағы арнайы сыйлықты жеңіп алды.

– Бізге байқауға  шамамен 300-350 минуттық репертуармен қатысу керек болды. Орындалатын шығармалардың көлемі көп болғандықтан, өте қиын байқаулардың бірі саналады. Жеңісімнен кейін "Уорнер Классикс" менің жеке альбомымды басып шығарды.

Жалпы өмірде ата-анамның өнерге қатысы жоқ. Мен үйдегі жалғыз музыкантпын. Ол кісілердің айтуынша, кішкентай кезімде дүкенге барғанымда, шағын ойыншық пианино таңдап алыппын. Содан бері фортепиано менің өмірлік серігіме айналды, — дейді Әлім Бейсембаев.

Еуропада өз тыңдарманы бар жас өнерпаз осылайша бұл байқауда да көптің ыстық ықыласына бөленді. Болашақта Әлім туған жерінде де өнер көрсетуді армандайды.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер