«Екі тарлан бөрі едім…»

3620
Adyrna.kz Telegram

(Алақандай эссе)

Қазақ жұртын әсерлі әуенге бөлеген әйгілі бард ақын Табыл Досымовтың шын аты Тарланбөрі деседі. Өзі де нағыз тарланша ғұмыр кешті. Махамбет ақын жырлағандай, «Бөрідейін жол тартып, Жауырынына мұз қатып, Жалаулы найза қолға алып», от пен судың ортасында арпалысты да жүрді.

Құдайға шүкір, Табыл дос-жараннан кенде болған жоқ. Атырау мен Алматының арасында сайраған ізі қалған сал-серінің соңына ерген серіктері аз болушы ма еді?! Ежелден келе жатқан бұлжымас дәстүр: жыраулар жалғыз жортпайды! Көмейіне бозторғай ұя салған Табылдың да төңірегі толы тепсе темір үзетін жігерлі жігіттер еді. Тумысынан сауық-сайранға әуес жігіт-желеңді айтасың, ақынның шын жанашырларының арасында қазақтың біртуар бойжеткендері де бар-ды.

Бәріміз де оның досы едік. Аға-дос... Іні дос... Құрбы дос... Курстас дос... Әскер дос... Сазгер дос... Ауылдас дос... Бауырлас дос... Қатарлас дос... Қаламдас дос... Бірақ достың да досы бар. Соның ішінде Бижанның орны бөлек екенін баршамыз тікемізден тік тұрып мойындадық. Бижан Қалмағанбетов. Келбеті келісті, көркем мінезді жігіт. «Сабырлы, салиқалы, салмақты» деген синонимдердің бәрі біздің Бижанға құйып құйғандай жараса кетеді. Өзі кәсіпкер. Кәсіпкер болған соң, табысы жоғары. Бірақ намысы одан да жоғары. Өзі өлең жазады. Алайда бұрқыратып кез-келген басылымға ұсына бермейді. Талабы да, талғамы да биік. Жазған жырын дестелей де, кестелей де біледі.

Ол Табылды көзі тірісінде-ақ төбесіне көтерді. Өмірден өткен соң рухын аспандатты. Ақын досының алтын қазынасының әр қиқымына дейін тірнектеп теріп, жинап-жинастырып, жарыққа шығарып келеді. Жыл сайын кемінде бір шара ұйымдастырады. Сөйтіп, Алатауды Атырауға көшіруді армандаған толағай Табылдың өзін тауға айналдырды. Жұлдызын биіктен жақты. Өзі мекендейтін Ақтөбе мен Табыл досы мәңгілік ұйқыда жатқан Атыраудың арасын жол қылудан жалыққан емес.

«Исатайдың барында Екі тарлан бөрі едім» деп күйзелген Махамбет ақын секілді Табыл өмірден өткеннен кейінгі Бижанның халін көруге көз, сезінуге жүрек керек. Сол Махаңның өлеңін өзінің ой елегінен өткізіп, «екі тарлан бөрінің» бірі боп қайғы-қасірет шегу бәрімізден гөрі біздің Бижан батырдың маңдайына көбірек жазылғаны анық. Ол Табыл досының рухын ғұмыр бойы ұлықтау міндетін мойнына алды. Бұл іске бар ынта-ықыласымен беріле кірісті. Бард ақынның онсыз да биік бейнесін асқақтата түсті. Әлі де өрлете бермек.
Сондықтан, «Екі тарлан бөрі едім...» деген толғам-тұжырым Бижанның қазіргі мұңлы монологы ғана емес, мәртебелі міндеттемесі дер едік. Достыққа беріктіктің, аманатқа адалдықтың үйлесімді үлгісі бұл.

Тарланбөрі – Табылдың аманатын арқалаған Арланбөрі – Бижан бүгін алпыстың алтын қақпасын ашты. Алты қырдың алтын кілеміне аман-есен әрі абыроймен басқан қадамыңыз құтты болсын, Бижан дос!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер