Петропавл қаласындағы 2019 жылы ашылған №25 қазақ орта мектебіне Алты алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның есімі берілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлұлы өзінің Facebook парақшасында бөлісті.
- Мектеп директоры Сәуле ханым Тұрсын осы қазір ғана сүйінші сұрап хабарласты. Қалалық ономастикалық комиссия бүгін ғана осындай қаулы қабылдапты. Оған қоса тағы үш мектепке Ахмет Байтұрсынұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы және Смағұл Сәдуақасұлының есімдері берілетін болды. Құтты болсын! Ұлы көшіміз кештеу де тым баяу болса-дағы осылай түзеле бастаған сыңайлы...,- деп жазды әлихантанушы-ғалым.
Айта кетейік, Әлихан Бөкейханның есімін республика көлеміндегі мектептерге, университеттерге беру жөніндегі ұсыныстар 2011 жылдардан бастап, жиі айтылып келеді. Сондай-ақ, биыл Қарағанды қаласының Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан есімімен атау ұсынысы қоғамдық тыңдауда қарағандылықтар тарапынан қолдау тапқан болатын.
"Адырна" ұлттық порталы