Ах, какая Жиреншина!

2975
Adyrna.kz Telegram

(Алақандай эссе)

Бізге бірінен-бірі өткен мықты қыз-жігіттермен бірге оқу бақыты бұйырыпты. Соның бірі – бүгінгі ұлттық тележурналистиканың қолтаңбасы бөлек майталманы Сәуле Жиреншина. Әдетте, журфакқа оқуға түскен елу студентті екі топқа тең бөліп тастайтын. Соларды бөлетін кезде де ешкім көп ойланып жатпайды. Мектепті жаңа бітірген шикіөкпе шөжелерді бір топқа үйіреді де, өндірісте білек сыбанып, аздап тер төгіп, жұмыс істеп келгендерді екінші топқа апарып көгендейді. Оқуға сәл қатайыңқырап түскен біз жоғарғы топтамыз. Сондықтан әлі ешнәрсе көріп үлгермеген екінші топқа ептеп шекемізден қарайтынымыз да рас. Бірақ үлкен-ау деп еңбекшілдерден ығып жүрген мектепшілдерді көрмедік. Шетінен ширақ. Сөйлесе сойып түседі. Ойласа ойып түседі. Ал тойласа... атай көрмеңіз...

Солардың ішінде Талдықорған жақтан келген томпиған аппақ қыз тіпті пысық. Өзінің бойы бір-ақ тұтам. Сол бір жапырақтығына қарамастан өте епті. Орысшаға аса жүйрік. Екі тілде жорғадай жосылады. Бір нәрсе білгісі келсе, көкейіңдегіні көмейіңнен суырып алады. Айтқан сөзің өз алдына, әлі аузыңнан шыға қоймаған сөзіңнің де не туралы екенін шамалап сезіп тұрады. Сөйтіп, епті екенін де, текті екенін де саған бірден ұқтырады. «Әй, алысқа баратын қызсың-ау» дедік іштей...

Екінші курстан кейін бөлмелес баһадүр, бұрынғының адамы, бүгінгінің ақсақалы – Талғат Батырханның шаужайына жармасып, Талдықорған облысы Ақсу аудандық газетіне өндірістік практикаға бардық. Шағын ғана берекелі басылым – «Өмір нұрында» өміріміз енді ғана нұрлана бастаған кезде қатарымызға Сәуле қосылды. Осы ауданның перзенті. Әке-шешесі аудан орталығының іргесіндегі Көкөзек ауылында тұрады. Өзі сондай өткір. Ел билеген ата-бабаларына тартқан кең қолтық Тәкең екеуміз бір суреттемені бес күн жазып, ырғалып-жырғалып жүргенімізде әлгі жұдырықтай қыз тыпың-тыпың етіп тез қимылдап, бес-алты күнде бүкіл мақаласын жариялап, Алматыға аттанып кетті. Сол кездің өзінде бүгінгі шаруасын ертеңге қалдырмайтыны өз алдына, ертеңгі шаруасын да дәл бүгін бітіруге тырысатын еді. Жас күнімде жалқаулықты онша жат көрмеген өз басым оны осы қасиеті үшін ерекше құрметтеймін. Осындай құрметімізді аңғарту үшін әр жетістігіне қуанып, әр ісіне сүйсінгенімізде «Ах, какая Жиреншина!» деп еркелететініміз бар.

Ұғымталдығы мен ұқыптылығының, тегеуріні мен талантының арқасында жып-жинақы Жиреншина журналистикада зор табысқа жетті. Биіктерді бірінен-соң бірін бағындырды. Есімін елге жаттатты. Талай жылдан бері ұлттық телеарнада табан аудармай қызмет істеп келеді. Ана бір жылы Еуропаның төрінде өткен халықаралық телесайысқа қатысқаны бар. Сонда Сәуле қыздың кәдуілгі сайыпқыран спортшы секілді серіппедей ширығып тұрғанын көріп сүйсінгенбіз. Көгілдір экраннан сырттай қарап отырғанның өзінде жаның түршігетін, жер мен көктің арасындағы жанкешті трюктерді менің құйтақандай курстасым қиналмай өзі жасап, жұртшылықты әбден тәнті етті.

Ал оның журналистік шеберлігі, продюсерлік алымдылығы мен репортерлік шалымдылығы жөнінде қырғыздың «Манас» эпосы секілді таңды таңға ұрып, дамылсыз жырлауымызға болады. Оны енді басқа бір жолғы әңгіменің арқауына айналдырайық.

* * *

Сонымен, қазір «Ах, какая Жиреншинаны» тағы бір айтуға тура кеп тұр! Себебі, бүгін аяулы ана, адал жар, әдемі әже, жүйрік журналист Сәуле Жиреншинаның туған күні. Аман жүр, армандарың орындала берсін, Сәуле қыз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

Пікірлер