АЙБАР ОЛЖАЕВ: Ипотека мерзімі сіздің мүмкіндіктеріңізге қарай бағалануы тиіс

494
Ипотекада таразының екі жағы бар. Әсіресе ол мерзімге келгенде білінеді. Бір жағынан ипотеканы ұзақ мерзімге алсаңыз, ай сайынғы төлемі аздау болатыны түсінікті. Бірақ екінші жағынан, артық төлеміңіз көбейеді. Дұрыс баланс қайда жатыр?
Алдымен ипотекаға мерзім факторының қалай әсер ететінін қарастырайық:
Артық төлем. Мерзім анағұрлым көп болса, артық төлем де соғұрлым көп. Бұл базалық кредиттік принцип. Кейде артық төлем негізгі қарыз сомасынан да асып кетуі мүмкін.
Ипотеканы төлей алмау қаупі. Қазіргі заманда 10 жыл тұрмақ, ертең не болатынын болжау қиын. Мерзімнің тым ұзақтығы болашақты нақты айқындауға мүмкіндік бермейді. Бүгін жақсы жұмыста отырсаңыз, ертең жұмыстан айрылып қалуыңыз бек мүмкін. Сондықтан, оған да дайын болып, мерзімді таңдағанда осы жәйтті ескеру керек.
Ипотеканы мерзімінен бұрын өтеу. Ипотеканы ішінара, жартылай ертерек жауып жатқан жағдайда, қарыз алушы не қарыз мерзімін, не ай сайынғы төлемді азайтуды таңдай алады. Бұл енді сіздің қазіргі жағдайыңызға байланысты.
Өмір сүру сапасы сізге мерзім таңдау барысында әсер ететін басты фактор екені рас. Адам қиналғысы келмейді. Сондықтан ол түрлі сценарийлерді алдымен көз алдынан өткізіп алады. Ең бастысы, ипотека мерзімі сіздің мүмкіндіктеріңізге қарай бағалануы тиіс. Мысалы, сіз үлкен несиені 15 жыл ішінде қайтара алмайтындығыңызды түсініп тұрсаңыз, оны 25 жылға алыңыз. Осы кезде қосымша табыс түсіп жатса, ипотеканың бір бөлшегін жауып отырыңыз.
Уақыт/Қаржы/Жан тыныштығы формуласын қолданып, есептесек:
5 жылдық ипотека – ай сайынғы төлемі көп, бірақ артық төлемі аз болады.
10 жылдық ипотека – ай сайынғы төлемі әлі де көптеу болады. Бірақ артық төлем жағынан сәл ұтасыз.
15 жылдық ипотека – көп жағдайда бұл ипотеканың ең ыңғайлы мерзімі болып саналады. Ай сайынғы төлемі қолайлы, артық төлемі де шектен шықпайтын жағдайда болып келеді. Біз дәл осы мерзімге барынша назар аударуға кеңес береміз.
20 жыл немесе одан да ұзақ мерзімді ипотека — бұл табысы төмен, бірақ сол табысы тұрақты жандарға арналған ұсыныс. Бірақ артық төлеу сомасы банк қарызынан асып кетуі мүмкін.
Ипотеканы қай мерзімге аларын тек өзіңіз шешесіз ғой әрине. Бірақ мен пайдасыз кеңестер бермеймін.
Айбар ОЛЖАЕВ,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар