«Анимацияға баланың ойыны деп қарау халықтық көзқарасымыздың жетерсіздігі»

2880
Adyrna.kz Telegram

Анимация - ұлы өнер. Анимация өндірісі мұнай, машина сияқты ірі өндіріске жатады.  Ол көп адам күшін және ұзақ өндірістік уақытты талап етеді.  Ал анимация бизнесі - ірі бизнес. Мұндай ірі бизнес  қашан да халықаралық нарыққа бағыттала алады.

Бүгінде әлем көрермендерінің санасын жаулап, көзін қызықтырып, өз қалтасына сансыз миллиардтарды салып отырған елдердің бұл саладағы нәтижесі әрине, бізден ертерек қимылдағанында. Деректерге сүйенсек, 2019 жылы Жапонияның анимация индустриясы 9 триллион 817 миллиард теңге кіріс кіргізген екен. Бұл сол жылғы Қазақстанның жалпы кірісінен 3 триллионға жуық көп болған. Ұзақ жыл анимациялық фильм өндірумен  айналысып келе жатқан компаниялардың бір ғана сәтті туындысының өзінен қомақты  табыс тауып жатқаны статистикадан белгілі. Мысалы, “Frozen 2” анимациялық киносының кірісін теңгемен есептесек 616 миллиард 968 миллион болыпты. Америка елінің жалпы кино индустриясы 99-жылдан бастап  авиация кірісінен асып түсіп, мемлекеттің бірінші кіріс қайнары болып келе жатқанын да айта кету керек. Бұл сандар анимация бизнесінің  қаншалықты  қуатты дүние екенін көрсетеді.  Бірақ біздің айтпағымыз бұл ғана емес.

Жуырда Ауғанстан еліндегі жағдайды ақпараттан көрдік. Жүрегіміз ауырды. Өз елін оқтың астына алған жастар мен өз елінен тым-тырақай қашқан адамдарды көріп «бұларға не жетпей қалды екен?» деген сұрақпен олардың тарихын қысқаша қарап шықтым. Өз салам бойынша деректер қарастырып едім ауған елінде анимациялық фильм өндірісі жоқ болып шықты. Әсіресе соңғы  технологиялармен жасалған бірде-бір фильм жоқ екен. Көп адамдар оны сол елдің саяси жағдайының аумалы-төкпелілігімен байланыстырады. Бірақ біз бұл жерде себепті емес, салдарды ғана талқылаймыз. Біздің айтпағымыз анимация өндірісінің бір елдің экономикасына ғана емес елдік бірлігіне, ұлттық  идеялогиясына үлкен әсер ететін, әсіресе жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін идеялогиялық құрал екендігі анық.

Жапон халқында апталық демалыстарда әсіресе жастар жағы бір-бірімен серіктесіп, арнайы анимацияық фильм көруге баратын салт қалыптасқан. Осыған қарап-ақ ол елдің рухани тұтынуы қандай екенін көруге болады.                                                  Ал сол елдің ынталылығы әлемге әйгілі. Адамдардың қызмет қарбаластығына беріліп күніне оннан аса сағат жұмыс істеуі, біздегідей күндік бірлікпен емес, сағаттық бірлікпен  қызмет  жасауы, қарбаластықтан шаршаған  адамдардың қызмет орнында, жол шетінде, метрода ұйықтап қалуы, бәрі жапон халқы үшін әдеттегі көрініс. Сол елден шыққан әлемдік брендтері әне, сондай еңбекқорлықтың нәтижесі емес пе?!  Біреулер айтады: «оларда жан саны көп, жері тар, жан бағыстың қиындығынан қарбалас жүреді» деп.  Меніңше, бұл - жалаң көзқарас. Мойындау керек. Оларда  адамның  рухын  өлтірмейтін, өмірге  ынталандырып,  жігерлендіріп  отыратын  механизм бар. Сол  механизмның  бір үлкен бөлігі анимациялық өндіріс. Енді алмастырып  көрейікші. Егер осы жағдай ауған жастарында болса  қалай болар еді? Олар аптасына болмаса да, ай сайын немесе бір маусымда өз елінің анимациялық фильмдерін көрді ме екен? Анимация  көруге әсіресе жастар қызығады. Ал тәліптердің армиясын құраған негізгі күш те жастар. Ауған билігі тағынан тайып үлкен трагедияға ұшыраудан бұрын жас буын ұрпақтың рухани  қажеттілігімен санасты ма екен?  Жапон да, ауған да, монархтік билік жүйесін ұстанған ел бірақ, сол екі елдің бүгінгі бет бейнесі жермен көктей.

Бір нәрсені ашалап айта кетейік. Анимациялық фильм дегеніміз тек қана патриоттық ұран емес, мазмұны басқа жанрлардай шексіз. Тек оның өндірісі кино саласындағы басқа жанрларға қарағанда үлкен механизмды талап ететіндіктен, ол жерде құнсыз дүние барынша аз болмақ.

Ендеше біздің қазақ анимациясының қазіргі жағдайы қандай? Өндірісіміз қай деңгейде?  Анау екі елді салыстыра отырып, бұл туралы ойланбауға болмайды. Анимациялық өндіріс жасап жатқан компания жетекшісі ретінде көзім көріп отырған ахуалды айтпай болмас. Ауғанға қарағанда шүкір, бізде арнайы жүйе бар. Айталық 2019 жылы құрылған “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы”, сонымен қатар «Балапан» телеарнасы. Әзірге осы екі жүйе жұмыс жасауда. Бірақ өндіріс деңгейіміз көңіл көншітпей тұр. Бірнеше жыл осы салада жүріп мен байқаған мәселелер мынадай:

Бірінші мәселе тағы сол жоғарыдан түскен қаржының өндірістік орындарға уақытында келмеуі. Шығармашылықтағы адамдардың бірнеше ай  бойы айлық ала алмай бұл саладан суынуы, онсызда халықаралық нормадан әлдеқайда төмен бағада жұмыс жүргізіп отырған сала адамдарының қаржылық қыспақта қалуы.

Екінші мәселе сала бойынша білім беру жүйесінің дамымауы, күн сайын жаңаланған техникаға ілеспеуі, әсіресе соңғы 3Д технология бойынша мамандардың тапшылығы. Мен өз басым он шақты жылдық тәжірибеме сүйеніп үнемі курстар ашып, маман жетілдіруге күш салып келемін бірақ, бұл тым аз.

Үшіншісі, анимацияға баланың ойыны деп қарау халықтық көзқарасымыздың жетерсіздігі. Бала жасынан негізін қаласа кейін үлкен жетістіктерге жететін эстетикалық түйсігі мықты талай бала деңгейіне сай дамымайды. Оған ата-ана, мектеп те, қоғам да дайын емес. Бір мысал айтайын, өткенде қытайлардан бір тапсырыс келді. 100 минуттық анимацияны екі ай ішінде жасап бітіру керек болатын. Беретін ақысы біздің елдегі бағаны төрт-бес есе орайды. Бірақ оған тым көп адам қажет еді. Біз кәсіптес топтардың бірнешеуінің санын қосып (өзі бірнеше ғана ғой) жүз адам жасаймыз дедік. Олар бізге тым аз екенсіңдер деді де жобаны бермеді. Ал бізде жұмыссыздар саны жетерлік.

Талас ОРАЗБАЙҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер