Алматы облысы Үлкен Ақсу ауылындағы мектеп директоры өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін жергілікті тұрғындар оның орынбасарын жұмыстан шығаруды талап етуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы time.kz-ге сілтеме жасап.
Олар оны мұғалімнің өліміне кінәлі деп санайды. Қарсылық ретінде ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартып отыр.
Өткен жексенбіде Ұйғыр ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары мектеп директоры, 46 жастағы Азизжан Дараевты соңғы сапарға шығарып салды. Мұғалім 10 қыркүйек күні кешке өзін-өзі өлтірді. Оның денесін жақындары өз үйінің сарайынан тапты.
Өмірінің 26 жылын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған азаматтың өлімі барша жұрт үшін сілкініс болды. Директор мен оның қарамағындағы жанжал туралы ауданда бәрі білетін. Бірақ бәрі осылай қайғылы аяқталады деп ешкім ойламаған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Азизжан Дараев өзінің тым мейірімді болуының кесірінен жапа шеккен. Егер екі жыл бұрын ол аудан әкімінің сыныптасы Марат Мұхаметовті өзінің шаруашылық жөніндегі орынбасары ретінде жұмысқа қабылдамаса, бүгінгі қайғылы оқиға болмас еді.
Олардың арасындағы түсініспеушілік тағайындаудан кейін бірден басталды. Осындай жоғары лауазымға ие болған Мұхаметов мектептегі әрбір еден жуушы мен аула сыпырушының жұмысынан кінә іздей бастады: оған олардың аумақты қалай сыпыратыны, тазалықты қалай жүргізетіні, тіпті гүлдерді қалай суаратыны ұнамады.
Шаруашылық бөлімінің қызметкерлері бастықтарына шағымдануға келген кезде, мектеп директоры жанжалды шешуге тырысады. Дараев Мұхаметовті мұғалімдер кеңесіне шақырып, сәйкесінше ұрсады. Бірақ директордың орынбасары оның сөзіне тіпті құлақ аспаған көрінеді. Ашуланған еден жуушылар мен бірнеше жас мұғалімдер полицияға арыз жазады. Алайда тәртіп сақшылары директордың орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғамайды. Олар оның әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы жоқ деген шешімге келіп, өзара татуласуды сұрайды.
Содан кейін мұғалімдер әлеуметтік желіге, Алматы облысының білім басқармасына мектеп қабырғасында орын алған директор орынбасарының әдепсіз әрекеті туралы жаза бастайды. Соның нәтижесінде, тіпті тексеріс те орын алып мұғалімдер мен еден жуушылар қысым көрсету фактілерін растайды. Нәтижесінде мектеп директорына Марат Мұхаметовті қызметінен босату ұсынылады.
Осылайша, әдепсіз қылығы үшін ол орындықпен қоштасады. Бірақ шаруашылық меңгерушісі дәл осылай оңайшылықпен берілгісі келмей Ұйғыр ауданының сотына жүгінеді.
Сот директордың бұйрығын заңсыз деп таныды, өйткені мұндай еңбек дауларын шешуді тоқтату тек тәрбиелік функцияларды тікелей орындайтын адамдарға қатысты рұқсат етіледі. Директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарының лауазымдық өкілеттігіне балаларды тәрбиелеу кірмеген.
9 маусымда сот өз шешімімен Мұхаметовті бұрынғы қызметіне қайта орналастырады. Оның үстіне оны мәжбүрлі түрде жұмысқа шықпағаны үшін 381 мың теңге төлеуге міндеттейді. Алайда, ер адам кенеттен ауырып, 26 тамызға дейін ауруханада болған.
- Жұмысқа келгеннен кейін Мұхаметов пен директордың арасында қайтадан жанжал басталды. Ұжымда моральдық-психологиялық ахуал шиеленісе түсті. Мұғалімдер екі топқа бөлініп, балаларға білім берудің орнына, бір-біріне қарсы айыптаушы дәлелдерді іздей бастады, - деп еске алады Ұйғыр ауданы білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов.
Ал жанжалды реттеу мүмкін болмаған кезде, бірнеше мұғалім осы уақытқа дейін атын жасырып жүрген шаруашылық меңгерушісінің сыныптасы, аудан әкімі Шухрат Нурахуновтің қабылдауына жазылады. Бұл мәселеге біржола нүкте қою үшін әкім кеңес құрып, өзінің орынбасарын, аппарат жетекшісін, ауылдық округтің кураторы мен білім бөлімінің меңгерушісін шақырады.
- Әріптестермен ақылдаса келе, біз екеуін де өз еріктерімен арыз жазуға көндіреміз деп шештік. Біз мектептегі жанжалды осылайша шешеміз деп үміттенген едік. Бұл ретте, әрине біз екеуін де жұмыстан босатуға ешқандай заңды негіз жоқ екенін түсіндік, - деп хабарлады аудан әкімі Нұрахунов.
- Мен алқалы шешім туралы мектеп директорына жеке хабарладым. Мен оның мұғалімдік қызметіне ешқандай шағымым жоқ екенін айттым, бірақ Мұхаметов екеуінің арасындағы жанжалға байланысты мектептегі моральдық -психологиялық ахуал адам төзгісіз күйге түскеніне тоқталдым. Сондықтан оған өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазуды өтіндім.
Азизжан Дараевтың жалғыз тілегі аудан әкімінің жағдайды ұжымға жеке түсіндіріп, оны құрметпен шығарып салуы еді. Оған оң жауап берілді.
Келесі күні шаруашылық меңгерушісі Мұхаметов әкімнің ресми қабылдауын сұрады. Ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазудан үзілді-кесілді бас тартты. Сондықтан 5 қыркүйекте Дараевқа оның өтінішіне қол қойылмағаны және ол мектеп директоры ретінде жұмысын жалғастыруы керек екендігін хабарлады.
Куәгерлердің айтуынша, 6-10 қыркүйек аралығында директор жұмыста болған. Бұл жағдайда онымен шаруашылық меңгерушісі арасында ешқандай жанжал байқалған жоқ. Жұма күні кешке Дараевтың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат келді.
- Мектеп директорының бұл әрекеті бізді таң қалдырды. 11 қыркүйек күні таңертең мен Мұхаметовпен тағы кездестім. Мен оған мұндай қайғылы оқиғадан кейін бұл коллективте жұмыс жасай алмайтынын айттым. Оған адами түрде жұмыстан босату туралы өтініш жазуды сұрадым, ол үзілді-кесілді бас тартты, - дейді Нұрахунов. Ол директордың өліміне өзінің кінәлі емес екенін айтты. Бұл оның таңдауы болды.
Бұл арада 13 қыркүйекте Үлкен Ақсу ауылының тұрғындары мен бұл 50 -ге жуық отбасы аудан әкіміне ультиматум қойды. Ауыл тұрғындары бұдан әрі Марат Мұхаметов шаруашылық меңгерушісі болып қала берсе, балаларын мектепке жіберуден бас тартып отыр. Ұйғыр ауданының білім беру бөлімінің басшылығының қызметтік тергеу аяқталғанға дейін халықтың тілегін қанағаттандырып, шаруашылық бөлім бойынша орынбасарды жұмыстан уақытша шеттетуден басқа амалы қалмады. Аудандық полиция бөлімінде оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
"Адырна" ұлттық порталы