Баспана жыры: 75 бап қайда, баспана қайда?

848

Заң жүзінде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 75 бабында жазылғандай, ҚР әр азаматына тиесілі 10-15 сотық жер не әлеуметтік жағдайымен реттелетін пәтер алу құқығы ескерілмейтін көрінеді.

Әлі 2013 жылдан бері экс-президент Н. Ә. Назарбаевтың жолдауындағы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 2012 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қаржыландырудың барлық көздері арқылы 281,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, 6,6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс болатын және ол жылы алғашқы 1573 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Сол жылы тағы 6000 пәтер құрылыс үстінде еді. Жолдауда айтылғандай, сәтін салса, 2020 жылға дейін 49 мың пәтер құрылысы аяқталып, қолдануға берілуі керектін. Алайда пәтерлер тегін беріледі деген сөз болған жоқ. Жолдаудағы міндеттерді толығымен орындау үшін ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алудың екі түрлі жолын қарастыру керек екені айтылды. Әрине, үйді тек қаражаты барлар ғана жалдай алады. Бірақ тұрғын үйге тізімге тұрып қойған адамдардың қолына бір шаршы метр де тимеді. Біздің елімізде 2017 ж. көрсеткіштері бойынша баспанаға мұқтаж 2 млн 300 мың адам ресми түрде тіркелген екен, ал тіркелмегендері одан да көп. 2017 жылы олардың Астанадағы саны да 100 мыңға жуықтап қалыпты. Ал тұрғын үй алу кезегінде бас қаламызда 40 мың отбасы тұр деседі. «Казжилстрой-Кооперация» кооперативі мектептер мен ауруханаларда өткізген әлеуметтік зерттеу бойынша қызметкерлердің 65-70%-ы жалдамалы пәтерлерде тұратыны анықталды. Бұл ұрпағымыздың білімі мен денсаулығына жауап беретін мұғалімдер мен дәрігерлердің үштен екісі үйсіз-күйсіз жүр деген сөз. Олардың күйі жұмыс сапасын төмендететіні айдан анық. Үйсіз жүрген жас отаулардың жағдайлары тіпті ауыр. Әдетте бұлар ерінің бір жалақысына өмір сүреді. Ол табыстың жартысын «баласының аузынан жырып» пәтер жалына төлейді. Ендеше жас жанұя балаларымен мөлшері 40-75 мың болатын жарты айлыққа өмір сүріп, балаларын тәрбиелеп, оқыту не пәтер жалын төлеу шешімінің екі ортасында қалып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету керек еді. Алайда «Нұрлы жер» бағдарламасының мақсаты бойынша көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болғанмен, мұнда да кезекте тұрғандар шегеріліп, үй алу жағдайын қаражаты барлар үшін ғана ыңғайластырған екен. Ресми деректер бойынша 7 жылда осы санақтан артық адам пәтермен қамтамасыз етілгені еш жерде жарияланбады. Қ-Ж. Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы жолдауында «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталатыны айтылған, бірақ халықта құрылыс жұмыстарының да уақытылы аяқталғанына күмән бар. Себебі m.alashainasy.kz ақпараттық агенттігі «Оралға қарасты Зашаған кентіндегі жаңа шағын ауданда 2020 жылға дейін құны 35 млрд. теңге тұратын жалпы алаңы 280 мың шаршы метр 40-тан астам тұрғын үйді салып бітіру көзделуде – деп хабарлаған болатын. Мұнда мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес 10,6 млрд. теңгеге жалпы алаңы 90 мың шаршы метр 14 үй іске қосылу жоспарланған еді. Алашайнаның пайымдауынша, бұд рекордтық көрсеткіш деуге болады. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 9 үй салынып, 1004 пәтер кезекте тұрғандарға берілу көзделді. Барлығы 1562 пәтер 5 мыңнан астам қала тұрғынын баспанамен қамтымақ болатын. Алайда бұл мақала 2016 жылдың 14 ақпанында шықты, ал Зашаған кентінде Мәжілісмендердің есебі бойынша 2019 жылы жалпы, Орал-Саратов трассасы бойында бекітілген құжатқа сәйкес 9 үй салу жоспарға енді және сол жылы 7-нің құрылыс жұмысы басталған болатын. Егер 3 жылда әлі тек 9 қабатты 9 үйдің ғана мәселесі қарастырылып жатқан болса, онда 40 мыңнан астам үйді 2020 жылға дейін қалай бітірмек еді, деген орынды сұрақ туындайды.

Бүгінгі таңда primerministr.kz ресми ақпараттық ресурсының хабарлауынша, ҚР президенті Қ-Ж. Тоқаев нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес екенін айтты. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады.

- Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр – деді ол.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айтты. Сондай-ақ, бұл адамдардың жұмыс берушілерден өз еңбекақысын ашық түрде талап етуіне мүмкіндік берді. Зейнетақы жинағының артық мөлшерін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аудару керек деген ұсыныс берді.
- Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді – деді президент.

Әзірге тұрғын-үй алуды жеңілдетудің жолы осы ғана, енді бұл бағдарламаның нәтижесі де тек уақыт еншісінде.

Рамазан Есмағамбет

Пікірлер
Редакция таңдауы