АЭС салу бізге міндет пе?

3835
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел алдында жасаған кезекті Жолдауында Қазақстан жеріне АЭС-ын салу қажет екенін атап өтті.

Салудан бұрын Мемлекет басшысы атом энергетикасын құрудың жан-жақты мүмкіндігін зерттеуді тапсырды. "2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік"- деді Президент өзінің ел алдындағы сөзінде. Әйтсе де, қоғам соңғы жылдары бұл шешімге әзірге оң көзбен қарамайды. Мәселен, 2019 жылдың сәуірінде Ресей басшысы Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде қазақ жеріне «ресейлік технология» бойынша АЭС-ын салу туралы ұсыныс тастаған шақта, елде ірі наразылық шаралары болған. «АЭС салынбасын» деген талапты жалау еткен халық елде ірі апат бола ма деп бұл құрылыстан үріккен еді. Алайда, ел президенті бұл мәселені шешуде халықтың пікірі ескерілетінін айтты.

Жолдауда Президент көтерген мәселелердің бірі – қазір әлемде бірте-бірте көмірдің дәуірі аяқталып келеді. Осыған сәйкес, бізге көмірдің орнын басар энергияның жаңа көздерін қарастыру қажет. Олар: атом энергиясы және сутегі энергиясы. Дегенмен, аталған энергияларды өндіру оңай іс емес. Мемлекет басшысының көтерген екінші мәселесі – 2030 жылдарға қарай Қазақстанда энергияның тапшылығы болуы мүмкін. Неге? Себебі, қазір әлемде ірі-ірі экологиялық мәселелер көбеюде. Соның ең негізгісі – соңғы 150 жылдың ішінде жер шарында температураның 1 градусқа көтеріліп, соның әсерінен әлемде адамдардың өмір сүруі қиындап келеді. Осы мәселеге байланысты, 2015 жылы Парижде дүниежүзінің 192 мемлекеті бірігіп, «Париж келісімшартына» қол қойған. Бұл келісімнің мазмұны – біз 2100 жылға дейін жер бетіндегі температура көлемін 2 градустан әрі көтермеуге міндеттіміз. Егер 1850 жылдармен салыстырғанда, температура 2 градустан әрі көтеріліп кететін болса, жер шарының көптеген бөлігінде өмір сүру қиындап кетеді. Ол үшін бүкіл адамзат осы мәселеге бірігіп жұмыс істеуі керек.

Температура неге көтеріледі? Ол адамның тұрмыс-тіршілігінен туындайды. Біз қазір қазбалы отын көмірді де, мұнайды да ашық ауада көп пайдаланамыз. Соның салдарынан, көмірқышқыл, метан секілді газдар ауаға тарауда. Ғалымдар бұл мәселеге соңғы отыз жылда өте көп көңіл бөлуде. Олардың айтуынша, мұны шешудің бір-ақ жолы бар. Ол - жер бетіндегі адамдарды табиғатқа жақын, зияны аз энергияның басқа баламалы көздерін пайдалануға шақыру. Көптеген елдер осыған байланысты ұзақ мерзімді стратегиялар қабылдап үлгеруде. Мысалы, Еуропалық Одақтастық елдер 2050 жылға дейін не газды, не мұнайды, не көмірді еш жерде пайдаланбаймыз десе, Қазақстан мен Қытай 2060 жылға қарай осы міндеттемені өз мойнына алып отыр. Қазіргі күні елде энергияның 68% -ын көмірден аламыз. Сонда көмірді немен алмастырамыз? Егер мемлекетіміз энергияның табиғатқа қолайлы түріне көшпейтін болса, онда шығарып отырған өнімдерімізді болашақта экспорттай алмаймыз. Шығарсақ та қымбатқа түсері анық. Дүниежүзіндегі ірі одақтар осындай талап қойса, бізге ергеннен басқа жол болмайды.

Соңғы бес-он жылдықта әлем жұрты күн мен жел энергиясын пайдалануды толықтай игерді. Қазір бұл жаңалық емес. 2000 жылдармен салыстырғанда, әлем елдері бүгінде күн энергиясын 100 есе, жел энергиясын алуда 20 есе артық орындап отыр. Технологияның арқасында бұл мәселе оңтайлы шешім тапты. Соңғы уақытта елімізде күннен, желден энергия алатын станция саламын дейтін жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер көп деседі. Себебі, бұл саладағы технологиялар арзан әрі қолжетімді болып қалды. Дегенмен, энергияның бұл жолдары тұрақсыз. Олай дейтініміз, күн күндіз бар түнде жоқ, жел бірде бар бірде жоқ нәрсе.
Ғылымда АЭС салу көмірге қарағанда, 200 есе табиғатқа қолайлы екені дәлелденген. Бірақ, қоғамның қарсы болатын жөні бар екі мәселе:

1) қауіпсіздігі 2) АЭС-нан кейін қалатын қалдық. АЭС қай жерде болуы керек? Қазір атом станциясы үшін Қазақстанның төрт бұрышы да зерттелініп жатыр. Олар: Алматы маңы, Батыс бөліктегі Ақтау жері, ШҚО-дағы Курчатов қаласы. Бірақ, заңында электр энергиясын беретін негізгі көз – ол халықтың көп орналасқан аймағы мен өте көп көлемдегі судың қоймасы. Бұған келгенде, 40% халық көп шоғырланған Оңтүстік аймақ еске түседі. Бірақ, АЭС-ға көп мөлшерде су керек.

АЭС -ның құрылысына байланысты қазір елде қарсы уәждер бар. Оның алғашқысы, АЭС-ны Қазақстанның қай аймағынан салса да, оған қажетті судың қоры. Қазір елімізде онсыз да су тапшылығы бар. Бұл құрылыс осы мәселеге «жығылғанға жұдырық» болуы мүмкін. АЭС-ның құрылысы да қыруар қаржыны талап етеді. Бір реактордың өзін бірнеше миллиард долларға сатып алуға тура келеді. Кезінде елімізге Ресей де, Оңтүстік Корея мен Жапония да АЭС салуға өз ұсыныстарын бірнеше рет ұсынды. АЭС салынғаннан кейін, онда жұмыс жасайтын мамандар елімізде жоқтың қасы. Одан қалса, тарихта ізін қалдырған үлкен апаттар Чернобыль мен Фукусима көп елдердің атом станцияларынан бас тартуына әкелді. Мұндай ірі шешімді қабылдау үшін бұл мәселе осы саладағы мамандардың талқылауынан одан қала берді халық алдынан өтуі шарт.

Бірақ қоғам қанша қарсылық білдіргенімен, жер шары үшін, табиғат үшін әлем елдері ерте ме, кеш пе бұл энергияға келеді. Себебі, су да, пайдалы қазба да, табиғат ресурстары да сарқылып келеді. Айта кетейік, Қазақстанда АЭС 1973-1999 жылдар аралығында Ақтау қаласында болған. Қазіргі уақытта елімізде атом энергиясы қолданылмайды. Сарапшылар Ақтау жеріндегі АЭС сол кездің өзінде әлемдегі ең ірі құрылыс орындарының бірі ретінде есептелген. Пайдасы атом станциясы қарт Каспийдің тұщылығын арттырған көрінеді.

Қазіргі салынып жатқан АЭС-дағы реакторлардың қауіпсіздігін жоғарылатуда әрі АЭС-ын өте үлкен көлемдегі құрылыс орны ретінде салмауға тырысуда. Сондықтан, ғалымдар зерттелу үстіндегі бұл саладан қорықпау қажет екенін айтуда. Қазір әлемде 35 елде 191 АЭС бар. Басым бөлігі Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Шығыс Азия және бұрынғы Кеңес Одағы аумағында орналасқан. Мысалы:
АҚШ -60
Франция -19
Жапония -17
Қытай -13
Ресей -10
Ұлыбритания -7. Сонымен қоса, қазір жаңа АЭС-ын салуды мына елдер: Ресей, Қытай, Үндістан жоспарлап отыр. Алайда, Чернобыль, Фукусима апаттарынан кейін қорыққан Италия, Бельгия, Германия, Испания, Швейцария елдері АЭС жұмысын мүлде тоқтатқан еді. Дегенмен, олар АЭС-дан басқа жаңа технология түрлерімен энергия көзін табуға тырысуда. Бұл елдердің жолымен жүрсек, сонда бізге АЭС салу міндет пе?
Мемлекет басшысының Жолдауда Қазақстанда энергияның тапшылығы болады деуі жыл сайын әлемде 100 миллион автомобиль шығатын болса, былтыр соның 5%-ы электромобиль түріне көшсе, осы жылы 7%-ы жоспарланған. 2030 жылға қарай әлемде транспорттың жартысына жуығы осы салаға көшетін болса, бұл үрдіс Қазақстанға да келеді. Сонда мұнайдың қажеті болмай қалуы мүмкін. Екінші түрі сутегі өндіру де үлкен мәселе. Ол үшін бізге көп мөлшерде су керек. Ал, елде су тапшылығы сезілуде. 1 литр таза судың құрамында 111 грамм (10%) сутегі, 889 грамм оттегі (80%) болады. Сонда 1 кг сутегі алу үшін шамамен 9-10 литрдей таза су қажет. Көп сутегі алу үшін қанша көл керек? Ол жағы белгісіз. Егер елде АЭС салынатын болса, уран қоры бойынша әлемде 2-орын алатын Қазақстанмен болашақта көп елдің санасуына тура келеді.

Сонымен, АЭС салған жағдайда оның елге пайдасы алдымен электр энергиясын өндіру арзандайды. Зиянды түтін шығармайды және қолданылған отынды қайта өңдеп, пайдалануға болады. Ең бастысы, АЭС-ке қажетті отын уранның бізде мол қоры бар. Ал зияны, отынды сақтау қауіпті, әрі шығыны көп. Екіншіден, АЭС-ның құрылысына көп қаржы және өте көп су қоймасы керек. Уран бар деп мақтанғанмен, одан көп қалдықтар қалады. Қалдықтарды сақтау үшін жерасты инфрақұрылымы үйлесім табуға міндетті. Апаттан сақтасын, алайда АЭС-те апат бола қалса, оның алдын алу және радиациясын жою мүмкін емес. Апаттың салдары ұзақ жылдарға баратынын тарих дәлелдеді. Бір Фукусима апатының салдарынан 20 мың адам жоғалып, жарты миллион адам өз үйін тастап қашты. Бір миллионға жуық үй жермен-жексен болған атом станциясының зиянды қалдықтары мұхитқа кетті. Ал, Чернобыльдегі радиацияның әсері әлі күнге дейін өз зардабын тарттырып келеді. Билік Қазақстанға салынатын АЭС-ның қауіпсіздігіне кепіл бермей, халық өз наразылығын қоймайды. Күдік пен үміт ұялатқан АЭС-ның болашағы зор болғанымен, оның көлеңкелі тұстары қоғамды алаңдатпай қоймай отыр.

Сүйкім Аяпбергенқызы

Пікірлер