Күзгі әскер қатарына шақыру: Ақтөбе облысынан мыңнан астам сарбаз борышын өтеуге аттанады

2251
Adyrna.kz Telegram

1 қыркүйектен бастап елімізде 18-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Бұл бағыттағы шаралар барлық өңірлерде ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, биыл жыл соңына дейін Ақтөбе облысынан мыңнан астам сарбаз әскер қатарына алынады. Біз күзгі әскер қатарына шақыру науқаны туралы Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, подполковник Әділет Отарбаевпен сұхбаттасқан едік. 

— 1 қыркүйекте елімізде күзгі әскер қатарына шақыру науқаны басталды. Бұл науқан қай уақытқа дейін созылады? Қанша сарбаз әскер қатарына алынады?

— Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы жылдың ақпан айындағы Жарлығына сәйкес, елімізде 1 қыркүйектен бастап 18-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталды. Бұған дейін көктем айларында біз Ақтбе облысынан 900 сарбазды әскерге аттандырған болатынбыз. Қазір күзгі науқанды бастап кеттік.

Биыл Президенттің тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігі өткен жылдармен салыстырғанда Қарулы күштерге әскерге шақырылушылардың санын кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлаған болатын. Осы орайда биылғы жылдан бастап барлық өңірден әскерге шақырылатындардың саны артып отыр. Оған мысал, біздің өңірден күзгі науқан кезінде мыңнан астам жас Отан алдындағы борышын өтеуге жөнелтіледі. Оның ішінде Қарулы күштерге — 435, шекара қызметіне — 150, Ұлттық ұланға — 390, Төтенше жағдай министрлігіне — 45, мемлекеттік күзет қызметіне онға жуық сарбаз жіберіледі.

Жалпы әскерге 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға құқы жоқ жастар шақырылады. Науқанды ұйымдастыру кезеңінде облыста барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, әскер қатарына шақырылушыларды қабылдайтын облыстық жинақтау пункті Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы ауданында орналасқан. Ол жерде санитарлық нормалардың барлығы сақталған. Пункттегі әскери қызметкерлер, медицина мамандары, әскерге шақырылушылар бетперде, антисептик, басқа да қорғаныш құралдарымен түгел қамтылған.

Жалпы биылғы жылғы науқанның ерекшелігі — өткен жылмен салыстырғанда әскер қатарына жіберілетіндердің саны 120 адамға артық. Бұл жастардың өз уақытында әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуіне, бірқатарының әскери саланы таңдап, болашақта осы салада абыройлы қызмет етуіне ықпал етеді деп ойлаймыз.

Жалпы күзгі науқан аясындағы жұмыстар 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.

— Биыл күзгі мерзімді әскери қызметке сарбаздарды қалай шақырдыңыздар? Олар қай өңірлерге жіберіледі?

— Қазіргідей нарық заманында әскерге шақыру есебінде тұрған 18-27 жастағы жастардың барлығы жұмыс істейтіні белгілі. Сондықтан біз олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына әскерге шақыру қағазын жібереміз. Не болмаса олардың телефондарына 1414 нөмірі арқылы хабарлама қалдырамыз. Өткен жылдан бастап пандемияға байланысты біз азаматтарды әскер қатарына хабарлама жіберу арқылы шақырып жатырмыз.

Негізі департамент қызметкерлері Қорғаныс министрінің №97 бұйрығына сәйкес барлық 18-27 жастағы азаматтарды алдын ала зерделейді. Олар туралы мәліметтерді сұратып, жеке іс қағазын дайындайды. Яғни, науқан басталмай тұрып, біз әскер қатарына шақырылатын азаматтарға іріктеу жүргіземіз. Ал облыстан әскер қатарына алынғандар еліміздің барлық өңіріне жіберіледі. Мәселен, біздің облыстағы №6655, №30238 әскери бөлімдеріне еліміздің оңтүстік, солтүстік аймақтарынан жыл сайын 200-ге жуық сарбаздар келеді. Сол сияқты біздің облыстан барған сарбаздар бірнеше өңірлерге бөлініп, Отан алдындағы борышын өтейді.

Қолданыстағы заңға сәйкес, азаматтарды мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Біздің негізгі міндетіміз — әскери қызметке есепке тұратындарды тіркеу, олардың есебін жүргізу.

Жалпы ережеге сәйкес елімізде әрбір ер азамат 17 жастан бастап біздің әскери есебімізде тұрады. Ал 18-27 жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери шақыру комиссиясының, 27 жастан бастап 45-55 жасқа дейінгілер әскерге міндеттілердің есебінде тұрады. Олардың ішінде солдат-сержанттар, запастағы офицерлер бар.

Қазіргі жастардың әскери өмірге қызығушылығы қалай?

— Бұрын кеңес заманында әскерге бармаған, Отан алдындағы борышын өтемеген жігіттерге жұрт, оның ішінде нәзік жандылар басқаша көзқараспен қарайтын. Мәселен, аға буын өкілдерінің көбі кезінде әскерге сұранып баратын. Содан соң ғана мансап қуып, қызметке орналасатын. Қазір заман да, заң да өзгерді. Сондықтан қазіргі жастар арасында өздері сұранып баратындар аз. Дегенмен әскери өмірге қызығушылық танытатындар баршылық. Мысалы, қазір жастардың 60-70 пайызы әскер қатарына ерікті түрде барады. Әрине, шақыру қағазын алғанымен, бізге келуге асықпайтындар да бар.

Оларға белгіленген мерзімде шақыру пунктіне келмегені үшін мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал заңға сәйкес әскери борышын өтеуден түбегейлі бас тартқан азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 387-бабына сәйкес 1 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни, 3 миллионға жуық теңге айыппұл төлеуге міндетті.

Қазір Ақтөбе облысында 18-27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде жоғары білім алып жүргендерді есептегенде әскерге шақырылуы тиіс 9 мыңдай жас бар. Міне, біз осылардың ішінен іріктеп, денсаулығы, психикасы жақсы, барлық талапқа сай сарбаздарды таңдап аламыз.

Тағы бір айтарым, бүгінгі сарбаз — кешегі оқушы. Сондықтан Отан алдындағы борышты өтеу, оның жауапкершілігін көтеруді кез келген жасқа мектеп қабырғасынан үйретіп, түсіндіру қажет.  Сондай-ақ отбасында да бұл әңгіме айтылуға тиіс. Кез келген ер бала өскен соң Отан алдындағы парызын адал, өжеттікпен өтеуі керектігін білуі қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Данагүл БАЙМҰҚАШ.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер