«Сөзтүзер» – қазақ лингвистикасындағы тың еңбек

2996
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдері сараланып, өзіндік ерекшеліктері айқындалды. Қазақ тілі өнер-білімнің, ғылымның тілі ретінде қоғамның барқажетін өтеп келеді. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде, тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек», – деген еді. Ғалым айтқандай, қазақ тілінің байлығы, әлеуеті, сөздік қоры кез келген шығарманы қазақ тіліне көркем етіп аударуға мүмкіндік береді.

Алайда бүгінгі таңда тілді тұтынушылар арасында қазақ сөздерінің байыбына жете алмай, парқын түсінбестен қолдану етек алып барады. Әсіресе орыс тіліндегі құрылымдарды калька жолымен аударып, қазақ тіліне сіңіргісі келетіндердің қарасы көбейіп келеді. Осыорайда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш арыстарының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, тіліміздегі норманы, тілдік жүйені реттейтін кез келді. Тіл ғылымын, логикалық қисынды негізге алып, орыс тілінің ықпалымен орныққан қате қолданыстардан арылатын кез келді. Тілдегі заңдылықты әркім өзінше, субъективті тұрғыдан шешпей, тіл заңына сүйеніп, реттейтін кез келді. Осыған байланысты «Сөзтүзерді» қоғам сұранысын өтеуге арналған еңбек ретінде бағалауға болады.

Сөздікті құрастырушылар (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық  университетінің белгілі тілші ғалымдары, редактор, аудармашы мамандар) бұқаралық ақпарат құралдарынан мол дәйек жинап, қате қолданыстың пайда болуына әсер еткен факторларды көрсеткен, ғылыми тұрғыдан негіздей отырып, дұрыс нұсқасын ұсынған. Бұл еңбек тілші, журналистерге ғана емес, мұғалімдерге, оқушыларға, студенттерге, қазақша дұрыс сөйлеп, сауатты жазғысы келген әр қазаққа аса пайдалы. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» – деп Абай ақын айтқандай, сөздік қоғамның әрбір мүшесінің қажетін өтей алады. Қазақ тілін енді үйреніп жүрген өзгел ұлт өкілдерімен қатар қазақша еркін сөйлеп жүрген барша әлеумет өз сөзіне мән беріп, қате сөйлемеуге тырысады.

Қазақ лингвистикасында бұрын-соңды мұндай еңбек бола қоймағанын ескерсек, бұл сөздікті осы саладағы алғашқы қарлығашқа балауға болады. «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «сөзімізді түзеу арқылы елімізді серпілтіп, елдігімізді қалпына келтіреміз» деген үміт зор.

Айгүл Ісмақова,

Филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,

Назарбаев университетінің профессоры

Пікірлер