Алакөлдің полицейлері жедел іздестіру шаралары барысында мал ұрлайтын қылмыскерді әшкереледі. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.
Алакөл ауданының полициясына Ақши ауылының тұрғыны жайылымнан екі бас ірі қара малының қолды болғанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мал ұрлығын ашуға бағытталған шараларды қабылдады.
- Аудан тұрғының арызы негізінде жедел іздестіру шараларын жүргіздік. Жан-жақты тексеру барысында 37 жастағы аудан тұрғыны қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Бұлтартпас айғақтар негізінде ұсталған азамат қылмыс жасағанын мойындады. Ұрланған мал заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қуат Оспанов.
Тәртіп сақшылары ұрының аудандағы басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеретін болады. Қылмыстық іс бойынша материалдар жақын арада сотқа жолданып, жеңіл олжаға ие болғысы келген азамат заң алдында жауап береді.