Шымкентте 60 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналды

341

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековті қабылдап, алты айда атқарған жұмыстарының есебін тыңдады. Басқарма басшысы өз баяндамасында Шымкент қаласында 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 17,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3095 млн. теңгеге артқанын айтты. Нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрағанын жеткізді.

Биылғы жылы 29,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілген.  Оның ішінде  дәнді дақыл 12,9 мың гектарға, майлы дақыл 3,8 мың га, мал азығы 8,9 мың га, көкөніс пен бақша 3 мың га, картоп  0,7 мың гектарға егілген екен. Нәтижесінде 11,2 мың тонна дәнді дақыл, 0,8 мың тонна майлы дақыл, 33,2 мың тонна көкөніс, 3,1 мың тонна картоп, 12 мың тонна мал азықтық дақылдар яғни барлығы 60,3 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған. Өз кезінде қала әкімі нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту қажет екенін айтты. Есепті жиын соңында Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы саласына берілетін қолдауларды тиімді пайдалана отырып, қызушылық танытқан шаруалардың жобаларын жүзеге асыруда белсенділік танытуды тапсырды.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДА14 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласында ауыл шаруашылық саласында биыл құны 9 млрд. теңгеге 1500 жұмыс орнымен 25 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде жылы жай салу, 241 гектар қарқынды бау, көкөністі қайта өңдейтін зауыт, құс фермаларының қуаттылығын арттыру, мал бордақылайтын орын мен сүт фермасы және балық шаруашылығын дамыту қолға алынды. Бүгінге құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, нәтижесінде 208 жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар жылдың соңына дейін ашылатын болады. Нәтижесінде жалпы өнімнің көлемі  37 млрд. теңгені құрап, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда  3 млн теңгеге жетеді. Өсімі 108,5% құрайды.

ШЫМКЕНТТЕ АЛТЫ АЙДА 77 МИЛЛИОН ДАНА ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРІЛДІ

Шымкент қаласында биылғы жылдың алты айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 17,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан. Осы уақыт ішінде 8,7  мың тоннадан астам ет, 26,3 тонна сүт және 77,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді.Есепті кезеңде ірі қара мал саны 82,8 мың басты,  қой мен ешкі саны 113 мың басты,  жылқы 14,8 мың басты, құс 975,6 мың басты құрап отыр.

 

Ә. Дәулетбекқызы

Пікірлер
Редакция таңдауы