Ақтауда мектеп оқушыларын тоқ соққан

4853
Adyrna.kz Telegram

Ақтаудағы орта мектептердің бірінде баспалдақтан түсіп келе жатқан оқушыларды тоқ соққан деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы  "InAktau.kz" порталына сілтеме жасап. 

Оқыс оқиға 4 қыркүйекте болған. Екі 5-сыныптың оқушылары қол ұстасып, баспалдақтан түсіп келе жатқан. Балалардың бірі баспалдақтың тұтқасынан ұстаған сәтте оларды тоқ соққан. Мектеп директорының айтуынша, тоқ қуаты қатты болмаған.

"Үстіне синтетикалық киім кигенде немесе көліктің есіктің ұстаған кезде тоқ соғады ғой, міне, сондай жағдай орын алған. Балалар қорқып кетіп, кезекші мұғалімге айтқан. Біз дереу оқиға болған жерге бардық", – дейді мектеп директоры Зарета Фаталиева.

Оның сөзінше, баспалдақтағы тоқ қуатын тексеру үшін арнайы маман да шақыртылған. Қазіргі таңда балалардың бұл баспалдақ өткелімен жүруі шектеліпті.

Зардап шеккен балаларды ауруханаға алып барған. Бір сағат дәрігер бақылауынан кейін олар үйлерінен қайтарылыпты. Ақ халаттылар оқушылардың денсаулығына зиян келмегенін жеткізіпті.

Ал электрик мамандардың сөзінше, тоқ жарық шамдарынан соғуы мүмкін. Алдағы уақытта ұқсас жағдай қайталанбас үшін баспалдақтағы жарық шамдары алыныпты.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер