Маңғыстаулық түлек New York университетінде тегін оқитын болды

4115
Adyrna.kz Telegram
Маңғыстау облысы Тұщықұдық ауылының тұрғыны Дариға Болатбай Абу-Дабидегі New York университетінің тегін білім грантын жеңіп алды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Дариға Болатбай алғашында Тұщықұдық ауылындағы С.Жаңғабылов мектебінде оқыған. Кейін Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік білім ордасына түсіп, биыл 12 сыныпты үздік аяқтаған. Орыс, ағылшын тілдерін терең меңгере отырып, мектептің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытқан дарынды қыз биыл Абу-Дабидегі New York университетінде оқуға грант жеңіп алыпты.
— ТМД бойынша ең танымал оқу орындарының бірі саналатын университет туралы 10-сынып оқып жүргенде естідім. Абу-Дабидегі New York университеті АҚШ-тағы New York зерттеу университетінің бір бөлімі екен. Шынымды айтсам, шет мемлекетке оқуға түсемін деп мүлдем ойламадым. Дегенмен бағымды сынап көрдім. Мұндағы ең басты талап — эссе жазу. Бірі өмірбаяныңды, енді екіншісі «Сен неге осы университетті тандайсың?» деген тақырыпта болды. Сол эссе менің грантқа түсуіме көп әсер етті. Карантин уақытындағы қиындыққа қарамастан, онлайн тілдесу сұхбатынан да сәтті өттім. Бірнеше күннен кейін оқуға шақырту келді, - дейді Дариға Болатбай.
Айта кету керек, аталған оқу орнында әлем бойынша ағылшын тілін жетік білетін студенттердің 4 пайызы ғана оқуға жолдама алады екен. Биыл 100 мыңнан астам оқушы құжат тапсырған болса, соның 500-і оқуға қабылданған.
—7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түстім. Бастапқыда орыс, ағылшын тілін мүлдем білмедім. Ағылшын тілін меңгертетін курстарға қатыспай-ақ өз бетімше үйренуге бел будым. Мектеп өміріне белсенді араласып, ғылыми жобаларға қатыса бастадым. Әр облыста өтетін білім сайыстарына барып, Франциядағы халықаралық ғылыми жобаға жолдама алдым. Білімнің тасын қалаған Тұщықұдық ауылымдағы С.Жаңғабылов мектебі болса, Назарбаев мектебі арманыңа қол жеткізу өз қолыңда екенін үйретті, — дейді дарынды түлек.
Осылайша Елбасы медалінің қола, республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, биыл «Жыл оқушысы-2021» аталымын иеленген Дариға Болатбай енді Абу-Дабиде білім алатын болады.
Болашақта ол білікті дәрігер атанып, қазақ елінің медицина саласына тың жаңалық әкелуді армандайды. Жас дарынға біз де зор жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер