Азық-түлікке ақшамызды әзер жеткіземіз – саудагер

3910
Adyrna.kz Telegram

Арбадаға дорба, дорбадағы тауар. Ауыл-аймақтан көзіміз шалып жүрген саудагер апаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, саудадағы табыс көзі көбімізге қызық. Өзінің күнделікті табысын арбасына ала дорбасын тиеп, ауыл-ауылды аралап, сауда-саттықпен тауып жүрген Рая апамыздың жай-күйін "Адырна" тілшісі сұрап білді. 

- Рая апа, бұл кәсіппен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Менің сауда-саттықпен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Бастапқыда іш киім, нәски сынды дүниелерді ғана сататынмын. Бәлкім біздің бағамыз халықтың жағдайына сәйкес келе ме, әйтеуір арзан болған соң өзге де тауарларға сұраныс көбейді. Ауылдағы аналар үй шаруасымен көп жерлерге, базар аралауға шыға алмайды. Қора-жайдың шаруасымен қолдары да тимейтін шығар. Сол біздің саудамызды келіншектер жүргезіп отыр ғой.

- Тауарларыңызды қай жақтан алдырасыз?

- Мендегі киім-кешектің көбі Өзбекстан мен Бішкектің өнімдері. Өз еліме Өзбекстанға барғанымда тауарлар алып қоямын. Кейін осы елге келгенімде сатуға тырысамын. Кез келген саудагер сынды мен де өз заттарымның сатылып кеткенін қалаймын. Бірақ амал нешік. Қазір бұрынғыдай емес. Көбі алмайды.

- Күнделікті табысыңыз қанша?

- Кей кісілер бір ашқанымда 3-4 мың теңгеге сауда жасайды. Біреулер бір-екі нәски алып қана қояды. Шынымды айтсам әртүрлі. Бірақ біздің де тауарды алатынымыз бар, шекарадан өтетініміз бар, жолымыздың ақшасы бар. Бала-шағаға жетерлік, шүкір дейміз. Алайда, тапқан ақшамызды азық-түлікке әрең жеткіземіз.

-Карантин кезінде саудаңыз қалай жүрді? Елдің бәрі үйінде, халық ешқайда шықпай-ақ киім-кешекті сізден алды ма?

-Қайдағы, қызым ау. Біз де қарапайым жандармыз. Бізге де жан керек. Карантинде заңға бағынып біз де үйде отырдық. Шекара жабық, тауар жоқ. Тауар болмаса, сауда болмаса қайдан табыс болсын.

-Саудаңыз жүрсін, апа! Жауаптарыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер