Елімізде тұратын этностар арасында қазақтілді жастар саны артуда

2671
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұқбаты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Ербол Шауеновпен болды.

ҚХА Қоғамдық келісім кеңесін құруға қандай қажеттілік болды?​

– 2013 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты XX сессиясында Елбасы халықтың барлық жіктерінің Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне 2013 жылдың соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру тапсырылды.

Нәтижесінде этномәдени бірлестіктер қызметінің тәжірибесін жинақтап, сондай-ақ еңбек ұжымдарының жұмысын қарап, барлық күш-жігер мен мүмкіндіктерді бірыңғай құрылымға біріктіру туралы шешім қабылданып, ҚХА құрылымы ретінде қоғамдық келісім кеңестері құрылды.

Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі міндеттері: ортақ мүдделерді іздестіре отырып, сындарлы пікірталас алаңын қамтамасыз ету; әртүрлі әлеуметтік топтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени бірлестіктерді қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру процесіне тарту; талқылауға қатысушылардың ұстанымдарын қорытындылау; әлеуметтік шиеленістің алдын алу болып табылады.

Биыл ұлтаралық достықты нығайту мақсатында қандай шаралар ұйымдастырылды?

​–Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында барлық өңірлерде ҚХА қоғамдық құрылымдары «Алғыс айту күні», саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым - өткен тағзым-«болашақ үшін естелік» халықаралық жобасы, республикалық Аналар кеңесінің отырысы, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен семинар-тренингтер: «Қазақстан жастарын тәрбиелеудің этномәдени дәстүрлері», «Қоғамдық келісімді нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі», «Медиация этносаралық қатынастарды үйлестіру құралы ретінде» және тағы басқа іс-шаралар өткізілді.
​Сондай-ақ, ҚХА қоғамдық құрылымдары Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін қайырымдылық акцияларына белсенді қатысады.

ҚХА жұмысын мемлекеттік тілде жүргізу қалай жүзеге асып жатыр?

– Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді үйрету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде және осы бағытта түрлі жобаларды жүзеге асыруда, жыл сайын «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы өткізілуде, әлеуметтік желілерде, «YouTube» видеохостингінде қазақ тілін оқыту бойынша түрлі курстар өткізілуде.

Жыл сайын Қазақстанда тұратын этностар арасында қазақтілді жастар саны артып келеді.
Ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру, дамыту, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру – қазақстандық қоғамда табысты дамудың, бірлік пен келісімді сақтаудың негізі болып табылады.

Өзге этностардың мемлекеттік тілді білу деңгейі қандай? Олардың ана тілімізді меңгеруіне қаншалықты мән берілуде?

— Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруда. Ассамблея қоғамдық құрылымдардың кең желісіне ие болғандықтан, оның жобалары халықтың барлық топтарын қамтиды, осылайша азаматтардың мемлекеттік тілді дамытуға қатысуын қамтамасыз етеді.

Ассамблеяның «Мың бала» жобасы - балаларды, этнос өкілдерін мемлекеттік тілге оқытуға, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», әлеуметтік желілерде, «YouTube» видеохостингінде қазақ тілін оқыту курстары мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және дамытуға ықпал етеді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының әріптесі «МӘМІЛЕ» Қоғамдық қорының бастамасымен Қазақстан Республикасының облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы ҚХА Достық үйлерінде қазақ тілінде пікір алмасу клубтары (барлығы 18 клуб) және өңірлердің Достық үйлері жанындағы жексенбілік мектептері жұмыс істейді.

Жұмыстарыңызға коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин қалай әсер етті?

– 2020 жылғы наурызда төтенше жағдайдың жариялануына байланысты коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында көптеген іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылды.
Карантин жағдайында тұрғындар арасында карантин режимі мен медициналық ұсыныстарды сақтау бойынша сауатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды болды. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларға арналған бетперделер, дәрі-дәрмектер, азық-түлік себеттерін тігу және тарату бойынша қайырымдылық акцияларын ҚХА еріктілерінің көмегімен ұйымдастырылды. Осы бағыт шеңберінде барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының, республикалық этномәдени бірлестік өкілдері #Біз біргеміз, #Бетперде тақ, #Үйде бол # акцияларына белсенді қатысты.

Жауаптарыңызға рақмет!

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер