Қазіргі таңда қолға қару алып соғысу ескірген әдістердің қатарына жатқызылды. Өзге идеологияны азаматтарға сіңіру үшін де бұрынғыдай ел ішіне сіңіп, үгіт-насихат жасаудың да қажеті жоқ. Тіпті біреуді қашықтан отырып-ақ өлімге, қылмысқа, террорлық әрекеттерге итермелеуге болады. Осы теріс әрекеттердің барлығы дерлік бүгінде ғаламтордың көмегімен жүзеге асып жатыр. ХХІ ғасырдың басында дүниежүзілік интернет желісі экстремистік және террористік ұйымдардың ақпараттық қызметінің негізгі алаңына айналды. Мәселен, әлемде интернет желісін пайдаланушылардың жалпы саны – 4,54 млрд адам болатын болса, Қазақстан аумағында – 17,5 млн адамды құрайды. Осыдан-ақ экстермистік топтардың үлкен мүмкіндіктерге ие екендігін байқауға болады.
Бүгінде діни экстремизм мен терроризм – әлемдік дертке айналған ең күрделі проблемалардың бірі. Радикалды идеялардың дамуының жаңа кезеңінің бастауы экстремистік топтардың үгіт-насихат жұмыстарының киберкеңістікке ауысу болып отыр. Сондай-ақ радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы отандастарымызды өз қатарларына тарту фактілері көптеп кездесуде.
Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы ғаламтор кеңістігі мен заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілерін пайдалана отырып, ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы қоғам санасына енуде. Біршама социологиялық статистикалардың нәтижелеріне сүйенсек, жастардың 70 %-ға жуығы өздерінің алғашқы діни сауаттарын әлеуметтік желі арқылы алатыны анықталған. Деструктивті діни ағымның жетегіне кететіндердің 88%-на осы әлеуметтік желі тікелей әсер етіп отыр.
Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды қатарына тарту үшін барлық қол жетімді мүмкіндіктер қолданылады: әлеуметтік желілер, тақырыптық форумдар, мессенджерлер, онлайн ойындар және өзге де жастарды қызықтыратын бағдарламалар. Жарияланатын ақпарат белгілі бір мақсатты аудитория (жабық чаттар және әлеуметтік желілердегі топтар), сондай-ақ пайдаланушылардың кең ауқымы үшін дайындалады. Онлайн кеңістігіне көшуге байланысты экстремистік мазмұндағы ақпараттық-насихаттық материалдардың жарияланатын контентінің сапасы мен санының артуы байқалады.
Соңғы он жыл көлемінде әлемдегі терроризм мен экстремизм қаупінің бейнесі танымастай өзгерістерге ұшырады, оған бірден бір себеп ғаламтор желісі мен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы. Бүгінде терактілік оқиғаларды немесе басқа да әлемде болып жатқан жаңалықтарды ресми БАҚ-тан гөрі, әлеуметтік желі тұтынушыға тез жеткізіп береді.
Қазақстанда орын алған лаңкестік актілерді талдаудың нәтижесі бойынша, лаңкестердің 55% - 29 жасқа дейінгі жастар, 35% - 30-39 жас аралығындағылар болса, ал 10% - 40 жастан асқан адамдар екені анықталған.
Деструктивті діни ағымдар өздерінің аудио-видеожазбаларын, лекциялары мен кітаптарын әлеуметтік желілерге белсенді түрде жариялап, жастардың саналарын оңай жаулауда. Шырмауықша шұбатылған әлеуметтік желінің қазір түр-түрі бар. «ВКонтакте», «Facebook», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok», «Одноклассники», «Tapatalk» секілді әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын адам жоқтың қасы. Әсіресе жастардың 70-80% пайызы интернетте отырады.
Қатарында желілер арқылы діни сауат ашып, артынша деструктивті діни ағымға еріп кететіндер қатары азаймай тұр. Бірақ шырпы жақсаң тұтануға шақ тұрған қазіргі қоғамда әлеуметтік желілерде желдей ескен түрлі деструктивті ағымдардың астыртын үгіт-насихат жұмысы қарқын алып, діни экстремистік идеялардың қоғамымызда тарай бастағаны жасырын емес. Әсіресе, жасөспірімдер арасында танымал болған «Tiktok» әлеуметтік желісінде өз насихаттарын жүргізуде.
Осы орайда, ата-аналардан балаларыңызды бақылауда ұстап, әлеуметтік желіде қандай топтарға тіркелгенін тексергені дұрыс. Психологтардың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер адамның жеке мәліметтеріне, қызығушылықтарына толық қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл жағдай деструктивті діни ағымдардың болашақ жақтаушыларын тарту процесін жеңілдетіп отыр. Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат алудың қайнар көзі. Солардың ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ең бастысы әлеуметтік желіге салқынқанды, сауатты қараған дұрыс. Әрбір ақпаратты ресми сайттармен салыстырып, өзгемен бөлісу алдымен өзіңіз үшін пайдалы. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтанумыз керек.
Нұрлан ТӘШІМ-ТЕГІ,
Қызылорда облысының дін істері басқармасы
дін мәселелерін зерттеу орталығының
бөлім басшысы