Абаев жолдауда айтылған бейбіт атом бастамасының мәнін түсіндірді

2320
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог 2» сұхбатының кезекті санында Президент Жолдауында айтылған бейбіт атом бастамасының мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент қауіпсіз әрі экологиялық атом энергетикасын дамытудың мүмкіндігін зерделеуді міндет етіп қойды. Дәл қазір тек зерделеу мәселесі ғана тұр. Ешкім қазір және дәл осы жерде шешім қабылда деп отырған жоқ. Екінші жағынан келсек, бәріміз энергиямен жабдықтау саласында проблема бар екенін және оның жыл сайын артып келе жатқанын түсінуіміз керек.

Неге? Өйткені елдің экономикасы, халқының саны өсіп келеді. Сондықтан энергиямен жабдықтау мәселесі жыл сайын өзекті бола түседі», - деген Дәурен Абаев энергиямен жабдықтау саласындағы проблемалардың алғышарттары қазірдің өзінде сезіле бастағанын атады.

«Бұған ешкімнің дауы жоқ шығар және бәрі түсініп отырған да шығар. Өйткені өздері де осы мәселемен бетпе-бет келіп жатады. Жылыту маусымдары бұл мәселенің бар екенін көрсетіп отыр.

Мысалы, бір өңірде көмір тапшылығы пайда болса, келесі өңірде бағасы шарықтап жатады. Тағы бір өңірде электр үзіле береді деген сияқты.

Жаңа ғана айтқанымдай, тұтыну көлемі өскен сайын бұл мәселені зерделемей болмайды. Ол мәселені шешудің бір жолы – бейбіт атом. Президент сондықтан осы мәселені пысықтауды тапсырды», - деді Президет әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Пікірлер