Биыл құтқарушылар 10 алматылықты ажалдан арашалап қалды

1447
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылы Алматы қаласында суға шомылу маусымы кезінде құтқарушылар 10 адамды (оның ішінде 4-еуі — бала) құтқарып қалды. Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, подполковник Исхар Савазовтың айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады.

Исхар Савазов соңғы үш жылда қала аумағында 64 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылғанын айтады. Ол қазір температураның төмендеуіне байланысты суға шомылу аса қауіпті екенін атап өтті.

— Адам ағзасының салқындауы суда жазатайым оқиғаларға, сіңірдің тартылуына алып соғуы мүмкін, — дейді азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы.

Подполковник 23 тамызда Сайран көлінде болған оқиғаны келтірді. Бұл күні құтқарушылар шомылу кезінде құрысулар басталып, батып бара жатқан 14 жастағы жасөспірімді құтқарған. Айта кетерлігі, оқиға Алматыда шомылуға рұқсат етілген жерде болғандықтан, құтқарушылар жедел көмекке келген.

Басқа жүзу орындары "бейімделмеген және жабайы жағажайларға" жатады. Биыл маусым айының басында осындай жерлерге құтқарушылар 66 тыйым салу белгісін орнатқан.

И.Савазовтың айтуынша, құтқарушылар жергілікті полиция қызметкерлері, ҚР Ұлттық Ұланы №5571 әскери бөлімінің, "Қызыл Жарты Ай" қоғамының, еріктілер ұйымының әскери қызметшілерімен бірлесіп, "Lider.kz" күн сайын су айдындарында бірлескен рейдтер өткізеді.

Жағажайға заңды өкілдерсіз келетін балалармен олар профилактикалық әңгімелер жүргізеді, ересектерсіз жүзудің қауіптілігін түсіндіреді. Подполковник балаларды қараусыз қалдырмау, су жанында қараусыз ойнауға жол бермеу, спирттік ішімдік ішпеу жайында айтып өтті.

Құтқарушылар демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Осы маусымда 800-ден астам бірлескен рейд өткізіліп, іс-шаралар барысында "судағы қауіпсіздік" тақырыбы туралы 7800-ден астам жазба таратылды.

— Осындай патрульдердің арқасында қоғамдық орында ішімдік ішкен 34 ереже бұзушы анықталды. Барлық тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 495 890 теңгені құрайды. Белгіленбеген орында суға түскені үшін 364-бап бойынша "ортақ су пайдалану ережелерін бұзу" бойынша 7 адам жауапқа тартылды. Тәртіп бұзушыларға қатысты ескерту шарасы қолданылды, - дейді И.Савазов.

Айта кетерлігі, бүгінде қала құтқарушылары үшін ең үлкен мәселе  —"жабайы" жағажайлар. Себебі мұндай жерлерде адамдардың қауіпсіздігі үшін  ешқандай жағдай жасалмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің подполковнигі Алматы тұрғындары мен қонақтарын қалқандар мен қоршаулар белгісінің артында жағадан алыс жүзбеуге, рұқсат етілген жерде ғана шомылуға шақырады.

— Егер сіз жүзе алмайтын болсаңыз, рұқсат етілген жерде шомылсаңыз да, белден жоғары суға кірмеңіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, шомылу кезінде бір-біріне қараңыз. Қайықтардан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеңіз, ұзақ уақыт жүзбеңіз, тоңып және шаршап қалуыңыз мүмкін. Сондай-ақ, түнгі уақытта және мас күйде шомылу қауіпті, - деп атап өтті И. Савазов.

Оның айтуынша, биыл алматылық құтқарушылар "Дельфин" спорт кешенінің бассейніндегі "Жанұя" мамандандырылған кешенінің тәрбиелеушілеріне сабақ өткізген. Сонымен қатар спорттық дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат базасында Қ.Ахметова «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы қоғамдық қорының тәрбиеленушілеріне жүзу сабағын ұйымдастырған.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, "Спорттық Алматы" бағдарламасы аясында қаланың спорт басқармасы Төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, "Медина", "Aqua stars" бассейндері базасында шомылу маусымы басталғаннан бері балаларды жүзуге үйреткен. Биылғы шомылу маусымы кезеңінде барлығы 2 100 адамды оқыту жоспарланған.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер