Қорғанысымыз құрыштай ма?

4183
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі ел тәуелсіздігі мен тыныштығына кепілдік болатын маңызды орган. Оның атқарған әрбір жұмысы мен қабылдаған шешімі мемлекетіміздің болашағына тікелей әсер етеді. ҚР Қорғаныс министрлігі Елбасы жарлығымен 1992 жылы 7 мамырда құрылған болатын. Енді ғана аяқ басқан елге сенімді әскери қауіпсіздік жүйесін құру маңызды еді. Жоғары бас қолбасшылықты Н.Ә.Назарбаев өз қолына алды, тұңғыш қорғаныс министріне Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалған болатын. Кеңес Одағының қалдығынан құралған министрлік жаңашылдықты, ел қорғаны болар әскери-техникалар  жөндеуді қажет етіп тұрған еді. 2000 жылы жасалған есеп бойынша Спаск әскери базасында 1515 танкнің 34-і ғана іске жарамды болғаны нақты дерек. 1999 жылдан бастап қана Қарулы Күштерді жасақтауда реформалар жасала бастады. Тәуелсіз мемлекетіміз алғашқы тынысын алған сәттен бері төрт доктрина қабылданыпты, барлығы ұлт қауіпсіздігіне арналған. Үкіметтің 2001 жылғы 16 тамыздағы қаулысына сәйкес жаңа ереже бекітілді. Ереже бойынша министрлік қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты және ҚР Қарулы күштерін басқаратын орган болып бекітілді. Министрліктің негізгі міндеті: мемлекеттің әскери саясатына ұсыныстар әзірлеуге қатысу; ҚР әскери бюджетінің жобасы жөнінде ұсыныстар әзірлеу; әскери-саяси жағдайға баға беру, ҚР қауіпсіздігіне төнетін ықтимал қатердің сипаты мен дәрежесін айқындау; әскери-техникалық және әскери-экономикалық саясатты жүргізуде Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеуге қатысу; Қарулы күштердегі мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету; қарулы шабуылды болдырмау; әскери қызметкерлердің, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қару-жарақ және басқа да материалдардың қорларын жинақтау мен орналастыру және т.с.с. Айта берсек толып жатыр, бұл министрліктің мойынына ілген жүгі ауыр. Үкіметтің 2002 жылы 14 маусымдағы жарлығы бойынша «ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы» құрылды.

Елбасының 2003 жылғы 7 мамырдағы жарлығымен ҚР қарулы күштерінің құрылымы бекітілді. Министрлік бірнеше органдарға бөлініп, әр органның нақты атқаратын міндеті шешілді. 2009 жылдың қортындысы бойынша Қазақстан қорғаныс мәселесінде ТМД елдері арасында үздік үштікке енген екен.

Қазақстан қазірде көптеген елдермен әскери байланысын нығайтқан. Оған дәлел бірлескен жаттығу ойындары, әскери жарыстар мен бірлескен операциялар. Қазақстан Қарулы күштері ТМД шекарасын қорғауға ат салысқан екен. Сонымен қатар тәжік-ауған шекарасын қорғауға 9500-ден астам сарбаз қатысқан. 2005-2008 жылдары «Қазбат» батальоны Ирак жерін минадан тазартуда алғашқылардың бірі болып қол созған еді. БҰҰ-мен бірлескен бітімгерлік миссияларына қатысу жыл сайын өткізіліп жатыр.

Оқу-жаттығулары әскерді шыңдауға, жылдам шешім қабылдауға, әрекет етуге тәрбиелеуде таптырмас практикалық сабақ. Қазақстан әскері өз ішіндегі оқу-жаттығуларынан бөлек, бірлескен  оқу-жаттығуларын өткізіп отырады. Ол елдердің тізімінде Ресей, Индия, Пәкістан және көптеген елдер бар. Мысалы, «Мызғымас бауырластық – 2016» жиынында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдері бой көрсетті. Ал 2017 жылы болса Қазақстан мен АҚШ-тың әскери инженерлері бірлескен жаттығулар өткізді. Үндістанда 2019 жылы «ҚазИнд» бірлескен оқу-жаттығулары өтті. Сонымен қатар жыл сайын «Бейбіт миссия» секілді жаттығулар мен әскери маневрлар өтіп тұрады.

Қазақстан қорғаныс саласы бойынша халықаралық байланыстарға ашық. Бейбіт саясат ұстанып келе жатыр. Жасалынып жатқан іс-шаралар мен жиындарда белсенді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 2016 жылы «KADEX-2016» Халықаралық қару-жарақ көрмесі өткен болатын. Көрменің аумағы 90000 шаршы метрді құраған. Шет мемлекеттерден 40 делегация, әскери техника шығаратын 350 компания қатысты. Осы көрмеде алғаш рет Қазақстанда құрастырылған «Арлан» атты брондалған машина мен «Барыс» бронды транспортері, жаңартылған T-72A танктері секілді техникалар көрсетілді. Осы шара аясында «Қазтехнологиялар» компаниясы патрон зауытының өнімдерін жеткізу жайлы БАӘ, Ұлыбритания, Болгариямен үш меморандумға қол қойған еді. Сондай-ақ, Әскери-теңіз күштеріне арналған зымыран-артиллериялық корабльді сатып алу жөнінде «Диарсан» түрік компаниясымен келісімшарт жасалды. Және осы 2016 жылы Қарағанды облысында «Алтын үкі» мергендер жарысы өткен еді, онда әлемнің 7 елінен 19 мергендер командасы бақ сынасқан. Ал 2015 жылы дәл осы сайыста Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері алтын кубокты иеленген. Осы секілді жыл сайын өтетін халықаралық әскери ойындарда Қазақстан алдыңғы орындарды қанжығасына байлаумен келеді. Мысалы, «Авиадартс», «Армия», «Дүниежүзілік әскери қысқы ойындар», «Теңіз кубогы» секілді ойындардан әскеріміз алда. Өткен жылдары Қазақстан Оңтүстік Азия, Туркия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Малайзия елдерімен әскери ынтымақтастығын жетілдірумен айналысты.

Қазір Қазақстан қарулы күштері Ресей, Беларусь, Түркия, Оңтүстік Африка, Израиль, Қытай, АҚШ, Франция секілді елдердің техникаларын қолданып жүр. Деректер Қарулы Күштерімізді заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету ойдағыдай іске асқанын көрсетеді. Зымырандық және артиллериялық кемелер, пилотсыз барлау аппараттары және оларға қарсы тұратын құрылғылар, байланыс құралдары, оптикалық қарау құрылғылары, автомобильдер және түрлі қару-жарақтар Қазақстан әскеріне тиесілі. Жалпы қару-жарақпен, техникамен әскерді қамтамасыз ете отырып, қорғанысымызды еселетеміз. Қазақстан 2016 жылы Ресейден төрт Ми-35 тікұшағын сатып алған болатын. Мұндай толықтырулар бюджетке қарай жыл сайын болып отырады. Ал өткен жылы 370-тен астам  әскери техника сатып алынған, 200-ден астамы жөндеуден өткен. Ұшақтар, дрондар, радиолокациялық станциялар және т.б замауи техникалар алынған.  2021 жылы Қазақстанның әуе күштері L-39 ұшақтарымен толықты. Биылғы жылғы ҚР Қарулы Күштерінің бюджеті 315,4 млрд теңгені құрайды, бұл қару-жарақты жабдықтау, әскерді тамақтандыру секілді шығындарға арналған. Қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп, биыл министрлікте жиын өтті. Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың басшылығымен өткен жиналыста Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайту мәселесі, тағы да басқа өзекті тақырыптар қозғалды. Отырыстың қортындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірленді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қазақстан әскерін цифрландыру да жүріп жатыр. Бұл әрине, бүгінгі төртінші индустриялық революция заманында маңызды әрі жүзеге асуы міндетті құбылыс.

Және 2017 жылдың желтоқсан айында Қарағандыда алғашқы патрон зауыты ашылған болатын. Бұл зауыттың жылына отыз миллион оқ-дәрі шығаратын қауқары бар. Зауыт Қазақстанның Қарулы күштері мен өзге де әскери орындарды патрондармен қамтамасыз етіп отыр.

Қазақстан биылғы жылдың деректері бойынша әлем елдері арасында әскери қуаттылық категориясы бойынша 62-орында. Материалдық-техникалық әлеуеті жағынан Қазақстанда 238 ұшақ, 300 танк, 1200 бронотехника, 5 порт және сауда терминалы, 124 сауда флоты, 96 әуежай, 80 жойғыш ұшақ, 75 тікұшақ бар. Рейтингке тиесілі дерек бойынша, елімізде 167 мың әскери қызметкер бар.

Ауған Республикасында шиеленіскен ахуалға байланысты Қарулы күштерде қырағылықты күшейту туралы шешім қабылданған болатын. Бүкіл ел назары Ислам мемлекетінде болғанда, ойда жоқта Жамбылдағы жарылысқа тап болдық. Арыс қаласы мен Жамбыл облысында болған жарыдыстарға қарап, қорғаныс мәселесінде олқылықтардың бар екендігін байқаймыз. Арыс қаласында болған жарылыста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің жұмысын сынға алып, Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялаған еді. Алайда екі жыл өткенде оқиға тағы да қайталанып отыр. Ал 29 тамыз аза тұту күні болып жарияланды.

2020 жылы елді-мекендерге тақау қоймалардан 20 мың тоннадан аса оқ-дәрі шығарылып, елдегі барлық қоймаларда қатаң тексеру жүргізілген болатын. Және бар нысандарда қауіпсіздікті күшейту ұсынылған екен. Өкінішке орай, бұл шаралар жеткіліксіз болған секілді. Министр отставкаға кететінін мәлімдегенін естеріңізге сала кетейік. Алайда, мұнымен мәселе шешіледі ме?

 

Әбләзімова Маржан

Пікірлер