Қазақстандағы татулық моделі: Ерекше саясат

2559
Adyrna.kz Telegram

Адамзат тарихындағы екі қақтығысты тоқтату саясаттану ғылымы бойынша өте қиын, тіпті мүмкін емес. Ол діни негіздегі және этникалық қайшылықтар бойынша туындаған қақтығыстар. Өкінішке орай аталмыш қақтығыстарды шешу көп жағдайда мүмкін болмай, оның тарихы ғасырларға созылып, қайғылы оқиғаларға арқау болып жатады. Бұған мысалдар адамзат тарихында өте көп. Мысалы алыс тарихтың қойнауын шарламай-ақ таяқ тастам жердегі Таяу Шығыс елдеріне қарасақ, діни принцип бойынша соғысқан мемлекеттердің қанды қырғыны кемі қырық жылдан асып кетті. Ал Еуропадағы этникалық қақтығыстар тұтас мемлекеттердің құлауына әкелді. Мысалы бұрынғы Югославияның ыдырауы қиян-кескі соғыспен жалғасты. Бұл посткеңестік мемлекеттер білуі тиіс, сабақ алуы қажет оқиға болатын. Алайда КСРО-дан шыққан 15 мемлекеттің ішінде қоғамдық келісім мен татулықты сақтау санаулы елдің ғана қолынан келді. Соның бірі Қазақстан болатын.

Көршілес елдерде де этникалық жанжалдар болып, мыңдаған адамдар қырылып жатты. Қырғызстандағы Ош оқиғасы мен Өзбекстандағы түрік-месхетин ұлтының қайғылы тарихын бір еске алсақ, соның өзі жеткілікті. Қазақстан бұл қақтығыстардан сабақ алып, 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Халықтары Ассамблеясын құрды. Бұл уақыт талап еткен қоғамдық қатынасты реттеу институты болатын. КСРО-ның басып-жаншу саясатынан сан түрлі ұлт Қазақ жеріне күштеп қоныс аударылды, айдалды, депортацияланды. Олардың өз мәдениеті мен ерекшеліктері бар. Қазақстан бұл ұлттардың қоғамда алатын орны мен рөлін ескере отырып, ерекше модельді жасады. Ол барлық ұлттың үнін, мұңын тыңдайтын арнайы институт. Оларға қоғамда өз рөлін сезініп, ел дамуына үлес қосу үшін арнайы Парламенттен орын берілді. Бұл демократиялық құндылықтарға да, адамгершілік заңына да сай қадам еді. Соның арқасында Қазақстан ірі этникалық қақтығыстардың алдын ала білді. Өйткені Кеңестік жүйе еліміздің әр аймағына әр түрлі ұлттардың тығыз топтастырып, болашақта жарылуы мүмкін этникалық бома тастап кетті. Бірақ Қазақстан ол бомбаны залалсыздандыра білді. Білікті саясат пен терең пайым арқасында.

Қазақстандағы халықтардың татулығын сақтауды алғашқы президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басты орынға қойды. Себебі этникалық қақтығыс мемлекетті шайқалтып, елді тұтас құрдымға жіберетінін жақсы түсінді. Осы мақсатта қоғамдық келісімді қалпына келтірудің моделін жасақтап шықты. Модель былай құрылды:
- Этникалық, конфессиялық, мәдени және тілдік әртүрлілік.
- Қазақстандағы этностар мәдениеті мен тілдерінің дамуы үшін барлық жағдай жасау.
- Төзімділік пен жауапкершілік.
- Қазақ халқының шоғырландырушы рөлі.
- Қазақстан халқының бірлігі.

Расымен де бұл ерекшеліктер толық сақталды деуге негіз бар. Оның ішінде еліміздегі ұлттардың тілі мен мәдениетін, дәстүрін сақтауға жағдай жасалуда. Арнайы мектептер ашылып, газеттер шығарылып тұрады. Әр ұлттың діни және ұлттық мерекелерін тойлауға еш қысым мен тыйым жоқ. Ұлттардың бір-біріне деген төзімділігі мен жауапкершілігін де арттыру үшін арнайы жұмыстар жасалып келеді. Қазақстан ұлттық келісім мен татулықты жоғары бағалайды және ұлттық келісім бойынша жасалған негізгі құндылықтарды қолдайды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер