Қарағанды облысында оқушылар саны 5 мыңға артты

3189
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысында 209 мың оқушы үшін жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталмақ. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 5000-ға артып отыр. Бірінші қыркүйекте  20 800 бірінші сынып оқушысы алғаш рет партаға отырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін облыстық комиссия отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері талқыланды. Кездесу онлайн режимде өтті.

Бүгінгі күні Қарағанды облысында  489 қалалық және ауылдық мектеп жұмыс істейді. Комиссия отырысында шағын жинақты мектептердің жұмыс істеуіне қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.  Мектептері 5-10 баладан аспайтын аудандар бар екендігі, кейбір ауылдық мектептерде балалардың жетіспеушілігі байқалды. Осыған сәйкес, білім беру сапасы туралы мәселе туындап,  бірқатар объективті себептерге байланысты кейбір мектептер қайта құрылды. Басты негіз - ҚР Білім және ғылым министрлігі белгілеген балалар саны бойынша нормативтерге сәйкес келмеу.

Мектептер жабылған әрбір елді мекен бойынша балалардың оқуын қайда жалғастыратыны туралы мәселе шешілді. Оларды жақын маңдағы басқа ауылға апарып және қайтадан үйге алып баратын болады, бір бөлігін интернаттарға орналастырады, деп хабарлады білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Абзал Нүкенов тасымалдауда ешқандай проблемалар болмауы керек екенін баса айтты. Ол балалардың сапалы білім алуы керектігін, шағын жинақты мектептерде кадр тапшылығы мәселесі туындағанын атап өтті.

Бұл мәжбүрлі шара болды. Біз балалардың болашағы туралы ойлануымыз керек, олар ертең білімді болып шығып,  ЖОО мен колледждерге түсіп, мамандық алуы тиіс. Барлық мәселелерді балалардың мүдделерін ескере отырып шешу керек және олардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету қажет -деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары.

Комиссия сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық- педагогикалық, әлеуметтік және медициналық оңалту мәселелерін қарады. Абзал Нүкенов барлық бағыттар бойынша тапсырмалар берді. Әкімнің орынбасары балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер