Ана тіліміз – асылымыз, ардағымыз

2410
Adyrna.kz Telegram

Мені үнемі мазалайтын бір сұрақ – «Қазіргі жас­тар өз тілін құрметтей ме?». Құрметтейді деп айтайын десең, өзге тілде сөйлеп жүргендер де бар. Бәрі емес, әрине. Олардың арасында туған тілін ардақтайтын, өз тілін ең бірінші орынға қоятын патриот жастар көп деп білемін. Және ол солай болуы заңдылық.

Құрбыларымыздың арасында тіліміздің қасиетін әңгіме арқауына айналдыратын кезіміз болады. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі туралы сөз қозғаймыз. Менің ойымша, ұлттың ұлттық ерекшелігі – тілінде. Осыны өскелең ұрпақ сезінсе екен.
Шынтуайтына келгенде, тілі мен ділі, тәуелсіздігі мен егемендігі үшін болған күрестер күрестердің ұлысы екендігін біз өз ата-баба тарихымыздан да толық біле аламыз. Тарихта талай жанкешті жаугершілік заманды басымыздан өткерсек те ана тіліміз үшін болған күрес, бостандығымыз бен егемендігіміз үшін болған күрестерден еш кем емес.
Қазақ тілі – ұлтымыздың ұлы тілі. Осы қастерлі де қасиетті тіліміздің тарихи тереңде екенін білуіміз керек. Сонау ХV ғасырдың ортасында шайбанилер әулетінен бөлініп шығып өз мемлекеттілігін құрған Жәнібек пен Керей сұлтандар туын тіккен Қазақ хандығы кезінде ана тіліміз өз тұғырында тұрды. ­Сонымен қатар Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекен еткен көшпенді халықтың ортақ тілі де – қазақ тілі болды.
Ата-бабаларымыз ана тілінің қадір-қасиетін ұлттың рухына, қазына байлығына балады. Себебі тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі болса, біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз бар екенін мақтан тұтайық.
Сонау қазақ-жоңғар соғысы кезінде қапылыста қолға түскен ұлы ханымыз Абылайды жоңғарлардан Бұқар жырау ұрыссыз, жанжалсыз осы тіліміздің құдіретті шешендігі мен кемеңгерлігі арқылы босатып алған. Араға сан ғасыр салып, қызыл империя кезеңінде де ана тілімізді тұншықтыру саясаты жүргізілді. Алайда осынау далада еркін өмір сүріп, ана сүтімен өсіп, ана тілімен тәрбие алған ұлтымыздың жігерін жасыта алған емес. Күні кешегі Алаш қайраткерлері тіл үшін намыстың туын тікті. Әрине, мұндай мәселелерді аға ұрпақ өкілдері білгенімен, кейінгі жастар біле бермеуі де мүмкін. Соларға ой салу мақсатында қолға қалам алған едік. Себебі кейбір жастар шет тілдерге көбірек бүйректері бұратын сияқты. Шет тілін де білген жөн, алайда өз тіліңді бәрінен де жақсы білуің керек емес пе?
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ғылыми деректерге сүйенсек, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтың қатарындағы тілге жатады. Сондай-ақ ол дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлыстар мен ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қа­зақ халқының тұрмысын, әдебиетін, әдет-ғұр­пын, мәдениетін, тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет осындай болса керек.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы ­Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Елбасы жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр.Себебі тілден асқан байлық жоқ. Тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын оның тіл байлығы екенін ұмытпайық!
Қорыта келгенде, мемлекеттік тілді ғылым мен техниканың түрлі саласына енгізіп, сапасын арттыру – уақыт талабы. Ал уақыт талабын орындау – баршамызға ортақ парыз, атқаруға тіиісті міндетіміз болуы керек.


Жазира ШЫНДАУЛЕТ,
Алматы облысы

Пікірлер