Ұларбек Дәлейұлы. Сайтан асу

1217

Бала күнімде есімде ерекше қалған осы бір жұмбақ оқиға кеше қабір басынан қайтар жолда есіме тағы түсіп, санамда қайта жаңғырды... Жазмыш күні толған жездем желтоқсанның қар бұрқаған ашулы бір түнінде талма ауруының кесірінен о дүниеге аттанды. Алтайда туып, Сарыарқадан мәңгілік мекен тапты. Жан пендесіне қылдай қастығы жоқ, түзу жаратылған жанның көкірегінде қаншама армандар бірге кетті екен?! Ол кісі екеуіміз куә болған қорқынышты жұмбақтың да түйіні сол бойы шешілмей кетті.

Хош, пақырыңыздың ұзынсонар хикаятынан жалығып кетпегейсіз!

*   *   *

Мен сегізінші класта оқитын жылы күзде аудан орталығында дүркіреп лотерея ойыны өтті. Біздің тау қазақтары оны «Белет суыру» деп атайтын. Әр билеттің құны онша қымбат емес. Күзгі жиын-терімді аяқтап, мал жайлаудан түскен шаққа туралап өткізілетін осынау думан аса бір қызықты өтетін. Бас жүлдеге – шағын қол трактор, одан кейінгі орындарға әр тиіптегі мотоцикл, тұрмыстық техникалар, ең соңына қарай кір жуатын шылапшын мен қол тарақ сияқты ұтыстар берілетін.

Осы ұлы науқанды бетке алған қазақтармен бірге әкем де тоғыз жасар кенже інімді қасына ертіп, ауданға тартты. Билет суыратын үлкен алаңды айнала ашылған базар іші түрлі қызықтың куәсі болатын. 15-20 көш бойы жүретін шалғай орманды тауларды жайлап, жаз рахатына батса да, дүние қызығының бір қайнауы кем қалғандай сезінетін момын малшылар жоны жарылардай семірген малдарын алдына салып, базар жағалайтын. Егін қамымен ауылда қалып, ойдың қара шыбынына таланып, алақандарын кетпен қажаған, саусақтары шор-шор болған қатпа дихандар да берекелі күзгі сәттің соңғы қызығын тамсана қызықтайтын.

Айнала толы у да шу болды дейді көзімен көргендер. Суырған билетінен жүлде шығып, бытырлаған торсылдақ пен даңғаза музыканың арасынан тракторын айдап, мотоциклдерін жетектеп, қуаныштан жылап кетіп жатқандарға қарап еліткен адамдар уыс-уыс билет алып жатыпты. Сол сәтте аса көп ақшасын бір-ақ салған бір ұйғыр саудагерінің ұтысына шылапшын, тарақ сияқты майда-шүйде заттар ғана шыққан екен. «Мал ашуы – жан ашуы» деген әлгі ұйғыр көшенің қақ ортасында өзіне қол салыпты. Қанжардай жалаңдаған қасап пышағын алып шығып, өз қарнын өзі жарыпты. Жол жиегіндегі бетон арыққа құйылған қанын көрген қазақтар шошынып, кейін қарай дүркірей ығысыпты. Дәл осы сәтті көзімен көрген Әділ досым кейін маған езуі көпірши әңгімелеп берді.

Көнелер айтатын «Дүние – базар» деген осы да...

Сол күні кешке қарай біздің шаңыраққа қуанышты хабар жетті. Алғашқы суырған елу билеттен екі тарақ қана шығып, көңілі қалған әкем кейін қарай ығыса бергенде, ерке інім жүрмей тұрып алыпты. Кенжесінің көңілін қимаған әкем нарау кейіппен бес билеттің ақшасын қолына ұстатыпты да, үміт дүниесінен күдерін үзбей, билет бетіндегі қара сырды тырнағымен ашып жатқан ініме қарап тұрыпты. Бірінші, екіншісінде ештеңе жоқ. Үшіншісін ашқанда, әтештің суреті шығыпты.

Бұл дегеніңіз – бас жүлде! Яғни, он сегіз аттың күші бар, шағын тұрпатты су жаңа трактор!

Бұл сүйінші хабарды бізге «Белет базарынан» ерте қайтқан ауылдастар жеткізді. Не керек, осынау дулы жаңылық күллі Тұрғынның сай-саласын кезіп кетті. Темір атаулыға құмар менің қуанышымда шек жоқ. Сол кезде ауылымызда үш-ақ трактор бар-тұғын. Көктем шыға жер жыртып, одан қалса тау жаққа үй көшіретін тракторшылардың қолы бір босамай жүретін. Менің көзіме олар аса беделді адамдар көрінетін. Айтулы олжаны ауданға барған сол үш тракторшының біріне айдап әкелуге табыстаған әкем, соңы тұманды жаңбырға айналған күздің сұры кешін жамылып, інім екеуі үйге келді.

Алдына ақтық байлап, малмандай су болған екі жігіт ауылға түн ортасында жетті. Ұйқыны ұмытып, олардың келуін төрт көзбен күткен біздің қуаныштан есіміз шыққан. Марқұм жездем де сол берекенің ішінде, аса бір ықыласпен қонақтарды күтіп бірге жүрді. Ет асылып, шашу шашылды. Үйге жиналған көршілер думандатып, таң ата тарқасты.

Есігіміздің алдында күнге шағылыса жарқыраған қызыл трактордың қызығы ай бойы тарамады. Әрине, құр трактордың өзімен көп тірлік бітпейді. Енді оған тіркеме жасату керек. Ол шақта таулы ауылдан қажетті темір-терсектерді табудың өзі мұң болатын. Соғыс аяқталған жылдары орыстар уран кенін алу үшін тау жастай салған Көктоғай кен қалашығында иен қалған темір қоршаулы үйлер, цехтар мол еді. Тіркемеге керек қос доңғалақ пен арқау темірлер бір табылса, тек сол жақтан ғана кездеседі.

Қараша айының соңына қарай әкем жол қамын жасады да, жездем екеумізді Көктоғай басындағы Жіңгеде отыратын шешемнің ағасына, нағашымыздың үйіне жұмсады. Алдын-ала келісіп қойған, нағашым жинап қойған қажетті дүниелерді алып келуіміз керек. Екі орта алыс, атты адамға күншілік жол.

Менің екі күндік демалысыма туралап, таң ата жолға шықтық. Бәрі есімде: ол күн қарашаның жиырма бесі, күн сәтіне сенбі еді. Қатері көп жолға дайындалған екеу – қой аузынан шөп алмас момын, ұзынтұра жездем; алды-артын әлі бажайлап үлгермеген, сегізінші класта оқитын жұқа сары бала еді. Жаз бойы егіс басында, мойнынан қамыт, арқасынан арба түспей, әбден арықтаған торы атыма деген сенімім де аздау еді.

Кештете Жіңге ауылындағы нағашымның үйіне жетіп бір түн қондық та, қораға жинап қойған темір-терсек, доңғалақтарды ескі арбамызға тиеп алып, Көктоғай қалашығына түстік. Мақсатымыз – үйден шығарда қалтама әкем салып берген тиын-тебенге ұйғыр асханасынан тойып тамақтанып алып, түнге қалмай үйге жету. Енді басталған сүркей қыста, ақ аязда саудасы дүркіреген Мәмет ахунның шағын асханасына келдік. Аласа электр бағанына жүрістен қажыған атымды байлап, артыма бұрылсам, жездем асхана артына қарай бұрылып барады екен. Табиғи қажетін өтеуге кеткенін білдім де, сол жерде күтіп тұра бердім. Арада біраз уақыт өтті. Ұйтқыған желден тоңазып, жағамды көтеріп алдым. Одан әрі күтуге шыдамым жетпей, асхана артына бұрылғаным сол еді, етпеттей құлап жатқан жездемді көрдім.  Зәрем ұшып кеткені соншалық, жүгіріп жанына барып, иығынан тартып, шалқасынан жатқыздым.

Аузы көпіршіген қызыл қан. Талма ауруы барын, ол ұстап қалса, кез-келген жерде жығылып қалатынын білетінмін. Алғашында не істерімді білмей сасқалақтап қалдым да, бас киімін жастап, қолғабыммен аузындағы қанды сүрттім. Бұрышта серейіп талып жатқан адамды ешкім көрмесе керек, қолдары суықтан қатып қалыпты. Есіме осы тұсқа жақын маңдағы әкемнің досы түсе кетті. Ойланып тұруға уақыт жоқ, жүгіріп сонда бардым. Әкемнің досы үйінде жоқ, менен бірер жас үлкен ұлы ғана бар екен. Бірдің басын, бірдің аяғын айтып, түсіндіргендей болдым. Жылдам киінген ол есігін ашық қалдырған бойы маған еріп жүгіре жөнелді. Алқынып жеткенімізде,  әлгінде жығылған жерінде жездем жоқ. Орнында  қарға сіңіп соқталанған қан іздері, ауызын сүрткенде жұққан қызылкүрең дақтары бар бір сыңар қолғабым ғана жатыр.

Жағалай іздедік, таппадық. Асхана алдындағы тарлау көше біртіндеп кеңейіп, арғы жағаға өтетін ескі ағаш көпірге жалғанатын. Неге екенін қайдам, жүрегім солай қарай алып ұшты. Екеулеп жүгіріп келеміз. Қазақтар мен қытайлар арасындағы талай қырғын соғыстарға куә болған ағаш көпірден өте бере, алыстан қараңдаған жездемнің сұлбасын таныдым.

Қасына барып:

– Жүріңіз, арбаға барайық. Тамақ ішіп алып, үйге қайтайық, – дедім.

– Арбаң қайда, үйіңе өзің бара берсеңші...

Жүр-жүрлеп қолынан тартамын, ол болса алған бағытынан қайтпайды.

Екеулеп жүріп, артқа қайтуға көндірдік. Жездемнің талма аруы ұстағанда осылай уақытша есін жинай алмайтынын жолда келе жатып түсіндім.

Ауыр жүктен белі талып, төрт аяғын кезек көтеріп, жалын қырау шалған көнбіс торы атым орнында байлаулы тұр екен. Манағыдай емес, жағалай байланған аттар мен кісі қарасы көбейіп кетіпті. Сол жерден жиен ағама кездесіп қалдым. Кеше ғана апайыма амандасып, жүздесіп шыққамыз. Жездемді аурухана апару керек екінін айтып, болған жағдайды баяндадым. Күн жексенбі болғандықтан, емханада дәрігер аз болатынын, сонда да бір танысына өтініп көретінін айтып, өзі бастап, емханаға тарттық.

Кезінде дүрілдегенімен, қазір сыры кетіп, тозған емхана алдына арбаны қалдырып, жаяулай кірдік. Таныс дәрігерді ертіп, жиен ағам да жетті. Ота бөлмесіне жездемді алып кірген  ол әйнек сынықтары тілген иегін тігіп, жақсылап таңып берді.

Қыстың қысқа күні тез ауып кетті. Жиен ағама рахмет айтып, үй жақты бетке алдық. Жолай бір асханаға соғып ыстық шай ішкен болсақ та, жегенім желім болып мен жүрмін. Қалашықтан шыға берісте «Дауан» деп аталатын биік асуға жеткенде күн кешкіре бастады. Тау етегі тола қытайлардың моласы. Жолға тым жақындап кеткен зиратқа бажайлай қарап, құлпытастарға көз жүгіртіп, оқып келемін. Әр құлпытас алдында шашылған гүлдер мен арақ құмыралары, тамақ ыдыстары бар екен. Олардың діни сенімі бойынша, әруақтар тірілерден тамақ, о дүниеге қажетті ақша сұрайды. Сол үшін қабір басына әр түрлі тағамдар қалдырып, ақша бейнесінде қиылған қағаздарды өртейді. Әйгілі қытай жазушысы Лу Шүннің «Дәрі» деген әңгімесі есіме түсіп, бойымды аздап үрей биледі. Әңгіме мазмұнында қытайлар өкпе ауруларына адам қаны ем болады деп есептейді һәм солай дақпырт таратады. Үкіметтегі жендеттер ақша табу үшін жазықсыз адамдарды өлімге үкім етеді де, қала сыртына апарып басын шабады. Қанның тамшысына дейін қалдырмай құйып алып, өкпе аурулары тараған, жоқшылықтан сіңірі шыққан халықтың қалтасын қағып, қымбат бағаға сатады.

Асудан асқанша атқа ауыр болмасын деп жаяулап, арбаға жанаса ілбіп келемін. Ауыр ой еңсемді басып, бойымды қорқыныш билеп алған. Ол қорқыныш, алдымызда кездесер екінші қиындық – «Күректі» асуынан өту. Оқта-текте болмаса, ол жақтан кешке қарай адам пендесі жүре бермейді. «Сайтан асу» деген екінші аты бар, жын-шайтандар туралы небір үрейлі аңыздарға толы асудан бүгін өте алатынымызға сенбей келемін. Жарақатынан көп қан ағып, арба үстінде үнсіз мүлгіп, әлсіреп келе жатқан жездемнің түрі анау. Әбден арықтап, ашыққан, қажыған торы атымның күйі мынау.

Алғашқы асудан асқан соң еңіске қарай жүрісіміз өне бастады. Ойыма жолдағы Сөрті қыстағында тұратын апайымның үйі түсті. Сонда түнеп, атты жемдеп, демалдырып алып, ертеңгі жарықта сапарымызды қайта жалғастыру. Ойымды жездеме айтып едім, ол көнбеді. «Сабағыңнан қалып қоясың, сонымен қатар, әке-шешең алаңдайды. Не де болса түнделетіп жетіп алайық» деді.

Сайтан асуға жеткенше жол күдірленіп, өрлі-қырлы соқпаққа айналады. Бер жағы терең шатқал. Бұл төңірек өзі санқилы оқиғалар мен аңыздар мекені. Бұл асуда ертеректе ел ағаларының қатал үкімімен өлім жазасына кесіліп, сыртынан атып өлтірілген «Шәкір оқиғасы» әлі күнге ел есінде. Қазір сол айналма «Шәкір тұмсығы» деп аталады. Одан кейінгісі шілікті аңғар. Кезінде қытай үкіметіне қарсы көтерілген қазақ сарбаздары бес жүзге жуық қытай әскерін сол аңғарда қамап, қырып тастағанын атамнан талай естігемін. Ақжоңқа адам сүйектері бертінге дейін шашылып жататын еді дейтін көргендер. Ал асу түбіндегі иен қалған тасқора нағыз жын-шайтандардың ойнағы дейтін ауыл адамдары. Сонымен қоймай, сексенінші жылдарда өткізілген әскери жаттығу кезінде жарылмай қалған снарядтарды білмейтін талай қазақ ойнап отырып, жарылып өлген.

Осы асуда өткен көп оқиғалардың бірі әрі қайғылысы жеті-сегіз жасар кезімде болған еді.  Осы жолдың бойында кетіп бара жатқан көрші қыстақтағы кісі ұшы сүйір, әдемі  бір зат тауып алды. Қасындағы жолдасы «Оған жоламаңыз!» десе, анау көнбейді. Аттан түсіп, қызықтап көтеріп көрсе, салмағы әжептәуір. Қоржынға салуға келмейді, ер алдына өңгеріп алу да ыңғайсыз. Сонымен, ішін ашып көрмек болады. Пышағын ортан беліндегі жігіне қойып, таспен ұрады. Гүрс еткен дауыс шығып, ат-матымен қоса күл-талқаны шығады. Алыстан барлап, шетте тұрған жолдасы жеңіл жараланып, аман қалған. Сол кісі қайтыс болған жерге кесек тастардан қоралап қойылған белгіні өткен сайын көретінмін. Кеше осылай келер жолда тағы көрдім.

Сан қилы оқиғалар көз алдымнан тізбектеле өтіп, иесіз тасқораға да жетіп қалыппыз. Шудаланған жұқа бұлттардың арғы жағынан көрінген ай әлсіз нұрын төгіп тұр. Мінер жақ беттен, жол жиегіне түскен сұрғылт көлеңкеме қараудан да қорқамын. Жан пендесі жоқ иен асу етегінде арба доңғалақтарының сықыр-сықыр дауысы зорайып естіледі. Анда-санда ұйытқып соққан жеңіл боран бірде баяулап, бірде күшейеді. Сары ішікке оранып алған жездем теріс қарап, бірдеңелерді күбірлеп отыр.

Тасқорадан өте бере басталатын биік дөңге келгенде, әлденеден секем ала оқыс үріккен атым шыдбырды жұлқа тартып, жол жиегіне ығысты. Есімді жинап, айқайлап дауыс бердім. Қос құлағын қайшылап, жан-жағына елеңдеген жануар есін жиғандай бір сілкініп алды да асуға қарай тіке тартты. Тым биіктеп кететін таудың иір-қиыр тастақ жолында арбадан түсіп, жанаса жарысып мен келемін. Әлі құрыған жездемнің арбадан түсіп жүрерге халі де жоқ. Бар сенерім – белдігіме салақтатып тағып алған мыс сапты үлкен пышақ. Қатты ашыға қоймаса да, оңай жем іздеген тау бөрілері етектегі елдің азын-аулақ қараң-құраңын торуылдайтын кезі осы уақытқа тұспа-тұс келетін еді. «Не болса да, қасқыр болар» дегенге жорып келемін.

Ұзақ жүрістен әбден болдырып, әлгінде ғана ілбіп келе жатқан торы атым тасқора жанынан үріккелі жан-жағына елеңдеп, жүрісі ширай түсті. Құнан күнінен сыралғы жануарым менің жарықшақтана шыққан бала дауысымнан жүрісіне жылдамдық қосып, жан-жағына елеңдеп келеді. Кесек тастардан орғыған арбаның үстіндегі темірлер біртіндеп артқа сырғып, екі оқтығы көтерілген арбаның жайын да біліп келемін. Асу үстіне аман жетсек, жануардың белін босатып, жүктерді реттеп алу ойым бар.

Ондаған айналмадан аман өтіп, асу басына да шықтық-ау. Қамшылар жағы қия беткейлі асудың жолында жүгі ауған арба сәл шетке шықса болды, бітті дей беріңіз, сонау-у-у-у етектен бір-ақ көресіз!...

Ол қатерден де аман өттік. Асу үстінде қара жел азынап тұр. Арт жағымызда сонау алыста, атамзаманғы жер сілкісісінен пайда болған, жұмбақ «Көктоғай көлі» ай сәулесімен айнадай жарқырайды. Одан бергі шатқалда аз кінәсі үшін атылған Шәкір атайдың, бес жүзге жуық қытай әскерінің, снарядтан жазым болған көрші қыстақтағы кісінің әруақтары бізді қуалап келе жатқандай мазасыз күйге түстім. Ат арқасын суытып, арбаның ауып қалған жүгін қайта реттеп, ауылды бетке алдық. Асудан түсе берісте жол екіге айырылады. Бірі – мен осыдан төрт жыл бұрын диірменге ұн тарттыра барып, қайтарда адасып кететін «Кәсіп-3» ауылы жаққа, екіншісі – біздің ауылға бастайды. Аспан жүзі шүйке бұлттардан біртіндеп арылып келеді екен. Ай батуға шақ тұр. Мұнар баса түнерген батыс жиек үрей шақырады.

Кенет айырық жолдан өте бергенде ат тік шапшыды да шылбырды жұлқа,  жол жиегіне қарай тағы ығысты. Алдыңғы жаққа бажайлап қарап едім, сұмдық... Бойы екі метрге жуық, ұзын қара сеңсең ішік киген біреу бізді қимылсыз күтіп тұр.

Жездеме бұрылып, "жеті түнде жол тосқан бұл кім екен?" – дедім күбірлей. Дауысым құмыға шықты.

– Түнделетіп жүрген жолаушы болар...

Дауысы сенімсіз әрі үрейлі шықты.

– Ат үркіп алдыға баспай тұр. Барып сөйлесіп көресіз бе?

– Жоқ! Шылбырыңа мықтап ие бол да, сөйлемей жүре бер. Оған қараушы болма! Арбаға нықтап отырып ал.

Арамыздағы аз-кем тіл қатысу осы болды. Манадан бері жездемнің күбірлеп дұға оқып келе жатқанын енді түсіндім. Оң қолыма пышағымның жүзін көкке тас қып ұстап, сол жақ шылбырды білегіме орап, атқа аямай қамшы бастым. Тік шапшыған жануар құмалақтап жіберді де, бір орғып алға жылжыды. Жол тосқан ұзынтұра сол орнында үн-түнсіз, қимыл-қыбырсыз әлі тұр. Арамызда 3-4 адымдай жер қалғанда жездемнің «Қараушы болма!» дегенін ұмытып, оған бұрылып, көз жіберіп үлгердім. Көзім алдамапты, басына түлкі тымағын баса киіп, беліне аппақ сәлдебоз ораған, ұзынтұра сақалды шал. Десе де түрін анықтап көре алмадым.

– Әй, балалар, тоқтай тұрыңдаршы, – деді әлгі шал, – Көктоғайдан келе жатыр едім, асу үстіне шыққасын дәрет сындыруға отырғанда, атым үркіп қашып кетті. Шылбырға ие бола алмай, айырылып қалдым. Арбаларыңа отырғыза кетесіңдер ме?

Арбаны айналып, екеуіміздің түрімізге үңіліп, бажайлап қарап шықты.

– Ассалаумағалайкум, Әбе! Жеті түнде иен асуда не қалыған адам десек, сіз екенсіз ғой, – деді жездем, – отырыңыз. Көктерекке дейін жетіп алсаңыз, ары қарай үйіңіз аттам жерде ғой.

Жездем онымен таныс болып шықты. Екеуінің қысқа әңгімесінен көрші ауылдағы Әбілқақ деген кісі екенін білдім.

Шал менің арт жағымдағы бос орынға ырғып мінді.

Алдыңғы бос үрейден бе, бойым тоңазып, денем қалтырап, әлі де жүрегім түршігіп түр. Арбадан салақтаған аяғымды жалма-жан жинап үлгірдім. Жездеме қарасам, бір қалыппен құран сүрелерін үзбей оқып отыр. Дауысы анық естіледі. Асудың арғы беті жайдақ жол, одан әрмен егіс атызы басталады да, бір сағаттық жүрістен соң ауыл көрінеді. Тастағы аз, еңкейіс жолға ілінген торы атым зау желіске басты-ау бір. Соңғы күшін жиғандай, қамшы көтертпей зулайды. Үшеуіміз де  үнсіздік.

Ай әлдеқашан батып кеткен. Түн ортасы ауып, төңіректі қараңғылық тұмшалаған. Қарғыс атқан асудан әлденеше шақырым ұзаған соң барып тілге келдім.

– Ата, атыңыз қашып қайда барады дейсіз? Біздің қыстақтағы шөп қоралардың біріне тоқтар. Айтпақшы, қамшыңыз қайда?, – дедім ішімдегі бір күдік сейілмей.

– Иә, балам. Ұзап қайда барар дейсің. Асу басына алқынып жеткеніміз сол еді. Артқа кеткен ерін түзіп, айылын төстен тарттым да, қамшымды ердің қасына іле салып едім. Неден үріккенін білмеймін талақ келгірдің...

– Аға, – деп жездеме қарадым, – қолым қарысып, ашылмай қалыпты. Пышақты ала алмай қойдым.

Орнынан еппен тұрып, маған жақындаған жездем оң қолымды уқалай берді. Суықтан мұздап кеткен білегім өзімдікі емес сияқты. Қолымды тізесіне қойып, сүт пісірімдей уақыт уқалаған соң қарысқан саусақтарымды ашып, пышақты алды. Суықтан жансыздап кеткен саусақтарым икемге келер емес. Шылбырды өз қолына алған жездем ішкі жеңіл шапанын шешіп, маған кигізіп қойды. Әлден уақытта ауылдың сұлбасы қылаң берді. Ел әлдеқашан жатып қалған. Сырқат адамдары бар бірер үй болмаса, өзге шам жарығы көрінбейді.

«Құрманбай тамына» жеткенде әлгі кісі бізге қошын айтып түсіп қалды. – Қасқыр жегірді осы төңіректен тауып алармын. Ал, жолдарың болсын, балалар!

Зар желіске басқан ат ауламызға кіріп бір-ақ тоқтады. Біздің төргі үйдің шамы самаладай жанып тұр екен. Арба дауысын естіген әкем мен шешем бірдей жүгіріп тысқа шықты. Олармен ілесе көршіміз Бәтіш апай да көрінді. Біздің кешіккенімізге алаңдап, «Әне келер, міне келер» деп күтумен түн аудырған сияқты.

Жездем арбадан түсе сала әкеме болған жайды қысқаша баяндап шықты. Иманын үйірген Бәтіш апайым тонар пеш үстіндегі құрым киізден кесіп әкеліп, тұтатып, бізді аластап жатыр.

– Ойбу, талма ауруың тағы ұстап, жығылған екенсің ғой. Дәрігер қайынағаңа аман жеттің ғой. Енді алаңдаудың жөні жоқ...

Апай сөйлей жүріп, бізге ілесе кірді.

Кіреберістегі үлкен айнаға қарасам, жүзім тұз сіңген тулақтай ағарып кеткен екен. Бойымызды жылытып алып, тысқа шығып атты доғарып, жабуладық та әкем екеуіміз қораға қарай жетектедік. Байқұс жануар күнделікті үйренген қорасына кірмей, шапшуырлай береді. Ары-бері тартқылап, ақыры болмаған соң көрші үйге, әкемнің ағасының атының қасына алып келдік. Шәней атамның кәрі ақтанауы бізге нарау ғана бір қарап қойды да, мүлгіген бойы тұра берді.

Атты қораға қамап үйге келдік. Шешем мені пеш түбіне отырғызып, айналып-үйіріліп жатыр. Бір кесе шай іштім де жатып қалдым. Бірақ, ұйқым ұйқы болмады. Сан түрлі сарсаң түс көріп, қайта-қайта ояна бердім.

Ертесі сабаққа бара алмадым. Орнымнан жайырақ тұрып, мең-зең күйде қора жаққа беттедім. Шәней атам торы атымды әкеліп, мая түбінде айналсоқтап жүр екен. Мені көріп оқыранған жануар жаныма келіп, кеудемнен иіскеді.

Бұрын ұйпа-тұйпа болып жүретін жалына көзім түскен еді, селк еттім. Жануардың жалын кекілінен шоқтығына дейін қыздың шашындай біркелкі етіп өріп кетіпті!

– Кеше түнде сендерге жолдан біреу-міреу кездескен жоқ па? – деп сұрады атам.

– Иә, кездесті, ұзын бойлы шал. Тура Күректінің үстінде, жолдың Көктерекке бұрылар тұсынан жолықты. Жездем таниды екен. Көрші қыстақтағы Әбілқақ деген шал. Асуда атынан айырылып қалыпты. Сосын біздің арбаға отырып келді де «Құрманбай тамынан» түсіп қалды.

– Әп, бәлекет! Ол Әбілқақ емес, соның түрімен көрінген сайтан ғой.  Әбекең қазір қатты ауырып төсек тартып жатыр. Күні кеше ғана жұма намазынан қайтар жолда кіріп көңілін сұрап шыққамын. Лағынет пәле жолдан түсіп қалмаған, сендермен бірге арбаға еріп, қораға дейін келіпті. Түнде аттың жалын өріп кеткен сол лағнет!, – деді атайым...

Сурет интернет желісінен

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар