Ауғанстан қазақтары жайында: Елдігімізді қашан көрсетеміз?

3694
Adyrna.kz Telegram

Ауғанстан қазақтарын көшіруге байланысты қазақстандық пікірталас кеңістігінде бірі біріне қарама-қайшы екі ұстаным қалыптасуда.

Біріншісі. Ауғанстандағы барлық қазақты дәл қазір, бүгіннен қалдырмай дереу Қазақстанға көшіріп алу қажеттігі.

Екіншісі. Ауғанстандағы қазақтар кезінде туған жерін тастап, тарихи отанын сатып кеткендер, сондықтан оларды елімізге мүлдем жолатпау керектігі.

Бірінші ұстаным бойынша.
Әрине, Мемлекет басшысы өзі тапсырма беріп, қолдау көрсетіп отырғанда, ондай мүмкіндік болып жатса қанеки...

Алайда, қазақтар Ауғанстанда бізді қашан алып кетеді деп бір үйде, бір көшеде, немесе бір қалада шоғырланып күтіп отырған жоқ. Олар Ауғанстан астанасы Кабул қаласынан бірнеше жүздеген шақырым қашықтықта орналсқан бірнеше елді мекендерде тұрады. Оларды Кабулдағы Қазақстан Республикасының елшілігі маңайына жинаудың өзі үлкен мәселе. Олардың қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді?
Бұған қоса, кейбір жеңілтек саясатшы сымақтар Қазақстанға көшуге көмек сұрағандарды жаппай, яғни қазақ немесе қазақ емес екенін анықтамай-ақ, көшіру керектігін айтуда. Қайықта отырғандар жан-жағыңдағы суға кетіп бара жатқандардың бәрін құтқару керек дейді.
Жауап ретінде мынадай мысал келтіргім келеді:
- қайықтың сыйымдылығы 10 орын;
- суға кетіп бара жатқандардың саны 200 адам;
- олардың ішінде сіздің әке-шешеңіз, бауырларыңыз, әйеліңіз, балаларыңыз бар.
Қойылатын сұрақ. Кімге бірінші қол үшын созасыз?
Сондықтан, қазіргі таңда Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының елшілігінде құрылып, Елшінің төрағалығымен жұмыс жасап жатқан этникалық сәйкестігін анықтайтын және басқа да сұрақтарға жауап алатын арнайы комиссияның жұмысына сәттілік тілейік. Ол оңай жұмыс емес. Уақытты, мұқияттылықты, жауапкершілкті талап етеді.
Ұлтын анықтауда бірінші басымдық қазақ тіліне беріледі. Қазақ тілін біліп тұрған адамға сұрақ аздау болары сөзсіз.
Сосын, шығу тегіне, яғни руы, жеті атасы, ата-бабаларының тарихы деген сұрақтар.
Үшіншіден антропологиялық, яғни сыртқы пішінінің, сәйкестігі маңызды. Мысалы, осыдан 90-100 жыл бұрын Ауғанстанға қоныс аударған қазақтардың антрополиялық пішіні осындай уақытта қатты өзгеруі мүмкін емес. Антропологиялық тип өзгеру үшін бірнеше ғасыр керек. Бірақ, көмек сұрағандардың ішінде келбеті қазақққа мүлдем келмейтін типаждар жиі кездесуде. Оларды да, қазақтарды ысырып тастап, шектеулі орындарға қарамастан қайыққа мінгізе берейік пе?
Тілін білмейтіндерді, шығу тегін білмейтіндерді, оның үстіне сыртқы келбеті, пішіні келмейтіндерді қандай негізде қазақ деп мойындау керек? Қазақққа бес қайнаса сорпасы қосылмайды.

Екінші ұстаным бойынша.
Шетелдегі қазақтар мекендеген елдеріне сәйкес екі топқа бөлінеді - автохтонды тұрғындарға және диаспораға.
Шетелде тұратын қазақтардың басым бөлігі Қазақстанмен шекаралас орналасқан Ресей, Өзбекстан, Қытай, Монғолия сынды мемлекеттердің тарихи тұрғыда байырғы, яғни ата-бабаларының ертеден мекендеген жерлерінде тұрып жатқан автохтонды тұрғындары болып табылады.

Ал саяси (соғыстар, көтерілістер, репрессиялар, ұлттық-азаттық қозғалыстар), діни (діни негізде қудалау, мешіттерді бұзу), экономикалық (ұжымдастыру, малды тәркілеу, аштық) себептермен сипатталатын күштеп немесе мәжбүрлі қоныс аудару нәтижесінде қалыптасқан шетелдегі бауырлар қазақ диаспорасын құрайды.
Солардың бірі Ауғанстанды кезінде паналап барған қазақтар. Оларда еріккеннен қоныс аударған жоқ. Олардың басым көпшілігі коммунистік жүйенің қысымына көнбей, ұлтын, тілін, болмысын сақтау, балаларын аман алып қалу және өздері тірі қалу амалдары ретінде туған жерінен айырылып, қоныс аударуға мәжбүр болғандар. Ауған қазақтарының басым көпшілігі Тәуелсіз жылдарында Қазақстанға қоныс аударды (13 мың адамның үстінде). Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Жағдайы болмай, әртүрлі себептермен қалып қойғандар жоқ емес, бар. Олар көп емес.

Осы орайда ауған қазақтары да тарихи тағдыры ортақ біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі екенін ұмытпауымыз абзал. Әлемнің қай жерінде болса да, әр-бір қазақтың тарихи Отаны бар. Тарихи Отанынан кез-келген қандас бауырымыз өзіне пана және қорған таба алады. Ол отбасындағы әкенің міндеті іспеттес, Отанның міндеті.

Осындайда елдігімізді, бірлігімізді, мықтылығымызды көрсетпегенде қашан және кімге көрсетеміз?

Жалиев Нұрхан Бұхарбайұлы

«Отандастар Қоры» КЕАҚ

Ақпараттық талдау департаментінің директоры 

Пікірлер