Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заң жол бермейді

445

Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді көрінеді. Әйел аналардың «Ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Оның дәлелін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанынан білуге болады. Өткен жылдың күз айында осындай нәзік жандылардың бірін зорламақ болған оқиға біздің аудан орталығында да орын алған еді. Такси тоқтатып жұмысынан үйіне жетпек болған сол күнгі хиджабтағы қыз мұндай жағдайға тап болармын деп мүлдем ойламасы анық. Десе де бұл оқиғаны жасырып қалмай зәбір көруші қыз дер кезінде полицияға шағымданған. Еліміздегі заңның нақтылығы мен әділ соттың төрелігінің арқасында биыл тамыз айының басында сол қылмыстық оқиғаға байланысты соттың шешімі шығып, айыпталушы азамат 9 жылға қамауға алынды. Міне, осы Қазақстан Республикасында ерлер мен әйелдердің құқықтары тең жағдайда қорғалатының тағы бір дәлелі деп айтуға болар. Деген көптеген нәзік жандылар өздерінің құқықтарын дұрыс білмеуі немесе жасырып қалу салдарынан тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбандарына айналып жатады. Иә расымен ел өміріндегі өзекті мәселелердің біріне қатысты құқық қорғау органдарында оған қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды. Осыған орай біз аудандық полиция басқармасының әйел құқығын қорғау бөлімінің басшысы, полиция майоры Эльмира Есенбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңсыз әрекет. Біздің елдің заңымызда ол жөнінде арнайы баптар да қарастырылған. Оқырманға түсінікті болуы үшін осы заңға кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Дұрыс айтасыз, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адамдар арнайы заңмен қорғалады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Әр адам өзінің ар-намысы мен абырой атағын қорғауға құқығы бар. Біздің сот күрделі міндеті мен үлкен мақсаты бар жауапты сала. Еліміздегі өркениетке ұмтылған көш басындағы басқа салалармен қатар сот жүйесінің де алдына қойылған мақсаттары ұшан-теңіз. Айталық, оның БҰҰ-ның аясында атқаратын міндетті жүктемелері сан алуан. Солардың бірі де бірегейі әлемдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдер мәселесі. Бұл күллі ғаламшардағы ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Осыған орай біздің еліміз де құзыретті ұйым талабына сәйкес гендерлік теңдікті нығайтып, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу қағидаттарына сай ауқымды шараларды жіті бақылауға алады. Біздің аймақта да аудандық полиция басқармасының басшысы Болат Тотыбаевтың бастамасымен және қадағалуымен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы өз ісін ұйымдастыруда қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелермен өзара үйлесімді жұмыс жасайды. Сондай-ақ, аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, «Nur Otan» партиясы, прокуратура қызметкерлері, БАҚ өкілдері және ««Жастар» ресурстық орталығымен тығыз байланыста. 2020 жылғы статистикаға сәйкес Қарасай ауданының халқы 270 673 адамды құраса, оның ішінде– 137 897 әйелдер, яғни, аудан тұрғындарының 50,94%-ы. Сол нәзік жандарды зорлық-зомбылықтан қорғау тобында бір аға инспектор қызмет етеді.

– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебін ажыратып айта аласыз ба?

– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себебі маскүнемдік пен жұмыссыздық салдары болып табылады. Осындай жағдайларда жиі туындайтын бір мәселе бар. Ол тұрмыста зорлық көрген әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейтіндігі. Әйелдердің дені қорқыныштан, болмаса баспанасыз қалмауы үшін көбіне көрсетілген зорлыққа амалсыз шыдауға бел байлайды. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі түрлі себептерге байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі бұл қадамы онсыз да берекесі кеткен шаңырағын одан әрі шайқалтып кетер деп қауіптенеді. Зорлық-зомбылық, егер ол: жұбайлар; бұрынғы жұбайлар; бірге тұратын немесе тұрған адамдар; жақын туыстар; ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасында отбасылық- тұрмыстық қатынастар аясында жасалса, «тұрмыстық» ретінде сараланады.

– Жәбірленушілерге қандай көмек көрсетіледі? Біздің ауданда зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары бар ма?

– Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы істер бойынша 90 пайызында зардап шегуші әйел адамдар. Полиция басқармасында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелер бойынша «жедел желі» жұмыс жасайды. Көмекке жүгінген азаматшаларды қажет болған жағдайда дағдарыс орталықтарына орналастыру мүмкіндігі де бар. Жыл басына бері аудан бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелер бойынша сенім телефонындағы «жедел желіге» 87 әйел хабарласқан. Біздің ауданда қазір дағдарыс орталықтары жоқ. Сондықтан көмекке жүгінген 41 тұлға (11 әйел, 30 бала) Алматы және Талдықорған қалаларындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына» орналастырылып, отбасылық зорлық-зомбылықтың 39 құрбанына психологиялық көмек берілді. Оның бір дәлелі, аудандық полиция басқармасындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының «сенім телефонына» 1987 жылғы Г. есімді азаматша өзінің заңды некедегі жолдасымен араларындағы отбасылық жанжалға байланысты арызданды. Құқық бұзушы азаматқа ҚР ӘҚБтК 73-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жәбірленуші үш баласымен Алматы қаласындағы дағдарыс орталықтарының біріне жеткізілді.Сонымен қатар, учаскелік полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторымен 368 отбасы-тұрмыстық сипаттағы әкімшілік құқық бұзушыға Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша қорғау нұсқамалары шығарылып, 37 тұлғаның мінез-құлқына сот арқылы айрықша талап қойылды. Жалпы айтқанда, Қарасай ауданы бойынша өткен жылмен салыстырғанда әйелдерге қатысты меншікке қарсы жасалған қылмыстардың саны 486-дан 468-ге төмендеді.
– Кез келген қылмыстың алдын алу үшін нақты бір іс-шаралар ұйымдастырылатыны белгілі. Оның сіздердің ұйымдастыруларыңызбен қандай істер атқарылуда?

– Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дүйсенова Гүлжан Әділханқызының төрағалығымен «Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның» құрамы қайта жасақталып, бекітілді. Оның аясында, әйелдер мен балаларды қорғау мәселелерімен айналысатын «Зорлық-зомбылыққа «жоқ!»-де» үкіметтік емес ұйымының психологы Т. Матвеевамен бірлесіп зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдап, психологиялық кеңестер беріп, қолдау мен көмек көрсетілуіне ықпал жасалуда. Жұмыс жоспарына сәйкес, аудан көлемінде республикалық, облыстық деңгейдегі «Профилактика», «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс» атты алдын алу шаралары мен «Сіздің құқығыңыз қорғалады!», «Әйел – отбасы шырағы», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Бақытты отбасы», «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциялары өтеді. Іс-шараларды ұйымдастырудың мақсаты – аудан тұрғындары арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық салдарларын ескерту, олардың алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту. Тағы бір ерекше айтып өтер жайт, Қарасай аудандық полиция басқармасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы» жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы «Алматы» телеканалы арқылы арнайы репортаж дайындалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша әлеуметтік эксперимент жүргізілді.

– Зорлық зомбылыққа тап болған нәзік жандарға қандай кеңес бересіз?

– Өзге жандардың жеке өміріне араласып, ақыл айту біздің құзыретімізге жатпайды. Адамның әрбір әрекетіне толық жауап беретін мемлекеттік заң бар. Егер Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз бұл туралы ішкі істер органдарына жүгінуіңізге әбден болады. Заңдық тұрғыда зорлықтың шарттары мен себептерін ескере отырып олардың алдын алу шаралары бар. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастардағы кез-келген көлеңкелі сұрақтарыңыз бойынша Қарасай ауданы полиция басқармасының «102» телефонына немесе Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 8(727 71)23206 сенім телефонына хабарласуға, ӘЗЗҚТ аға инспекторының 87477745453 /WhatsApp/ нөміріне жазуға болатындығын естеріңізге саламыз.Қай уақытта да тәуелсіз мемлекетімізді мекен етуші кез-келген нәзік жандылар, жасөспірімдер мен балалар ешқандай қорлыққа, қиянатқа душар болуы тиіс емес. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы