Коронавирус: Жалған ақпараттар неге көбейді?

2261
Adyrna.kz Telegram

Әлем халқы коронавирус дертімен күресіп жатқалы бүгінде екі жылға таяп келеді. Осы жылдар ішінде індетке тосқауыл қояр түрлі әрекет жасалғанымен, нәтиже аз. «Covid-19» ауруына шалдығып жатқандардың күннен-күнге саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Ғылымы, экономикасы дамыған елдер әлі де аурудың бетін толық қайтара алмауда. Аурумен қатар әр елде халықтың ой-санасын жаңылыстыратын жалған ақпараттар да жарысып тарауда. Мұндай ақпараттардың кесірінен қоғам билік пен ресми өкілдерге сенуден қалып барады. Дүрбелең болған шақта халық та жалған ақпаратқа сенуді көбейтіп, білместік танытуда. Ендеше, тарихта қалар індет жайында қандай жалған ақпараттардың болғанын таразалайық.

Дерт шарпыған алғашқы уақытта ең көп таралған қауесет бұл – «коронавирус зертханада қолдан жасалған ауру». Бұл мәселеге байланысты айтылатын түрлі тұжырымдардың саны көп. Соның негізгі екеуі бұл вирус Қытай ғалымдарының немесе АҚШ әскерилерінің ойлап тапқан бактериологиялық қаруы. Негізгі ресми мәліметтер бойынша, қауіпті инфекция Қытайдың Ухань қаласында пайда болып, адамдарға жарқанаттардан тараған. 2015 жылы қараша айында әйгілі британдық ғылыми «Nature» атты журнал басылымында авторлары Солтүстік Каролина университетінің он шақты ғалымдары болатын «Ғалымдар тұмаудың аса қауіпті түрін ойлап тапты» деген мақаласы жарық көрді. Адамдарға тез жұғып, тіпті өлімге әкелетін бұл вирусты Қытайдағы жарқанаттың өкпесінен алынған вируспен шағылыстырып, нәтижесінде мутант вирус пайда болған. Бұл мақаланың басылым бетіне шыққанына алты жыл көлеміндей болды десек, ғалымдардың мақаласы қандай мақсатта жарияланған деген ой келеді. Вирус қолдан жасалды деген қауесеттер көп тараған кезде, Қытай мен АҚШ елдерінің басшылары кінәні бір-біріне сілтеген еді. Кейін АҚШ сенаторы Том Коттон ғалымдардың лабораториядағы вирусты бақылай алмай қалуынан, Уханьда жаппай ауру тарады ма деген сауалға былай деп жауап қайырады: «Биологиялық қауіп тұрғысынан төртінші дәрежелі саналатын, аса қатерлі микроағзалармен жұмыс істейтін Қытайдың бірден-бір супер зертханасы Ухань қаласында орналасқан. Басқа жерде ондай лаборатория жоқ. Өздеріңіз бағамдай беріңіздер». Бірақ бұл қауесет тараған алғашқы сәттерде-ақ Қытай мамандары мұны теріске шығарды. Кейін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да мемлекеттер бұл шешімді құптады. Ресми дерек бойынша, «Covid -19» вирусы қолдан жасалған ауру деген ақпарат жалған болып саналады. Бұл жағдайды қастандық деп ойлайтын болсақ та, қазір ешқандай елге де бұл індет пайда әкеліп жатқан жоқ. Ауруы асқынған елдердің экономикасы тұралап, халық санының көпшілік бөлігін жоғалтуда.

Вирус әлемді шарпып жатқан алғашқы кезде дәл осы Қытайдың Ухань қаласында көптеген жалған ақпараттар тарап жатты. Соның бірі – суда жүзу коронавирусты жояды. Бұл қауесет Қытайдың жүзу спортшысы Сунь Янға байланысты тарады. Спортшының ҚХР-ның ұлттық медицина комиссиясына вирусқа қарсы құрылғы ойлап табу үшін ерікті ретінде шақырылғаны туралы ақпараттар Whatsapp желілерінде тараған еді. Бірақ, бұл ақпарат туралы ресми өкілдерден жауап та болмады. Жүзумен айналысу коронавирусты жоятынын тіпті ДДСҰ-да нақты ақпарат көзі берілмеген.

Үй жануарлары вирусты таратады. Оңтүстік Корея елі індеттің жануарлар арқылы таралып, әлемге үлкен шығын мен зиян төнуі мүмкін екенін айтып қауіптенген еді. Бірақ нақты дәлелдер келтірілмеді. Кейін Гонконгте өз иесінен вирус жұқтырған итке талдау жасалды. Нәтижесінде, ғалымдар үй жануарларына коронавирус жұғады, бірақ адамға таратпайды деген қорытындыға келген. Бұл қауесеттерден кейін әлемдік БАҚ-да үй жануарларына қатысты деректер кезекпен-кезек жарияланып жатты. Бірақ, ДДСҰ-ы жануарларға шаң жуытпады. Мұндай тұжырымға келудің негізі әрі толық дәлелдің жоғын айтқан еді. Тек үй жануарларымен байланыста гигиеналық талаптарды сақтаса болғаны деп мәлімдеме жасады. Шошқа тұмауы, құс тұмауы бар десек, сонымен қатар коронавирусты жарқанаттан көретін кейбір сарапшы-мамандар әлі де болса, жануарлардан секем алады. Өйткені, бұл вирустың ошағы өткен жылы қараша айында Даниядағы бірнеше фермадан табылып, миллиондаған күзеннің көзін жойғызды. Ұлыбритания мен АҚШ-та үй жануарларынан да қауіпті вирус табылды. Бұл пікірлер ықтималдығы бар, бірақ нақтыланбаған дүние. Сондықтан, әркімнің болжамы әртүрлі.

Қауіпті кезең болған алғашқы сәуір-мамыр айларында Қытайдың Юньнань провинциясында жаңа хантавирус синдромы туралы дерек бүкіл Whatsapp топтарында бір мезетте тарап кетті. Автобуста көрші провинцияға кетіп бара жатқан ер адамның жағдайы күрт нашарлап, қайтыс болған. Нәтижесінде дәрігерлер тұрғыннан кеміргіштер арасында зәр арқылы жұғатын вирус осы хантавирус кардиопульмональді синдром екенін анықтаған. Синдром ауа арқылы дені сау адамның арасында өте тез тарайды екен деген ақпараттар пайда болды. Коронавирус аз болғандай, енді жаңа індеттің түрінен қорыққандар елде көбейді. Бірақ, шынтуайтында бұл вирус Қытайда тек бір-екі адамға жұғумен шектелген еді. Бір адамға жұғу арқылы табылған вирус бүкіл әлемге тарайды деген жалған ақпараттар адамдардың зәресін ұшырды. Тексерілмеген ақпараттарды таратқан басылым беттерінің әсері бүкіл әлемнің негізсіз дүрлігуіне әкелді.

Тікұшақ арқылы дезинфекция. Бұл халықаралық жалған ақпарат. Себебі, әртүрлі тілде бірнеше елде таралған. «Бүгін сағат 23:00-ден сағат 05:00-ге дейін тікұшақтар дезинфекция жасау мақсатында дәрі-дәрмек шашады, терезелер мен балкондар жабық болу керек. Сағат 23:00-ден кейін далаға шығуға болмайды. Әскери бөлімнен хабарлады» -деген хабарлама әлеуметтік желілерде наурыз айында өте көп тарады. 17 наурыз күні ҚР-ның Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қоғам бұл жалған ақпараттың тек біздің елде емес, басқа да көрші елдерде тарағанын білмеген еді. 11-наурызда Грузия, 16-17 наурызда Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан елдері бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Сонымен қоса, әрі де жатқан Перу мен БАӘ, АҚШ, Швейцария, Үндістан сияқты шетелдерде де бұл қауесетті жалған деп ресми мәлімдеген. Әзірше, бұл тәжірбиені ешқандай ел қолданбаған және пайдасы туралы да нақты дерек жоқ. Соңғы кезде вирус тарататын тікұшақ туралы алып-қашпа әңгімелер көбейді. Әр жерде видеоға түсірілген тікұшақтар әлеуметтік желілерде қызу талқылауда. Алайда, ҚР Қорғаныс Министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Келесі жалған қауесеттердің бірі-вирусты жоюға зімбір, сарымсақ, пияз көмектеседі деген. Өкінішке орай, бұл ақпарат жалғыз біздің қоғамда емес, әлемнің көп елінде орын алған болатын. ДДСҰ-ы сарымсақ, пияз соның ішінде зімбірдің коронавирустың алдын алатыны туралы ғылыми дәлелі жоқ деп шорт кесті. Зімбірді аталған тағам өніміне аллергиясы бар адамдар, гастрит, асқазан жолдары, бауыр, жүрек-қан тамырларында ақау бар адамдарға қолдануға тыйым салынған. Олардың ешқандай зияны жоқ, тек мұндай індеттің жалғыз емі осылар екеніне дәлел жоқ. Өткен жылы осы ақпараттың арқасында сәуір, мамыр айларында зімбірдің 1 кг 15-20 мың теңгеге көтерілген. Дәрігерлердің айтуы бойынша, сарымсақ пен зімбірді көп қолдану ас қорыту, ауыз қуысы, бүйрек ауруларын туындатуы мүмкін. Сондықтан дәстүрлі медицинаны жалау етіп, жаңылысудың жөні жоқ.

Әсіресе, мұндай фейк ақпараттар жекеленген адамдар туралы да болды. Мысалы, «Covid-19» дертімен қатар аты көп аталғандар Билл Гейтс пен Илон Маск. Олардың індет туралы айтқан пікірлері түрлі желілерде өзгертіліп тарады. Тіпті, атақты мультфильм «Симпсон» кадрларынан фотошоп жасап, коронавирус атауы бұрыннан болғанын көрсеткісі келгендер кездесті.

Ең ауқымды фейк ақпараттар - 5G мен чиптеу. Әлемнің барлық елінде таралған. Елімізде де бұл қауесеттің толқыны әлі басылмай тұр. «Қазақстанда әлдебір медициналық нысанның үстінде белгісіз құралдар тұр. Қазақстанға тәжірбие жасап жатыр екен. Осындай құрылғыларды Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкетке орналастырыпты. 5G вирус таратады. Илон Маск ұшырған құрылғылар интернет таратпайды, чиптейді екен» немесе «Адамдарға чипті вакцина арқылы салып жатыр, вакцина салғандардың өмірі ұзаққа бармайды». Бұл сөздерді қоғамда әрқайсымыз естіп жүрген жайымыз бар. Халық бұл күнде 5G мен вакцинаны нәубет ретінде көреді. Бірақ, чип енгізу бұл күні жаңалық емес. Себебі, чип үй жануарларына да, ауыл шаруашылығында да қолданылған жайт. Тіпті, адамға алғаш чип орналыстыру 1998 жылы Ұлыбританияда жүзеге асқан. Халықтың қорқу себебі, желіде тарап жатқан қауесеттің сюжеті мынадай: «Кез келген адамға вирусқа қарсы вакцина еккен кезде, оның ағзасына қосымша микрочип енеді. Осыдан соң іске 5G қосылады. Осының арқасында микрочип арқылы сигналдар тарайды». Бұл ақпараттарды белгілі адамдар жариялап жүр. Бірақ, ресми деректер бойынша, егер микрочип адам ағзасында енетін болса, оны сырттан бақылайтын технологияның күші әлі пайда болған жоқ. Әдетте, чип адамның қолына, ал, үй жануарларының жотасына қойылады. Ғалымдар адамды бақылап басқаруда микрочиптен гөрі жанында жүрген ұялы телефоны өте қолайлы әрі қауіпті екенін айтады. Бұл тақырыпқа байланысты айтылар жайттар өте көп.

Алғашқы қиын кездерде қазақстандықтарға көмек ретінде 42500 теңге берілгені есімізде. Бұл туралы қоғамда жақтағандар мен даттағандар, тіпті мазақ қылғандар да болды. Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көмек тек табыс көзінен айырылғандарға арналған. Қолы жеткендер алды, қолы жетпегендер қалды.

Төтенше жағдай аяқталса да, кейінгі кездері 42500 теңге екінші рет, үшінші рет таратылады деген қауесеттер жоқ емес. Түрлі телеграм-боттар каналдары өз статусыңызды тексеріп, екінші, үшінші мәрте алыңыз деген жалған ақпараттар тарады. Бұл кезде халықтың медисауатталығы қандай деңгейде екені көрінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 42500 теңге тек төтенше жағдай кезінде берілетіні туралы айтқан еді. Ал, төтенше жағдай режимі елімізде 2020 жылдың 6-шы наурызы мен 11-ші мамыр аралығында орнаған еді. Әлі күнге дейін бұл төлемақыдан үміт күтетіндер аз емес.

Эпидемиологиялық ахуал кезінде мысқа байланысты жалған ақпараттар да болды. Барлық қолданатын бұйымдар мыстан жасалуы керек. Өйткені, мыстың бетінде коронавирус тұрмайды екен деген қауесеттер де жалған болды. Тағы бір жайт, осы жылдың басында мия өсімдігінің коронавирусты жоятыны туралы жалған ақпараттар қазақ тілді сайттарда жарыса жазылды. Ғалымдар бұл мәселенің де ғылыми тұрғыда дәлелденбегенін айтады. Алайда, мия тамырының бойында кездесетін глицирризин қышқылы вирусты бәсеңдете алатынын айтады.

Ойға сыймайтын тағы бір қауесеттің түрі Құраннан «пайғамбар жіберген кірпікті» тауып, сумен ішкен адамға коронавирус мүлдем жоламайтыны. Көп өтпей, бұл ақпараттың да мүлдем ақылға қонымсыз жалған ақпарат екені айтылды.

Соңғы уақытта тағы да көп талқыға түсіп жатқан жаңалықтың бірі – вирусқа қарсы «Ивермек» препараты. Қазір өз-өзін емдейтіндер көбейген. Ақтөбеде жан-жануарларға арналған дәріханалардан аталмыш дәрінің көптеп сатылап жатқаны айтылуда. Тұрғындар түрлі қауесеттерге сеніп, осы дәріні алып үйден емделмек болған. Алайда, көбінің ауруы асқанып кеткен деседі. Мамандар «Ивермек» препаратының адам денсаулығына өте зиян екенін ескертті.

Осы аталған жалған ақпараттардың өздігінен пайда болмайтыны белгілі. Мұндай қоғам арасындағы дүрлікпе-әңгімелерді туындататын қауесеттің иесі бар. Жалған ақпараттармен күресу- дәл осы адамдарды жауапқа тартумен шешіледі. Ақпаратты тұтынушылардың көбі мәлімет көзінің рас-өтірігін ажырата алмайды. Көп адам фейк ақпараттарды тарату арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда соңғы уақытта коронавирусқа байланысты жалған ақпарат таратушылардың саны бірталай азайған. Оған себеп, елдегі қатаң заңдар. Төтенше режим кезінде полиция басқармасында коронавируспен байланысты қылмыстармен айналысатын арнайы бөлім ашылған болатын. Індет жайында жалған ақпаратты қадағалаумен бүкіл ел бойынша 46 қызметкер айналысады. Олар азаматтардан келіп түскен арыздар бойынша жұмыс істейді. Қауесет таратқандарды түрмеге қамау – ең ауыр жаза десек, әлеуметтік желіде таратқан жалған ақпаратының салдары мен ауырлығына қарай бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, адам науқаспен қатынаста болмағанын жасырып, басқаларға өз кесірін тигізсе, екі жылға түрмеге тоғытылады. Ең жеңіл жаза -88 доллар көлеміндегі айыппұл. Қазақстанда да жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуден бастап, бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған. Бұл жаза біздің елімізде 2015 жылдан бері 274-бапқа сай енгізіле бастады. Осы бапқа байланысты өткен жылы Түркістан облысында Whatsapp желісіндегі «Сарыағаш ауданында түстен кейін вирус себіледі екен, балаларыңызды далаға шығармаңыздар» деген қауесет ақпараты үшін Отырар ауданының 1973 жылғы азаматшасы әкімшілік жауапқа тартылған болатын.

Еліміздегі төтенше ахуалды пайдаланып, жұртты негізсіз дүрліктіретін жауапкершіліксіз адамдар өте көп. Таралған жалған қауесеттерге халықтың көпшілігі сенгіш келеді. Өйткені, адам ақпаратты эмоциямен қабылдайды. Бүгінде, алдына берілген ақпаратқа анализ жасай алатындар аз. Осының кесірінен қоғамдағы жаңалықтардың шын-өтірігін айыруды білмейміз. Қорыта айтқанда, жалған ақпаратқа сенгеннен де, жалған ақпаратты таратқаннан да келер пайда жоқ.

Сүйкім Аяпбергенқызы

Пікірлер