Тіл мәселесі тағы да дау тудыруда. «Тіл майданы» жариялаған видеороликтер бірнеше күн бойы СНГ елдерінде қызу талқыға түсті. Ресей медиасы Қазақстанда орыс ұлтына қарсы дискриминация жасалғанын айтып, айып тағуда. Царьград YouTube каналы «Ресей ақшасына күн көріп отырған Орта Азия елдерінде русофобия өршуде» деп ашық мәлімдеме жасады. «Тіл майданы» YouTube арнасының негізін салушы Қуат Ахметовке Ресей Федерациясына кіруге 50 жылға тыйым салынғанын да естідік. Журналистік этикаға қайшы, ұлт-араздық тудыратын сөз тіркестерін қолдана отырып, әріптестеріміз нені көздеді?
Қазақстандықтардың 51%-ы орыс тілін таза меңгергендігін, күнделікті қолданып жүргендігін ескеріп, Қазақстанда дискриминация өршіп тұр деп үзілді кесілді айтуға негіз бар ма? Тоқтаусыз қазақ елін сынап жатқан Ресей Федерациясында этникалық топтардың құқықтары қорғалуда ма? Біздің «Тіл майданы» секілді шағын әлеуметтік тобымыз жасап отырған әрекет Ресей үкіметінің орыс ұлтынан басқа халықтарға қолданып отырған саясаты емес пе? Тіл мәселесінде қиындықтар жоқ па?
Ресей федеративті ел, 2010 жылы өткен халық санағы нәтижелері бойынша орыс ұлтынан басқа 193 этникалық топ тіркелген. Ресей конституциясының 2 тарау, 19 бабы бойынша Ресей Федерациясының әр азаматына ұлтына, тіліне тағы да басқа факторлар бойынша заң алдында тең деп бекітілген.
Ал дәл осы тараудың 26 бабында жазылған:
«Каждый имеет право на пользование родным языком, на свободный выбор языка общение, воспитания, обучение и творчества».
3 тарау, 68 бабы бойынша:
«Российская Федерация гарантирует всем ее народам право на сохранение родного языка, создание условий для его изучения и равития».
Ресейді мекендейтін халықтарға тиесілі 156 тілдің 137 тілге жоғалу қаупі төнген. Оның ішінде 49 тіл жоғалу алдында тұр, ал 71 тілге аса үлкен қауіп төніп тұр. Бұл тілдер мектепте оқытылмайды, кішкентай балалар түсінбейді, тек елу-алпысты алқымдаған қауымы ғана біледі. 15 тіл (кей деректерде 20) мүлдем жойылып кеткен, яғни қолданатын адам қалмаған. 2017 жылы Конституцияның 68 бабы бойынша орыс тілі мемлекеттік тіл болғанымен, Ресей Федерациясы құрамындағы республикалар өз мемлекеттік тілдерін таңдауға құқылы.
Ресей Федерациясының президенті В.Путин 2017 жылы 20 шілдеде өткен Кеңес отырысында аймақтық мектептерде орысша сөйлейтін азаматтардың өзге тілдерді оқуға міндетті емес екендіктерін айтқан болатын. Осы оқиғадан соң үкіметтен жергілікті органдарға арнайы бұйрықтар беріліп, орыс тілі пәнінің сағатын көбейтуді тапсырды. 2017 жылдың 29 қарашасынан бастап Татарстан Республикасында мектептерде татар тілі міндетті пәндер қатарынан алынып тасталып, факультатив пәнге айналды. Республикада татар тілі мемлекеттік тіл екенін ескерсек, мұндай заң ақылға сыймайды. Дәл осы 2017 жылы Татарстанның жергілікті білім министрлігі мектептерде орыс тілі пәнінің сағатын көбейту туралы бұйрық алған екен, алайда «орыс тілі сағаты татар тілі сағатын қысқарту арқылы көбейтілуі мүмкін» деген қауесеттер халық арасында тарап, қарсылық көбейген соң, Ресей үкіметі татар тілі пәнін қысқартудың болмайтынын айтып, мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Ал 2013 жылы башқұрт тілі дәл осы күйді кешкен болатын. Аптасына 3 сағат башқұрт тілі, 2-3 сағат татар, орыс тілдері, 1 сағат «Культура Башкортостана» пәніне берілетін болған. 2013 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, башқұрт тілі факультатив сабаққа айналды.
Ал Коми Республикасында белсенділер дау шығарғаннан соң, Ресей Президентінің жарлығы орындалмай қалған. Коми тілін міндетті оқыту республикада тек 2011 жылы ғана енгізілген екен, соның өзінде тек аптасына 1-2 сағаттан ғана. Бұл елде орыс тілі сабақтары сағатының көптігіне қарамай мемлекеттік тілді факультативке ауыстыру туралы сөздің пайда болуының өзі күлкілі жағдай. Сол секілді, Чуваш мемлекетінде де орыс тілінің 5-6 сағаттан оқытылуына қарамастан, чуваш тілінің 3 сағатын алып тастауы таң қалдырады. Және оқушылар 9 сыныпта тапсыратын ұлттық тестті чуваш тілінде тапсыру мүмкіндігінен айырылған. «Культура родного края» пәні алынып тасталып, шамамен барлық халықтық тілдердің сағаты дене шынықтыру, проваславия пәндеріне берілген. Чуваш тіліне тек 1 сағат беріліп, баға қойылмайтын пәнге айналған. Ресейде 22 ұлттық республика бар, бұл заңға қарсыласпағандар да табылған. Мысалы, Удмуртияда ұлттық тіл мүлдем оқытылмайды, оқытылса да біреу-жарым мектептерде факультатив сабақ ретінде ғана беріледі. Телевизия саласы да оңып тұрған жоқ, аптасына жергілікті телеканалда жарты сағаттық удмурдт тілінде бағдарлама болады екен. Бір қызығы республикада ұлттық тілді оқытуға арналған 3 айлық тегін курстар бар көрінеді. Жыл өткен сайын үйренем деушілердің саны өсіп жатыр екен. Яғни, халықта тілге деген сұраныс бар, қолдау мен көмек жоқ. Буратияда халық тілінің мемлекеттік тіл деген статусы мүлдем жоқ, депутаттар болса әр кез бурят тіліне белгілі бір статус беру мәселесі көтерілген сайын жаппай қарсы дауыс береді, мұнда тіл проблемасы тек белсенділерге ғана керек болып тұрған секілді. Пушкин атындағы орыс тілі институтының проректоры Михаил Осадчий «За и против» бағдарламасында Россиядағы тілдердің жойылу себебін атады, ол – кей тілдердің өздеріне тән жазуларының болмауы. Дағыстанның өзінде шамамен 25 тіл бар. 2018 жылы сәуір айында өткен жалпы диктантқа 25 тілдің тек 14-і қатыса алған. Себебі, өзіндік жазуы жоқ. Проректордың айтуынша оларды жасауға тек белсенділер бел шеше сыбанып кірісуде. Мемлекеттен көмек жоқ. Ал ол үлкен еңбекті, білікті профессорлардың араласуын, арнайы экспедициялардың жасалуын қажет етеді. Жоғарыда айтып өткендей кей тілдер жойылудың алдында тұр. Мысалы, 2010 жылы жарияланған мәліметтер бойынша алеут тілінде сөйлейтін 40, йоканьско-саамский тілінде сөйлейтін 2 адам ғана қалған. 15-20-ға жуық тілдердің осындай жағдайда екенін еске алсақ, бұл әрине, қорқынышты жағдай. Тілмен бірге толық мәдениет өлді деуге болады.
2009 жылы Ресей үкіметі бітіруші түлектер тапсыратын ЕГЭ-ні аймақтардағы оқушылардың өз ана тілінде тапсыруына шектеу қойған еді. Өкінішке орай, ата-аналардың жазған арыз-шағымдарын Жоғарғы сот қанағаттандырмаған. Университетке түскен түлектер де орыс тілін білуге міндетті, жұмыс берушілер орыс тілінде сөйлейтін қызметкерлерге басымдық береді. Федеративті елде мұндай шектеудлердің орын алуы абсурдты жағдай, орыс тілін білмейтін азамат қалай күн көреді?
РФ Кеңесінің төрағасы Валентина Матвенко 2012 жылы Украин мектептерін ашуға ұсыныс болатын болса, бар жағдайды жасауға дайын екендіктерін айтып, Украина премьер-министрі Николай Азаровтың алдында сөз сөйлеген екен. Алайда содан бері толық украиндік мектеп түгілі, украин тілін үйрететін бір де бір пән енгізілмеген. Осы уақытқа дейін уәде орындалмай келеді. Ресей Федерациясы өз ішіндегі халық тілдерін міндетті пәндерден алып тастай отырып, Украина 5 сыныптан бастап мектеп оқушылары тек мемлекеттік тілде ғана оқытатындығы туралы заң қабылдағанда, Ресей тағы бірнеше елдерге қосылып өз қарсылығын білдірген еді. Орысша сөйлейтін балалардың орыс тілінде білім алуы керектігі жайлы талап қойған. Бірақ, ол жағдайды өз азаматтарына жасап бере алмай отыр.
Алтай Республикасында 2014 жылы өткен құрылтайда алтай халқы ұлттық тілдерін мектепте оқыту керек екендігі жайлы шешім қабылдаған болатын. Бұған «Русский центр» қоғамдық ұйымы қарсы шығады. Бір қызығы Алтай халқы тарапынан 2000 жылдары жасалған дәл осы ұсынысқа республиканың прокуратурасы бұл балалар мен ата-ананың құқығын бұзатындығын айтып қарсы болған. Мұндай әрекеттер басқа республикаларда да көп. Н.Ф.Катанова атындағы Хақас мемлекеттік университетінде жазылған «Статус и функционирование тюркских языков Южной Сибири» монографиясында келтірілген мәліметтерге сенсек, сауалнама бойынша Хақас азаматтарының өз ана тілін үйренуге құлықты екендігін көруге болады. Әрине, тіл қай ұлттың да мақтанышы, мәдениетімен байланыс орнататын көпірі. Тек сол ұлттарды тілінен айырмауға жауаптылар тарапынан жағдай жасалса, тілдер бұлай ұшар құздың басында тұрмас еді ғой.
Ресейде орыс ұлтынан басқа халықтарға дискриминация жасалып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. «Защита прав меньшинств и коренных народов Российской Федерации: проблемы и решения для будущего» кітабында Ресейлік СМИ туралы бірер ауыз сөз бар:
«В целом, российские СМИ не отражают замечательное этническое, культурное и лингвистическое разнообразие, существующее в российском обществе. Охват тем, связанных с меньшинствами и коренными народами, обычно ограничен фестивалями с уклоном на фольклор и главными инцидентами с межэтническим компонентом, такими как бунты и акты насилия ультраправых групп. Даже в этом случае, СМИ не имеют тенденцию освещать общественные дебаты или анализировать первопричины таких инцидентов. СМИ прежде всего руководствуются финансовыми и политическими соображениями, вместо того, чтобы выполнять социальную функцию. Местные СМИ в более бедных регионах особенно часто зависят в плане финансирования от региональных властей или частных спонсоров. Поэтому СМИ избегают освещать или искажают отчеты о событиях, имеющих отношение к деликатным темам».
Дәл осы еңбекте «түр-келбеті славян емес адамның» қарапайы пәтер жалдау кезінде қиналатындығы мысалға келтірілген. Бұл кітап 2014 жылы жарық көрген екен, қазір 2021 жыл, мәселе әлі де актуальді.
Өткен айда ғана стендап-комик Идрак Мирзализаде Ресейдегі ксенофобия мәселесін қозғаған әзілі үшін көшеде соққыға жығылып, «Орыс халқының жауы» деп айыпталғанын білеміз. Ал жақында ғана «ұлт-араздық тудырды» деген айыппен 10 күнге қамауға алынды. Комикті соққыға жыққандардың жауапкершілікке тартылған-тартылмағандығы сол күйі жарияланбады. Егер, айтылған әзіл орыс халқы емес, өзге бір ұлт жайлы болса, сот назар аударар ма еді? Қоғам тарапынан осындай қарсылық туындар ма еді?
Әбләзімова Маржан
"Адырна" ұлттық порталы