ЛӘЗЗАТ ҚОЖАХМЕТ: Кореяда жүрген қазақстандықтардың 90%-ы әйелдер

3043
Adyrna.kz Telegram

Кореяда 35 мыңға жуық қазақстандық тұрып жатыр деген болжам бар. Олардың біразы туристік визамен барып қара жұмысқа қалып қойғандар. Кореяға барса ақшаны көпіртіп табады деген аңызға сеніп аһ ұрып қалғандар ақиқатты айта қоймайды.

Кореяда жүрген қазақстандықтардың 90 пайызы әйел қауымы. Салыстырып айтсақ, онда жүрген өзбек ағайындардан Кореяға нан табуға таза ер адамдар аттанса, ал біз жақтан барғандардың басым бөлігі әйел адамдар.

Шетел асқан нәзік жандылар жеңіл жұмыс іздеп кеткен жоқ. Таңнан кешке дейін аяғынан тік тұрып қара жұмысқа жегілетіндерін біліп кетті.
Ер адам табиғатынан тәуекелшіл келеді. Ал әйел адамға бөтен елде құқықсыз жүруге бел шешу — несие құлдығынан құтыламын, балаларымның жыртығын түгендеймін деген аналық инстинктен туған жанкештілік. Сол Кореяға кеткен әйелдердің ілуде шалуында болмаса, көбісінде үйінде күтіп отырған жары жоқ. Болса тентірер ме еді?

Былтыр, есін жоғалтқан әйелдің Қазақстанға қалай қайтарын білмей Кореяның аэропортын бір апта кезгені туралы ақпарат шықты. Жас босана салып Кореяға кеткен. Бала-шағасын асыраймын деп кетіп, бауырындағы баласын жатқа жаутаңдатқан әлі қанша әйел бар.
Қарағандыдан да аз адам кеткен жоқ. Бес баласын туыстарына тастап, бір жарым жылдан соң зорға оралған, ағылшын тілінде сабақ беретін мамандығын Кореядағы даяшылыққа айырбастаған айдай сұлу қыздар да бар.
Олардың барлығының күткен үміті ақталды ма?
Біріншіден алғашқы жарты жыл лайықты жұмыс іздеумен өтеді. Ешкім жалақысы жоғары жұмыс дайындап отырмайды. Бұл жақтағы делдалдардың мақсаты алдап-сулап қоя беру. Ол жаққа бару үшін де қолда миллиондаған теңге болу керек, оны несиеге рәсімдеп кетеді. Барғаннан кейін ол ақшаны таппай тағы қайта алмайды. Баратын ақша жұмыс тауып беретін делдалға, туристік виза рәсімдеуге, он күндік қонақүй мен барып-қайту ұшақ билетіне кетеді. Қонақүй мен қайтатын билеттің ақшасы күйіп кетеді.

Қазақстандықтар Кореяға тек туристік визамен бара алады. Еңбек визасы берілмейді. Ал өзбекстандықтар Кореяға заңды түрде, еңбек визасымен барады, сол себепті Кореяда еркін жүреді, жалақысы жоғары жұмысқа тұрады. Қазақстандықтар тығылып барғандықтан қолайлы жұмысты көп іздейді, қаладан қалаға көшіп жүреді, жалақысы жақсы болса, жұмысы ауыр, жұмысы жеңіл болса табысы мардымсыз.
Климат сыз болғандықтан, жатын орын салқын. Тамақтан таршылық жоқ. Заңсыз мигрантсың деп ешкім мұқатпайды. Бұл елде әркім өзін қауіпсіз сезінеді. Іздеушің жоқ деп басынбайды, ақыңды жемейді, тең қарайды. Халқы өте ілтипатты, күліп жүріп істетеді жұмысты. Тек жұмыстары ауыр. Мигранттар таңғы бестен кешкі беске дейін тік тұрып жұмыс істейді. Мұндай жұмысқа көп төзу мүмкін емес. Сол себепті басқа жұмыс іздейді. Басқа қала, басқа мекенге көшеді. Тапқан ақша үй жалдауға, арасындағы үзілістерде күн көруге кетеді. Кейбірі тапқан ақшаны тікелей Қазақстанға аудара алмайды. Біреулер арқылы салып жібереді, балтыры сыздаса дәрігерге көріне алмайды.

Ол жақта халықтың өмір сүру жасы ұзақ. Қырқылжың болғанша отбасын құрмайды. 60-70-тегі қариялар таңнан кешке дейін шаршамай плантацияда өнім жинап жүреді. Біздікілер алпысында қажып отырғанда, ол жақта өмір қырықтан кейін басталады деседі. Қария болғанша шалдықпай жұмысқа жегілген корейліктер мигранттарды да өздеріндей көреді. Мигранттарға бос уақыт қалдырмайды, жұмыстан бас көтертпейді. Мұндай жүктемеге көбісі шыдамайды. Сол себепті олар жалақысы жоғары жұмыста да тұрақтай бермейді.
Кореяға кеткен қазақстандықтардың жоспарын індет күл-талқан қылды. Пандемия ол елдегі бизнесті де дағдарысқа ұшыратты. Мейрамханалардың табысы азайған. Плантация маусымдық жұмыс. Сәйкесінше ондағы қазақстандықтардың бүгінгі нәпақасы мардымсыз. Қайтайын десе жиналған қаражат аз әрі айыппұл арқалаймыз ба деген қорқыныш бар. Жол қатынасы бірде ашық, бірде жабық.
Кореядағы қазақстандықтарға Еңбек визасы берілсе, құрлықтың ар жағында жәутеңдеген талай тағдыр отанына оралар еді.

Пікірлер