Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан.
Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.
Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.
Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етеді. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарған.
Әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған екен. Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады.
1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданады. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді. 1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.
Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді. Ал оның "Менің Қазақстаным" атты туындысы бүгінде қазақ елінің мемлекеттік Әнұранына айналды.
Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрған. 1991 жылдың 16 қарашасында дерті асқынып, ауруханаға түскен. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілген. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.
Өткен жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.
"Адырна" ұлттық порталы.