Мамандық таңдау: Қазақстандағы лотерея

2365
Adyrna.kz Telegram

Гранттар саны артуда. 4 жыл бұрын грант саны 30 мыңнан асса, қазір 55 мыңға жетті. Жыл сайын грант саны арты келеді. Мемлекет грант санын арттыру арқылы көрші Ресей мен Қытайға оқуға кететін жастардың ағымын ұстап қалғысы келеді. Өйткені олардың саны соңғы жылдары көбейіп, отандық студенттер үшін жат жерде қолайлы ұсыныстар артуда.

2014 жылы ҰБТ-ға 87 564 оқушы тапсырды. Оның 69 624-і ЖОО конкурсына қатысып, 34 165-і грант иегері атанды.

2015 жылы ҰБТ-ға 83 262 оқушы тапсырды. 67 377 жас түлек конкурсқа қатысып, оның 32 168-і грант иегері атанды.

2016 жылы ҰБТ-ға 84 042 оқушы тапсырды. 59 677 жас түлек конкурсқа қатысып, оның 27 504-і грант иегері атанды.

2017 жыл ҰБТ-ға 88 583 оқушы тапсырды. 63 170 жас түлек конкурсқа қатысып, оның 34 265-і грант иегері атанды.

2018 жыл ҰБТ-ға 98 698 оқушы тапсырды. 75 429 жас түлек конкурсқа қатысып, оның 47 934-і грант иегері атанды.

2019 жыл ҰБТ-ға 110 472 оқушы тапсырды. 64 452 жас түлек конкурсқа қатысып, оның 46 606-і грант иегері атанды.

2020 жыл ҰБТ-ға 122 717 оқушы тапсырды. 62 685 жас түлек конкурсқа қатысып, оның 44 518-і грант иегері атанды.

2021 жылы 75 мыңнан астам жас түлек 56 мың грантқа үміткер.

Қазақстанда қалсын деп, гранттардың санын көбейткен дұрыс па?

Бұл туралы Марат Шибутов (саясаттанушы) былай дейді: Университеттегі грант санының артуы білім сапасына кері әсер етуі мүмкін. Әдетте қол жетімділік пен білім сапасының бір-біріне қарама-қарсы тұратындығын аңғарған жөн. Салдарынан болашақта ЖОО құны төмендеп кетуі ықтимал.

Данияр есімді студент (Қ. Сәтбаев атындағы техникалық университеттің студенті): "11 сыныпты бітіргенше, қай жерде, қандай мамандықта оқитынымды шешпедім. Тек ағамның досы металлургия саласында істеп, жақсы айлық тапқанын естіген соң, осы мамандықты таңдадым. Одан кейін де "Металлургия" мамандығымен елмізде оңай жұмыс табуға болатындығын ақпарат бетінен көзім шалды. Дәл қазіргі сәтте 3 курс бітірсем де, түрлі қалалардағы зауыттар бастапқы айларға 150-200 мың теңге төлеп, жұмысқа алуға әзір. Осы себепті мамандығымнан қателеспеппін деп ойлаймын."

Жыл сайын техникалық гранттарға грант көп бөлінсе де, оның орны толмай жатады. "Көлік транспорты", "Тау-кен ісі", "Металлургия" т.б мамандықтарына көптеген жас түлектер менсінбей қарап, "Мемлекеттік басқару", "Қаржы", "Заңгер", "Шет тілі" жағын таңдауға құмар. Алайда танымал емес мамандықты бітіргендердің жалақысы да, жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоғары.

Елімізде жылына неше адам жоо бітіреді?

2011 жыл - 40 485

2012 жыл - 43 401

2013 жыл - 43 585

2014 жыл - 44 548

2015 жыл - 43 346

2016 жыл -41 425

2017 жыл - 40 807

2018 жыл - 48 772

Еліміздегі танымал headhunter, Olx.кз т.б сынды сайттардан жұмыс іздесең, ЖОО бітірген мамандарды емес, керісінше құрылыс саласы, шаштараз, көлік айдаушы, аспазшы, дәнекерлеуші, күзетші сынды мамандарға сұраныс жоғары.

Ерлан (Электрик): 11 сыныпты бітіргенде грантқа балым жетпей, оқуы арзан дейтін "Философия" мамандығын 20 шақты топтасыммен (2-3-уі мамандығымен істейді) бітіріп шықтым. Алайда арзан немесе грант үшін уақыт жоғалтпау керектігін оқу аяқтаған соң ғана түсіндім. Бұның бәрі мектепте бағыт-бағдар бермеудің кесірінен деп білемін. Өз қателігімді түзеу үшін, қосымша 2-ші техникалық мамандықты оқыдым. Жұмыс барысында геодезия, маркшрейдер мамандығымен қызмет жасайтындар 500 мыңнан жоғары жалақы естігенімде, неге сол мамандықты оқымадым деген өкініштің болатыны да рас.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының зерттеуіне сүйенсек, ЖОО-да оқыған студенттердің 10-нан 6-сы таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Көпшілігі мамандықты университетің әсемдігі, мамандықтың танымал болуы, көштен қалмайық деп, кез-келген мамандықта оқи салу, бағыт бағдардың болмауы, төменгі жалақы т.б себептер әсер етеді.

Өкінішке қарай, еліміздегі ЖОО білім сапасы әлдеқайда артта қалған. Грант санының көбеюі сапалы мамандардың көбеюіне емес, тек ЖОО бітірген деген қағазды берумен шектелетіні көпшілігімізге аян.

Қанат Байұзақов

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер