Коронавирус: Туризмге әсері қандай?

2736
Adyrna.kz Telegram

Қазір бүкіл әлем коронавирус індетінен жапа шегуде. Жер шарын індет шарпығалы көп елге барып-қайтудың жөні болмай тұр. Карантин кесірінен біраз елдің туризмі тұралап қалғаны рас. Әсіресе, бұл әрбір елдің экономикасына үлкен соққы болып отыр.

Туризм кез келген ел үшін ЖІӨ-ді арттырып, қосымша сауда мен жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Сондықтан, еліміз үшін туризм- өте қажетті сала. Бүгінде бұл саланың дамуы үшін мемлекеттен аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Карантин шараларына дейін енді-енді етек алып, дамып келе жатқан ел туризмінің бүгінгі күнде жайы қандай?

Ел туризмін енді ғана қарқын алуда дейтін себебіміз, 2019 жылы бұл саланың ел экономикасына қосқан үлесі- 5,6 пайызды құраған. Жоспар бойынша бұл көрсеткішті 2025 жылдарға дейін 8 пайызға көтеру белгіленген. Олай болса, шеттен адам шектелген қазіргі жағдайда елдегі туризмді өзіміз көтеруіміз қажет секілді.

2017 жылы өткізілген «ЕХРО-2017» әлемдік көрмесінің арқасында Қазақстанға кейінгі жылдары келетін шетел азаматтарының саны 6 млн-ға жеткен. Өйткені, 2019 жылдың алғашқы он айында елімізге 6,4 млн шетел азаматы келген. Бұл айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Қазақстанға қыдырып келетін көбінесе Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Түркия, Үндістан елінің азаматтары. Оның ішінде алғашқы үштікті құрайтын елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей. Елімізге келетін шетел туристерінің дені-ТМД елдері болса, Еуропа елдерінен келетін Италия, Германия, Франция, Түркия туристерінің мөлшері 1 пайыздан аспайды. Америка құрлығынан арнайы келетін саяхатшылардың саны да көп емес. Яғни, бұдан Қазақстан тек іргелес көрші елдерге ғана қызықты әрі қолайлы ел болғаны ма деген қорытынды шығады. Қазақ халқы өзіндік көне тарих пен тұрмыс-тіршілікке, ерекше салт-дәстүрге өте бай. Елімізде ат басын бұрып арнайылап баратын тарихи өлкелер мен қасиетті орындардың саны көп. Шет елдегідей көз тоймайтын ерекше тұмса табиғат бізде де бар. Мұның барлығы біздің өркениетімізді құрайды. Ал, шетел азаматтарын үнемі өзге халықтың өркениеті қызықтырады. Іргелес өзбек бауырларымыз осы үрдісті ұтымды пайдаланған. Мыңдаған ғасырлық сәулеті мен тарихы ұштасқан Самарқан, Бұхара, Хиуа және Қоқан секілді көне қалаларды қазір туризм орындарына айналдырды. Қырғызстан мен Өзбекстанға келетін туристер саны біздің елімізден екі есе көп. Сондықтан, ендігі кезекте заманауи Нұр-Сұлтан мен Алматы емес, өркениет пен мәдениеттен хабар беретін Сарайшық, Отырар, Түркістан секілді көне ескерткіш қала орындарының жұлдызын жағуымыз қажет.

«Covid -19» індеті басталғалы әлемдік туризмнің 70-80 пайызы шығынға ұшырады. Бұл саланың қайтадан қалпына келуі үшін сарапшылар екі жыл көлемінде уақыт керек екенін айтады. Бұл жағдай бүгіндері қарқын алып жатқан ел туризміне де өз әсерін тигізді. Бірақ, едәуір жапа шеккен көбінесе туристік агенттіктер мен компаниялар. Елімізде 450-500 көлемінде туристік компаниялар болса, олардың 80-90 пайызы шет елге жұмыс жасап келген. Алпауыт мемлекеттер келушілерге шектеу қойған алғашқы карантин кезеңдерінде туристік агенттіктердің біразы шығын болып, салық төлеуде қиындықтарға ұшырап, мемлекеттен көмек сұраған еді. Туристік компаниялар өкілдерінің айтуы бойынша, қазір ішкі туризмді пайдалана отырып, халықтың қалтасы көтеретіндей тур пакеттер жасалынып ұсынуда. Сайып келгенде, көп сарапшылар қазіргі ахуал ішкі туризмді дамытуға қолайлы уақыт екенін айтады. Бастапқы карантин шаралары кезінде еліміздегі барлық курорттық демалыс орындары эпидемиологиялық жағдайға сәйкес санитарлық алгоритмді сақтауға мәжбүр болды. 700 мың көлемінде тұрақты келушісі бар тек Алакөл былтыр жаз мезгілінде ШҚО-дағы аурудың күшеюіне байланысты келушілерден ПТР тестті талап етті. Іргелес Ақмола маңындағы 300-ге жуық демалыс орындары да өткен жылы біраз келушілерінен айырылған еді. Адамдардың азаюы бұл бүкіл өңірдегі демалыс орындарына қиындықтар әкелді. Бірақ, туризм өкілдерінің сөзінше, қандай жағдайға қарамастан, елдегі туризм өз жұмысын тоқтатпауға тырысуда. Өйткені, жылына шетел асатын 4,5 миллион жарым қазақстандықтардың ендігі кезекте демалыс бағыты өз елімізде болуы қажет.

Туристік компаниялардың ішкі демалыс орындарына арналған тур пакеттері қанша тұрады? Қазақстанға қарағанда, шетелге қыдырып қайту тиімді әрі арзан деген сөздер бар. Бұл қаншалықты рас?

Түркия, Египет, Грузия, Дубай мемлекеттеріне әр түрлі туристік компаниялардың тур пакеттері 150 мың теңгеден бастап, қонақ үйлердің жұлдызына қарай 400-500 мың теңгеге дейін барады. Ал, былтыр көктемде нағыз эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрған шақта ашылған Ақтаудағы «Rixos Water World» бес жұлдызды қонақ үйіне 3 түнге қону үшін екі ересек адамға 459 мың теңге деп көрсеткен. Қазір Алматы маңы, Бурабай, Қатон-Қарағай жерлерінің табиғатын көруге және Алакөл, Балқаш көлдеріне сапарлап қайту үшін бір-екі күндік тур пакеттер көбейген. Мысалы, Алматыдағы Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалына 2 күндік сапар 35 мың теңге болады екен. Сапар ішінде барып-қайту транспорты, қонақ үй -3 мезгіл тамағымен және гид. Алакөлге де 2 күндік сапар дәл осындай тур жиынтығымен 20-25 мың теңге шамасында болса, Балқашқа екі күндік сапар 30-35 мың теңгеге жуықтайды. Ал, Қатон-Қарағай жеріне бір апта болып қайтамын десеңіз, 100 мыңдай ақшаңыз дайын болсын. Бұл туристік агенттіктердің ұсынып отырған арнайы жасақталған пакеттері. Өзіңіз еркін жүріп-тұрамын десеңіз, Қазақстанның қай-қай демалыс орнына барып-қайту туристік компаниялар ұсынып жатқан бір шетелге барудың ақшасына жетіп қалады.

Елдегі қызмет көрсету деңгейін сөз қылатындар көп. Қазақстанның әр аумағында қызмет көрсету әр түрлі. Бағасы орташа немесе төмен демалыс орындарында сервис төмен болады. Ал, бағасы жоғары демалыс орындарында сәйкесінше, сервис те көңілден шығады. Қазір әлеуметтік желілерде түрлі трэвел-блог жүргізетіндер көбейді. Олардың айтуынша, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету Бурабайдағы «Rixos Borovoe» қонақ үйі, ШҚО-дағы шипажайлар мен Алматыдағы Көлсай маңындағы демалыс орындары Еуропа елдерінен кем түспейтінін айтады. Бірақ, елде қызмет көрсетуде бірыңғай стандарт жоқ. Оны қалыптастыру үшін бірнеше жылдар қажет. Қызмет көрсетуі жоғары жерлерге баруға халықтың 60-70 пайызының жағдайы тарта бермейді.

Карантин шаралары күшейіп тұрған шақта ішкі туризм үшін үлкен жаңалық болған бұл Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен –Сарай» туристік кешенінің ашылуы. Туристік кешеннің инвестициясына 87 миллиард теңге құйылған. Бір уақытта 10 мың туристі қабылдай алатын кешеннің құрылысы 2019 жылдың соңында басталған болатын. Көпфункцияналды кешенге «Жібек Жолы» дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, ат шоуын өткізетін амфитеатр, Шығыс базары мен сауда орындары, мейрамханалар мен қонақ үйлер, СПА-орындары мен фитнес орталықтары, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Ақпараттар бойынша кешенде 4 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылған. Барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланысады. Судағы «қайық шеруі» театрландырған шоуы көп келушінің көңілінен шығып жатыр. «Қазақстанның Венециясы» атанған жаңаша Түркістанның келбетін тамашалау үшін осы күні еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып жатқан адамдар көп. Мамандардың айтуынша, болашақта кешенге жылына 300-400 мыңдай адамның келуіне жағдай жасалмақ. Бұл жаңа кешенге жолыңыз түсе қалса, қызмет көрсетуі жоғарғы қонақ үйде бір күніңізге 25-50 мың теңге арасында орын таба аласыз.

Әлемді ауру дендеп тұрғанымен, еліміздегі туризмнің жайы жақсы. Тек қалтаңызда ақшаңыз болса болғаны. Кейбір демалыс орындарын қымбат десек те, әлі де ішкі туризмде бәсекелестік артпай отыр. Сұраныс көбейсе, сөзсіз бәсекелестік те артады. Бірақ, әлі де отандастарымыз елден гөрі шет елде қыдыруды жөн көреді. Өткен жылы БАӘ-не әуе жолы ашылып, қазақстандықтар билеттің бірін қалдырмай сатып алғаны туралы жаңалық шыққан еді.

Қазақстандағы туризмді арттыру үшін өз өркениетіміз бен мәдениетімізді тиімді қолдану керек болып тұр. Туризм жайында мәселе көтеріп жүрген профессор Орденбек Мазбаев БАҚ-тағы берген өз сөзінде туризмнің индустрия саласын дамыту қажет екенін айтып жүр. Оның бірі -киіз үй шығаратын зауыт. Көрші қырғыз бауырларымыздың киіз үйді ішкі туризмде қалай тиімді пайдаланып жатқанын көріп жүрміз. Шетелден келетіндер көп болсын десек, елдің өркениетін туризммен біте қайнату керек. Қорыта келгенде, елімізде туризм саласындағы біраз мәселелерді шешу үшін халық айтпақшы, өз алдына жеке министрлік қажет секілді.

Сүйкім Аяпбергенқызы

Пікірлер