Мақсат ХАЛЫҚ: Экономист ретінде несие алуға кеңес бермеймін

7465
Adyrna.kz Telegram

Мен экономист ретінде несие алуға кеңес бермеймін, бірінші кезекте тұтынушылық несиеге жоламаңыздар. Оның бөліп төлеу құралдарын ғана қолдансаңыздар болады.

Дей тұрғанмен, заттарды пайызсыз бөліп төлеуге беретін жерлерде банк келісімшарты екі жылға бөліп төлеуді көрсетсе де, кесте екі жарым жылға жасалатын кездер бар.

Ол қандай жағдайда десеңіз, егерде сіз бір айларда төлемді екі-үш күнге кешіктірсеңіз, бірден екі жарым жылға созып жібереді. Ал ол сізге қосымша үстеме, қосымша пайыздарды қосады. Бұл тұрғыда «Оның барлығы неден?» деген заңды сұрақ туады.

Бізде өкінішке қарай азаматтар келісімшартпен толық таныспайды.
Халық арасында «көрінбейтін пайыздар», «банктер қосып жібереді» деген сөздер көп. Бірақ, ол – көрінетін пайыздар. Келісімшартта барлығы жазылады.

Егер де төлемді кешіктірсеңіз, қанша қосатыны, қай кезде қосылатыны туралы барлығы көрсетіледі. Пайыздарға аса мән берген дұрыс. Қаржы менеджері несиелер 10%-бен беріледі деуі мүмкін. Тіпті, одан да аз пайыздар айтуы ықтимал.

Дегенмен жылдық тиімдік пайыздық мөлшерлеме дегенді де ұмытпаңыздар! Ол қазақша «ЖТМС-жылдық тиімді мөлшерлеме сыйақысы» деп қысқартылып жазылады әрі 27%, 33%-дан басталады деп көрсетіледі. Десек те, ол сол пайыздардан басталады. Оның шегі қай санға дейін баратыны белгісіз. Заң бойынша, шегі 56%-ға дейін деп айтылады.

Демек, кез келген банк жылдық пайыздық мөлшерлемесін 56%-ға дейін көтеруге құқылы және оған ешкім сөгіс жарияламайды. Мәселен, несие алуға бардыңыз, қаржы менеджерімен сөйлесу барысында сізге жылына 40% немесе 50%-бен несие рәсімдеп қоюы мүмкін. Ал оны білмеуіңіз де ықтимал.

Сондықтан да қаржы менеджерімен сөйлесіп жатқан кезде «Сіздердің жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемелеріңіз қанша?» деп сұрасаңыз, ол сіздің белгілі бір дәрежеде қаржылық сауатты екендігіңізді біледі. Сонда ғана пайыздар қосу мәселесі орын алмайды.

Мақсат ХАЛЫҚ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер