Діни отарлау миссиясы және Науан хазірет

3150
Adyrna.kz Telegram

Қазақ даласын рухани отарлау мәселесінде ең мазмұнды, өзекті тұсы – рухани отарлаудағы әрекеттер. Өйткені, кез келген халықты жер бетінен тұтас жойып жіберу үшін оның рухани тамыр-бастауларын үзу керектігі, сол арқылы халықтың тарихы мен тілі, дәстүрі жойылғанда ғана үстемшіл топ өз мақсатына жететіні даусыз. Әсіресе, ұлттың далалық наным-сенімі, құдайды тану жолындағы берілгендігін ажырату мақсатында қазақ даласындағы діни отарлық саясат қазақтар Ресей құрамына енбей тұрған кезеңдерде, яғни оған көршілес елдердің (татар, башқұрт) мұсылмандығына қарсы шабуылдар Петр І дәуірінен басталады.

Белгілі зерттеуші Б. Қайртұлының «Қазақия қалай отарланды?» атты танымдық-тарихи кітабында «І Петр патша 1725 жылы қабылдаған аса құпия өсиетнамасы: «Мұсылмандарды шоқындырып құртыңдар, угро-фин, түркі, моңғол-манжур текті жұрттарды ассимилияцияға ұшыратыңдар...» деу болғанын жазады. Орыс емес халықтарды шоқындыру әрекетін түбегейлі жүргізу үшін 1731 жылы Сенаттың қасынан «Шоқындыру кеңсесі» құрылып, кеңес жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында Қазан қаласында руханият (духовный) академиясы ашылды. Миссионер мамандар осында дайындалып, олар «орыстандыру палатасы» мен «қоныстанушылар кеңсесінің» майталмандары болып шығады.

Отарлаушылар бұратаналарды шоқындырудың жоспар-жобасын жасап алған соң, қазақтарды нақты шоқындыру ісін 1808 жылы жүйелі жүргізе бастады. Қазақтарды шоқындыру Қазақ қаласы арқылы келді, ресми түрде 1862 жылдан басталды десе де болады. Ол: «Егер орыстардың мүддесі қажет ететін болса – онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкім қарсы болмау керек» – деген пиғылда жүргізілді. Істі бір жақты ету Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.В. Григорьевтің тапсырмасымен миссионер Ильминскийге жүктелді.

1870 жылы патшалық Ресейдің Ағарту министрлігі «Ресейде тұратын жатжұрттықтарды сауаттандыру шаралары» атты құжат қабылдайды. Осы құжатта көрсетілгендей орыс емес халықтарға білім берудің үш түрлі бағыты анықталды.

Бірінші бағыт – сабақ сол ұлттың тілінде, бірақ міндетті түрде орыс әліпбиімен оқытылсын.

Екінші бағыт – сабақ таза орыс тілінде оқытылсын, түсінбеген жағдайда басқа тілді пайдалануға рұқсат.

Үшінші бағыт – сабақ тек қана орыс тілінде жүргізілсін.

Осы құжатта айтылған негіздемелер бойынша миссионерлерге үкімет тарапынан тапсырмалар берілді және орыстандыру идеясын іске асыру үшін генерал-адъютант фон Кауфман арнайы жоспар жасап оны Ағарту министріне бекіттіріп алып отырды.

Ал, миссионер ғалым Остроумов болса азиялық түркі тектестерді орыстандырудың желісін анықтай келіп: «…орыс халқымен және орыс

мемлекетімен түземдіктерді жақындастыру бағыты – тікелей орыс транскрипциясымен жүргізілуі керек және орыс әліпбиіне ешқандай өзгеріссіз, қосымшасыз, қысқартусыз жүргізу талабы басшылыққа алынуы тиіс», – деп жазады.

Патшайым ІІ Екатерина 1785 жылдың 25 қараша күні жарлық шығарып, қазақ сияқты отарланған бейбақтарға дін мен оқуды қалай жүзеге асыру жайлы нұсқаулық береді. Осы құжатта: «...қырғыздардың (қазақтардың) арасына Қазан татарларынан іріктеп, бізге шын берілген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарды патшаға берілген рухта тәрбие жүзгізсін! Бұл молдалардың шығынын үкімет мойнына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріп тұрсын» делінген. Осы орайда дін атын жамылған «указной» молдалардың аяр қылықтарын Құрбанғали Халида «Тауарих хамса» кітабында аяусыз әшкерелейді. «Указной молда» – Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін енгізген қызмет, лауазым.

· Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды;

· Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін тағайындалған молда ғана жүргізеді;

· Молда азаматтық басқармаға сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады;

· Молдалар облыстық басқарма мен әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады;

· Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады;

· Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін медіресе ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек деген баптар бар

«Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де тапсырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп, айып төлетіп, әуіре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы қай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды» деп жазды Қ. Халиди.

Дала қазақтары миссионерлер ісіне қарсыласып бақты. Ашық күннің астында мұсылманшылықты қолдан жасап, күштеп, мәжбүрлі түрде шоқындыру саясаты дендеген сайын наразылықтар да көріне бастады. Көкшетауда Науан қазірет, Ақмолада Шаймерден Қосшығұлов, Өскеменде Құсайын, Зайсан уезінен Құрбан қажылар білдірген қарсылықтардан соң, діни отарлау саясатын енді оқу арқылы, оқыту жүйесі арқылы жалғастыру көзделді. Қазақ даласында алғашқы мектептердің ашылуы, мұндағы миссионерлердің әрекеті, қазақ ағартушыларының қызметі, әліпбиді өзгерту секілді жұмыстар сол кезеңнің жемісі болатын.

Алаш қайраткері Науан Хазірет қазақ елінің ұлттық болмысын, тәуелсіздігін сақтап қалу жолында Қазан мен Қырым татарлары тапқан жолды, яғни Маржани мен Гаспаралы жолын дұрыс бағамдап, сол жолда жастарды діни-ағартушылық бағытта тәрбиеледі. Осы орайда жоғарыдағы авторлар жинақтаған энциклопедиялық жинақта мынадай тұжырым Науан Хазіреттің алаш идеясына жол сілтегендігін айғақтайды. «Ресейдегі батысшыл және шығысшыл оқығандарды мәмілеге келтіре алған осы жәдитшілдік қазақтың негізгі ағартушылығының – Алаш құбылысының іргетасын қалады».

Жоғарыда сөз еткендей Қазан мен Қырым татарлары, Ресей империясындағы мұсылман халықтары, Көкшетау қазағы Науан Хазіреттердің жәдиттік көзқарастарының калыптасуына ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында бүкіл әлемде ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі, Ресейдегі билеуші монархияға карсы бағытталған демократияшылдық үрдістің етек жаюы, орыс емес халықтарда зиялы топтардың пайда болуы сияқты қоғамдық құбылыстардың зор әсері болды. Көптеген аймақтарда саяси партиялармен, қозғалыстармен бірге жәдиттер (жаңашылдар) деп аталған мәдени-ағартушылық бағыттағы қозғалыс та пайда болды. Бұл қозғалыстың түпкі мақсаты түрік халықтарын отарлық езгіден азат ету еді. Ал оны іске асыру үшін дін-исламдағы жәдитшілдікті түрікшілдікпен ұштастыру, түрік ұлтшылдығын насихаттау, жаңа тәсілмен оқытатын мектептер ашу көзделді.

Науан Хазірет Көкшетау өңіріне келе салысымен халық ағарту саласына көп көңіл аударып, қазақ балаларын білім алуын қадағалауды қолға алады. Мешіт жанына қараңғы қазақ балаларын жинап, әсіресе Ә. Бөкейханша айтар болсақ, «қыр баласын» оқу-білім үйренуге шақырады. Ауыл молдаларын жинап, олардың білімін одан әрі жетілдіруге жұмыс жасайды. Мешіт жанынан, халық қаражатымен интернат та салдырады. Әрине, бұл қажырлы қайраткердің көреген саясатымен, қажырлы еңбегінің арқасында іске асады. Өзіне көмекші алып, оқу-ағарту ісін одан әрі жетілдіреді.

Науан Хазіреттің ұлт тарихындағы мектеп қалыптастырудан басқа екінші ерлігі: орыстанып, шоқынып бара жатқан халқы үшін, анау Түркияғада хат жолдап, әр тараптан білімге кенелудің жолын іздегендігі болатын. Профессор, әдебиетші ғалым Ж.Смағұловтың «Ұлттық әдебиеттану әлемі» кітабында Науан Хазірет туралы былай делінген: «Көкшетау мешітінің имамы атақты Науан Хазірет (Наурызбай Паласов) пен осы мешіт жанындағы интернат мұғалімі Шаймерден Қосшығұловтың Россияның отаршылдық саясатына, діни мекемелерді, мешіттерді жауып, дін иелерінің мұсылман дінінің шариғат жолымен қызмет жасауына тиым сала бастаған жаңа тәртібіне қарсы күрес ұйымдастыру мақсатында жер-жердегі ел сыйлайтын адамдармен байланыс жасады. Бізге Ш.Қосшығұловтың Абайға жазған екі хаты белгілі. Алғашқысы – ақынның баласы Тұрағұлға беріп, ол «шылым орау» үшін болыс Р.Құдайбердинге беріп, тініткен кезде соның қалтасынан шыққан хат. Екіншісі - Абай Семейдің уезд бастығы Новроцкийдің қатысуымен Арқат почта бөлімінен алып берген хат. Абай

үйін тінту – 1903 жылы болған оқиға. Науан Хазірет пен Ш.Қосшығұлов бастаған адамдардың қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы іс-әрекеті ертерек басталған болуы керек.

Ә. Бөкейхан «Қазақтар» атты мақаласында: «Ол құжаттарда дінге және жерге қатысты мәселелер саяси-бостандық мәселелерінен де бұрын алға қойылды. Арыз-тілек хатты дайындауға орыс әдебиетінің негізінде тәрбиеленіп, еуропалық мәдениетке құлай сенетін, отанының бақытын батыс мәдениетінің жемістерін тиімді пайдалана білу - деп есептейтін, діни мәселелерді екінші қатарда қарастыратын интеллигенттер де, сондай-ақ, шығыс мәдениетімен сусындап, ұлттық-діни өзгешелікті насихаттауға ерекше ден қоятын зиялылар да араласты. Бұлардың алғашқысын - батысшылар, екіншісін - түрікшілдер деп атауға болар еді [2, 74].

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан жоғарыдағы «Қазақтар» мақаласында Ресей патшалығы тарапынан қазақ жерінде отарлау саясаты жүргізіліп отырғанын айта келіп, əсіресе, орыстандыру, қазақтарды мұсылман дінінен аластатып, христиандандыру əрекетін əшкерелейді. Осындай езгіге қарсы оянған халық наразылығы көптеген беделді адамдар қол қойған прокламация атты құжатта жарияланған.

Осы бір күрделі тарихи жағдайда мұсылмандық факторға үлкен қауіппен қарап, оның отаршылдыққа қарсы күш екенін түсінген патша өкіметі мектеп-медреселерді құрту мақсатында үлкен шаралар қолданған. Ә. Бөкейхан бұл еңбегінде Науан Хазіретке арнаған бірер ойларын жазады. «Орыс үкіметі қарауындағы қазақ халқын бауырына жақынырақ тарту үшін Науан хазіретті жер аударғаннан басқа ештеңе ойлап таба алмады-ау» деген сөздің авторы да Алаш руханиятының көсемі Әлихан Бөкейхан еді.


Заңғар КӘРІМХАН,

педагогика ғылымының магистрі

Пікірлер