Желтоқсан жаңғырығы

3486
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысқандар, қоғам белсенділері және қала басшылығы Желтоқсан оқиғасы құрметіне тұрғызылған "Тәуелсіздік таңы" ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Рәсімге қатысқан жүздеген адам оқиғада қаза болғандарды үнсіздікпен еске алып, құрбандар әруағына бағыштап құран оқыды. Желтоқсан оқиғасын еске алу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Рәсімге қатысқандар арасында қалалық жастар ұйымдары, мәслиxат депутаттары және зиялы қауым өкілдері болды.

Ескерткішке гүл шоғын қойғанда белсенділер де, әкімдік өкілдері көп алдында сөйлемей рәсім соңынан желтоқсан оқиғасы құрбандары құрметіне берілетін асқа баратын болып тарқасты. Жиналғандарды әкімдік тарапынан бөлінген арнайы автобус асқа алып кетті. Гүл шоғын қояр алдында алаңға жиналған бір топ адам "Желтоқсан желі" әнінің сөзін сәл өзгертіп шырқап тұрды.

Рәсім кезінде алаң маңайында полицейлер мен полицияның микроавтобус көліктері байқалған. "Тәуелсіздік монументі" мен "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші орналасқан Республика алаңы мен оның жоғарғы жағындағы Алматы қаласы әкімдігі маңында кешеден бері полиция автобустары мен микроавтобустары жиі ұшырасқан.

1986 жылы Мәскеудің Қазақ ССР-і басшылығына республикаға белгісіз Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешімі студент және жұмысшы қазақ жастарының наразылық шеруіне ұласқан. Алматының орталық алаңында екі күнге жалғасқан шеруді билік күшпен басып-жаншыды. Желтоқсан оқиғасынан кейін жүздеген адам жоғары оқу орындарынан шығарылды, жұмысынан қуылды. Желтоқсан оқиғасына қатысты нақты қанша адамның қуғынға ұшырағаны әлі күнге белгісіз.


«Азаттық радиосы».

Пікірлер