Балабақшада біреудің баласын ұрып, жұмыстан қуылған тәрбиеші көп ұзамай өз орнына қайта алынды. Осыған наразы болған Жамбыл облысындағы Шақпақ ата ауылының тұрғындары арнамызға шағымын айтып хабарласты. Олардың айтуынша, бүлдіршінге қол жұмсап, теріс қылығымен танылған тәрбиеші мекеме басшысының бұйрығымен жұмыстан шығарылған. Алайда, балабақша директоры еңбек демалысына кете сала оның міндетін уақытша атқарушы орынбасары қуылған маманды жұмысқа қайта қабылдап алыпты. Бұған ауыл тұрғындары наразы. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
5 жасар балаға жұдырық жұмсаған тәрбиеші осыдан екі ай бұрын ғана қызметінен қуылған болатын. Алайда, мекеме меңгерушісі еңбек демалысына кетісімен оның орнына уақытша отырған басшы қуылған қызметкерді қайта жұмысқа қабылдаған.
ГҮЛБАХАР КЕСЕМБАЕВА, ШАҚПАҚ АТА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
"Не үшін алады, қалған тәрбиешілердің бәрі ұра берсін дейді ме?".
ҚАЛДЫБЕК ҚУАНЫШБЕКОВ, ШАҚПАҚ АТА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
"Қазір біреуін ұрса, ертең екіншісін ұрады. Сондықтан біз балаларымызды ұрғызып қойып қарап отыра бермейміз ғой, талап етеміз шығарылғанын".
Ал мекемеге уақытша басшы болып қалған қызметкер мұндай шешімді шығаруды аудандық білім бөліміндегілер бұйырғанын айтады.
ЖАНАР МЕЙІРМАНОВА, ШАҚПАҚ АТА БӨБЕКЖАЙЫ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
"Білім бөлімі басшысының міндетін атқарып жатқан Салтанат Каукаева деген әпкемізге жолығып, сонымен қайта қарастырылып, қаралып барып жұмысқа келіп отыр".
Еңбек демалысына кеткен мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі тіптен аң-таң. Ол «Өз қолыммен қол қойып, өзім шығарған бұйрықты бұзғандар беделімді аяқ асты етті» деп отыр.
РАБИҒА ЖӘДІКЕЕВА, ШАҚПАҚ АТА БӨБЕКЖАЙЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
"Мен жұмыстан заңды деп тауып шығарып отырған адамды қайтадан кері өздері менің рұқсатымсыз, келісімсіз, бұйрығымды бұзып қабылдап отыр ғой. Ал енді ата-аналардан да арыздар түсіп жатыр. Басшы ретінде мен оны жұмыстан шығармасам ертеңгі күні сый-қадырым да қалмайтын шығар".
Жуалы ауданындағы білім бөліміндегілер бұл жағдайдан еш хабарсызбыз деп ақталды. Бірақ, барып, жағдайды біліп қайтуға уәде берді.
САЛТАНАТ ҚАУҚАЕВА, ЖУАЛЫ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
"Комиссия тарапынан зерделеу жүрізілгеннен кейін сол жерде комиссиялық шешім қабылданады ғой қанша дегенмен. Өз көзімен көрмегеннен кейін мен қазір ештеңе дей алмай тұрмын".
Тұрғындар мен тәрбиеші арасындағы тартыстың мән-жайын енді арнайы комиссия анықтамақшы. Бірақ ауыл жұрты таяқтайтын тәрбиешіні орнынан кетірмей тынбаймыз деп отыр.