Қорғаныс министрлігі: Түркияда жасалған дрондармен жабдықтау қарастырылуда

2534
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне арнайы сауалдарымызды жолдап, оған тиісті жауаптар алдық. Сұрақтар мен жауаптар реттілігін өзгертпестен беріп отырмыз. 

Қазақстан резервтік әскери жүйені енгізуді жоспарлауда. 2024 жылы алғашқы резервистер шақыртылмақ. Аталмыш жүйе қалай жұмыс істейді? Жылына қанша резервтегі әскерді шақыру жоспарда бар? Жобаға жылына қанша қаржы бөлінеді?

Резервтегі қызмет аумақтық принципі бойынша (тұрғылықты жері бойынша) келісім шарт бойынша әскери қызметті, азаматтың негізгі жұмысын және Қарулы Күштердегі қызметін қоса атқару, еңбек жалақысын сақтауын, қосымша ақшалай төлемдерін және жеңілдіктерді беруді білдіреді.
Резервшілер оқуда және әскери жиындарда болған мерзімде әскери қызметші мәртебесіне ие болады.
Айтылған азаматтар санатын даярлау, жауынгерлік даярлық бағдарламасы бойынша айына бір-екі сабақ және оқыту бағдарламасына сәйкес бөлімшелерді үйлестіру үшін жиын (оқу-жаттығу) (жылына бір рет 30 күнге) шараларын өткізу есепке ала отырып, жылына 60 (алпыс) күн шамасында өткізуге ұсынылады.
Ай сайын, жиындар өту мерзімін алмағанда, резервшіге Қазақстан Республикасы бойынша ең төмен еңбек жалақы (42 500 теңге) төленеді.
Ал жиындар өткізу мерзімінде ақшалай қаражаттар резевшінің орта айлық еңбек жалақысы мөлшерінде төленеді.
Одан басқа, резервшілер мынадай жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі:
1) сабақтар мен жиындарға қатысу уақытында жұмыс орнының сақталуы;
2) нормаларға сәйкес, киім-кешек мүліктерімен қамтамасыз етілуі;
3) сабақтар мен жиындарға қатысу уақытында тамақпен, медициналық қамсыздандыру;
4) резервтегі қызметтен алатын кірістерді салықтан босату;
5) қаза болған, мүгедектікті анықтаған, зақымданған жағдайда, жерлеу шығындарына өтемақысымен.
Резервтегі қызметті кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Бастапқы кезеңде (2024-2025 жылдары) ҚР-ның екі-үш облыстарында 5000-нан астам азаматпен келісімшарт жасау жоспарлануда. Әрі-қарай, резервтегі қызметтің көпшілікке таралуына, сонымен бірге ақшалай қаражаттың бөлінуіне қарай, тұрақты негізде өткізіледі.

Қазақстан əскері коронавируспен күресу барысында қандай қызметтер атқаруда?

2020 жылдың наурыз айында, елде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері коронавирустық инфекциямен күресуге, Қала көшелері мен әлеуметтік маңызы бар объектілерді дезинфекциялауға, патрульдеу мен санитарлық блокпосттарды ұйымдастыруға бірден тартылды.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Үшарал қалаларында төрт әскери-емдеу мекемесі коронавирустық пандемиямен күрес бойынша инфекциялық стационарлар ретінде қайта жабдықталды. Олар инфекциялық және провизорлық стационарлар ретінде пайдаланылды.

Сондай-ақ, Алматы облысында қысқа мерзімде, 72 сағат ішінде Тараздан көшірілген шатырлы лагері бар жылжымалы госпиталь орналастырылды. Ол 100 төсек-орынға есептелген және рентген жабдықтарымен, өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегі баллондарымен жабдықталған.
Сонымен қатар, Ақтөбеде медициналық кешен, әскери лазареттерде екі мобильді бөлімше және 23 дәрігерлік-мейірбикелік бригада құрылды.

Пандемияның басынан бері бюджет қаражатынсыз Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі ПТР-зертханасы іске қосылды, ПТР және ИФТ-диагностикасын жүргізу мүмкіндігі бар екі мобильді зертхана сатып алынды, олар Ақтау және Семей қалаларында жұмыс жасауда. Медициналық мекемелердің штаты инфекционист-дәрігерлермен, эпидемиологтармен және вирусологтармен толықтырылды.

Талдықорған, Аягөз, Семей және Сарыөзек әскери лазареттерінде төрт инфекциялық изолятор құрылып, жұмыс істеуде. Денсаулық сақтаудың азаматтық секторы мүддесінде коронавирус инфекциясы бар науқастарды қабылдау және емдеу үшін ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жалпы сыйымдылығы 300 төсек-орын болатын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әскери госпитальдар іске қосылды.
Қазіргі уақытта, қажет болған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен Қарулы Күштерді қолдануды медициналық қамтамасыз ету үшін 2 300-ден астам әскери қызметшіні, блокпостар мен патрульдеу үшін – 4 500 адамды және дезинфекциялау іс-шаралары үшін 1 000-нан астам адамды жұмылдыруға болады.

Қорғаныс саласында жаңа қару түрлерін алу бойынша жасалып жатқан келісімдер туралы айтсаңыз. Қоғамда кеңінен талқыланып жүрген соққы жасаушы Түркия дрондарын алу бойынша Анкарамен келісім бар ма?

Қорғаныс министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі Қарулы Күштерді соңғы үлгідегі қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру болып табылады.
Бұл бағыттағы жұмыс ұдайы жүргізіледі. Қарулы Күштердің алдында тұрған басым міндеттерге сәйкес әскерлерді қазіргі заманғы, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жоспарлануда.

Қарулы Күштерді жарақтандыруды жоспарлау кезінде негізгі күш-жігер авиациялық техника паркін, оның ішінде әскери-көлік авиациясын, ҰҰА, ӘШҚҚ, РЭБ, барлау, байланыс, РХБЗ және робототехника құралдарын жаңартуға бағытталған.

Бұл ретте Қарулы Күштерді қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жаңа үлгілерді сатып алу жолымен де, сол сияқты жарақтандыруда тұрған және пайдалану ресурсын ұзартуға мүмкіндік беретін белгілі бір технологиялық қоры бар техникаға күрделі жөндеу жүргізу және жаңғырту арқылы да жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, жеткізушілермен және өндірушілермен шарттарды уәкілетті мемлекеттік орган атынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасасады.
ҚР ҚМ қарулы күштерді әртүрлі мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, оның ішінде Түркияда жасалғандарымен жабдықтау қарастырылуда. Осыған байланысты жан-жақты зерделеу мақсатында қойылатын талаптарды қанағаттандыратын оңтайлы үлгіні таңдау үшін қару-жарақ нарығының мониторингі ұйымдастырылды.

Қарулы Күштерді жарақтандыру үшін барлау-соққы бешсыз ұшу құрылғыларының үлгілерін таңдау жөніндегі шешім: қару-жарақ нарығының мониторингі, тиісті мамандарды сараптамалық талдау және ведомствоішілік кеңесші органның қарауы рәсімдері аяқталғаннан кейін қабылданатын болады.

Қазақстан əскерін бітімгерлік миссиямен Ауғанстандағы жағдайдың күрт нашарлауына байланысты тəжік-ауған, түркімен-ауған, өзбек-ауған шекарасына жіберуді ҰҚШҰ (ОДКБ) немесе мемлекетаралық келісімдер жасау ойластырыла ма?

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттермен ратификацияланған нормативті құжаттарға сәйкес ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің құралдары мен күштері егемендігіне, тұрақтылығына және аумақтық тұтастығына қауіп төніп тұрған бір немесе бірнеше мүше мемлекеттің ресми сұранысы негізінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен қолданылады.

Бұл ретте Қазақстан ұлттық заңнамаға сәйкес өзінің әскери контингентін ҰҚШҰ-ның ұжымдық күштерінің құрамында, сондай-ақ БҰҰ (ООН) бағыты бойынша (БҰҰ ҚК мандаты болған жағдайда) ҚР Парламентінің шешімімен ғана жібереді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер