Латынға көшу: не істелді, не жасалмақ?

3107
Adyrna.kz Telegram

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне отыз жыл толады. Осы жылдар ішінде ел үшін аса өзекті шешімдер мен мәселелер қабылданылып келеді. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу. Бұл мәселенің қоғам арасында көтерілгеніне үш-төрт жыл болса да, бастапқы кездегідей халық арасындағы пікірталастар мен көзқарастардың дені бүгінде басылып қалғандай. Кейбірі бұл ұлт үшін дұрыс шешім десе, әлдебір адамдар әлі күнге дейін сенімсіздікпен келісе қоймайды. Шешімі қиындаған бұл тақырып шынымен ұзын-сонар жырға айналып барады. Өйткені, ұсынылып жатқан әліпби үлгілері көпшіліктің көңілінен бірден әрі бірдей шықпайды. «Бұл мәселе болашақта қалай өрбімек?» «Кімдер жауапты?» «Қай жылы латын әліпбиіне анық көшеміз?» деген сұрақтар әркімнің көкейінде бір жүргені анық.

Қазақ елінің тәжірбиесінде латын қарпіне көшу туралы пікірталастар өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта тұсында басталады. «Еңбекші қазақ», «Жаршы» секілді ертедегі басылым беттерінде қазақ зиялыларының осы мәселе төңірегінде ой-пікірлеріне негізделген жүздеген мақала шыққан көрінеді. Алғашқылардың бірі болып, Н.Төреқұлов 25 әріпті оның ішінде қазіргі ұсынылып отырған жобаларға ұқсас жіңішке әріптерді дәйекше арқылы ұсынады. Х.Досмұхамедов жобасын еуропа елдерінің тәжірбиесімен байланыстырса, М.Мырзаұлы, Ә.Байділдаұлының жобалары негізінен қазақ тіліндегі жіңішке әріптердің дәйекше арқылы ажыратылуымен қарастырылды. Ал, белгілі ғалым Т.Шонанұлы латын әліпбиіне көшкенімізбен, үндестік заңы міндетті түрде сақталуы керек екенін ескертіп, 16 түркі халықтарының қаріп үлгісін салыстырып, ғалым шамамен 25 әріптің үлгісін ұсынады. Яғни, байқап қарасақ, қазіргі ұсынылып жатқан үлгілердегі дәйекше, таңба санының 25-28 -дің шамасында болуы бұл сонау өткен ғасыр басындағы ұлт зиялыларының заманында да болған. Сондықтан, қазіргі тіл орталықтарының, ғалымдардың ұсынып жатқан жобалары да аспаннан алынып, ойдан құрастырылып жатқан жоқ. Ұлт қайраткерлерінің бастаған бастамасы, көрсеткен үлгісі. Ал, енді халықтың оған дейінгі сауаты арабша ашылғасын, латын әліпбиіне байланысты осындай мәселелер туындап жатқанда, мұндай емлеге келіспегендер де болған. Жиырмасыншы жылдары «Латыншылдар», «арабшылдар» деп екі топқа бөлінген қайраткер-ғалымдар да болған. Осы кезде Әзірбайжан түріктері бастаған Шығыс елдерінің елуден аса халқы бес-он жылдың ішінде латын қарпіне көшіп үлгіреді. Ұзақ талқылаулардан соң, жоғарыда аттары аталған Т.Шонанұлы, Ә.Байділдаұлы, І.Жансүгірұлы, І.Қабылұлы секілді қайраткерлердің бірлескен жобасы 1930 жылы бекітіліп, ресми түрде басылым беттеріне ұсынылады. Бекітілген жобаның ерекшелігі «ә» жіңішке әрпі сол қалпында қалып, 29 қаріп жарияланады. Бұл нұсқаның ерекшілігі -бір дыбысқа бір әріп, жол үсті және жол асты белгілері жоқ, оқуға оңай, жазуға қолайлы, түркі халықтарының әліпби құрудағы принциптері қатаң сақталған. Бірақ, өкінішке орай латын графикасы қазақтың жаңа әліпбиі болып қабылданса да, сол кездері «ә», «қ», «ғ» секілді төл әріптердің стандартқа сай болмауы, орыстан еніп жатқан кірме сөздерді жазуда келеңсіздіктердің тууы, шылаулардың қиындығы 1938 жылы біздің қазіргі қолданып отырған кирилицаға көшуімізге алып келеді. Міне, бұл біздің өткен ғасырдағы латын әліпбиіне көшудегі тәжірбиеміз.

Осылайша, ғасырға жуық уақыттан соң тәуелсіз ел болып тұрған шақта 2017 жылы Елбасымыз «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық шыққан соң, Премьер-министрдің үкімімен Ұлттық комиссия құрылды. Атқарылатын іс-шаралар кезең-кезең бойынша 2025 жылға дейін жоспарланды. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғалымдары латын әліпбиінің қазақ тіліне негізделген орфографиялық ережесінің жобасын ұсынды. Осы жобаның төңірегінде Елордада «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» құрылды. Бұл орталықтың жанынан әдістемелік, орфографиялық және IT бағытындағы 4 жұмыс тобы іске кірісті. Қазіргі дәуір технологияның заманы болған соң, латын қарпіне байланысты барлық деректер қамтылған «QazLatyn» ұлттық порталы, жаңа әліпбиге көшу туралы түрлі бейнеблоктар, көрнекі ақпарат құралдары, бот арқылы жұмыс жасайтын көлемді “sozdikqor.kz” сөздік-порталы жасалды. Бұдан басқа мобильдік құрылғылар үшін түрлі бағдарламалар мен ойындар құрастырылып, кейбірі қоғамға ұсынылып жатыр. Мәселеге байланысты басқа түркі халықтарымен болсын, өзіміздің ірі қалаларда да түрлі конференциялар мен жиындар өткізіліп тұрады. Бұл айтылған істердің барлығы жоспарға сәйкес өз ретімен жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, шындығында бұл жасалынып жатқан жалпылама іс-шаралардың ретін халықтың көпшілік бөлігі біліп жатыр ма? Әлі күнге дейін ел арасында бізге «латын тілі» қажет емес деп шатасып жүргендер баршылық.

Жарлық қабылданғаннан бері латын қарпіне байланысты өз нұсқаларын ұсынып жатқандар аз емес. Жоғарыда аты аталған ұлттық комиссия бұл жобаларды жан-жақты қарастырып, емле ережесіне сәйкестігін, қолданысқа қолайлығын анықтайды. Ең алғашқы нұсқалардың бірі - «Bailatyn» жобасы. Бұл жобада бір дыбысқа бір таңба ұстанымы болмады. Мысалы, «а» және «ә» дыбыстарына ортақ «а» таңбасы белгіленген. «Ү» мен «і» дыбыстарында да сондай жағдай орын алған. Бұл жоба, әрине, аздап келеңсіздіктер туғызғанын бәрімізде түсініп отырмыз. Екінші, «Kazakh Grammar» жобасы. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелек те солай» демекші, мұнда да «қ» және «ғ» дыбыстарына ортақ таңба белгіленген. Сонымен қатар әліпби ретінде қазақ тілінің төл таңбаларының соңғы жағында орналасуы да ұлттық комиссия мүшелеріне ұнай қоймады. Үшінші болып, маңғыстаулық математик Қуантқан Вановтың ұтымды түрде математикалық-геометриялық бағытта 33 әріп ұсынды. Бірақ, халыққа сөздерді тез жазып үйренісіп кету үшін бұл нұсқаның да өз қиыншылығы бар. Төртінші Ескендір Тасболатовтың жобасы еді. Автор әліпбиіне «ц» дыбысын қалдырады. «Ғ», «ң», «ш», «ч» дыбыстарын диграф түрінде көрсетеді. Мұнда да алдыңғы жобалардағыдай қолайсыздық тудырар «и» мен «і» дыбыстарына ортақ таңба белгіленген. Күнде қолданатын «іні, ілгек» деген сөздерді «ини, илгек» деп тағы шатастырарымыз айдан анық. Кейін бесінші – Манас Сапарбаевтың ұсынған жобасында 8 диграф болса, Нұрлан Түлтебаевтың әліпби нұсқасында 33 таңба көрсетілген. «И» мен « у» әріптерін таратып жазуды ұсынған Н.Түлтебаевтың мәселесі орынды болғанымен, шұбалыңқылыққа жол беруге болмайды. Ал, атышулы соңғы жобалардың бірін ұсынушы – студент Абзал Дәуренбекұлы. Диграфтан қашып жүргенде, бұл нұсқада тіпті триграфта болған. Тағы бір ерекшелігі, автор «у» дыбысын «w» арқылы таңбалайды. Бұл аталған ұсыныстарға қатысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов ұлттық комиссия мүшелерінің бұл жобаларды талдай отырып, «бір дыбыс бір таңба» ұстанымы әлі де бірізділенбей тұрғанын айтады. Диграфтан құтылу керек, өйткені, басқа түркі халықтарының латын графикасында мұндай мәселе жоқ. Е.Тілешовтің басылым беттеріндегі айтқан деректері бойынша Жарлық шығып, бұл мәселе көтерілгелі отызға тарта жоба ұсынылған екен. Ал, қазір ұсыныстардың легі мүлдем сиреген. Яғни, бұл алғашқы кездегідей тілге жанашырлық жасап, мәселеге атүсті қарамай шулаған қоғамның тынышталғанын көрсетеді. Көптеген ғалым-мамандар мен халықтың сұранысын ескере отырып, соңғы ресми латын әліпбиінің нұсқасын премьер-министр осы жылдың қаңтар айында жариялады. Ақпараттарға сүйенсек, бұл іске 3500 тіл маманы және елдегі көптеген ЖОО -дағы елу шақты кафедра мен онға тарта үлкен университеттер қатысқан. Латын графикасына көшу жұмыстары оңтайлы болса, 2023-2031 жылдар аралығында толықтай көшу жоспарланып отыр. Оның ішінде, егер жаңа нұсқа сынақтан сәтті өтіп жатса, 2022 жылдан бастап бастауыш мектептің оқушылары латын қарпімен сауат ашуды бастайды. 2025 жылға дейін барлық іс-қағаздар, оқулықтар, мерзімді басылымдар көшеді деп жоспарланған. Білім және ғылым министрлігі мектеп сыныптарының латын әрпіне көшу кестесін ұсынған болатын.

0, 1, 2, 3, 4 –сыныптар -2023 жылға дейін;
5, 6, 7, 8, 9 – сыныптар 2024 жылға дейін;
10-11 сыныптар – 2025 жылға дейін;

Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері 2019-2025 жылдар аралығында латын әрпін үйрететін курстарға қатысып, білімдерін жетілдірулері керек. Сонымен қоса мемлекеттік органдарда дәл осы жылдары көшуге дайын болулары қажет.

Қоғам арасында латын графикасына көшуде бюджеттен кететін қаржыны уайымдайтындар да бар. Әсіресе, ол оқулықтар мен іс-қағаздарына байланысты. Жастардан гөрі үлкен жастағы адамдар да латын таңбасын қалай үйренеміз деп уайым қылады. Бірақ, әр нәрсенің өз шешімі бар. Қазір тіпті телефонға күнделікті 112 нөмірінен келетін немесе басқа да ұялы байланыстарға байланысты хаттар да көбіне латын таңбасымен келеді. Керек болғаннан кейін оны да оқып алып жатырмыз. Бұл күнде әлемде кириллицаны қолданатын 11 ел қалған. Орта Азияда Қырғызстан және Қазақстан. Бұрынғы кеңестік елдерден Украина мен Беларусь. Ал, әлемде 120-дан астам мемлекет латын графикасын қолданады. Сондықтан да, сенімсіздік танытып артқа тартудың қажеті жоқ. Қоғамда латын әліпбиіне көшуді ұлттық деңгейдегі мәселе десе, енді бірі саяси шешім ретінде қарастырады. Қанша дегенмен, латын жазуына көшу- елімізді әлемдік деңгейде тағы бір жолын ашары анық. Халқымыз тек жақсылыққа, жақсы сөзге сенген. Осының арқасы шығар кейбір өткізіліп жатқан қоғамдық сауалнамалар қазақ елінің 80-90 пайызы латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын айтады.

Латын жазуы десек, біз көбінесе түркі тілдес көрші халықтардың тәжірибесіне сүйенеміз. Өйткені, түркі тілдері бізге жақын, әрі ортақтасар заңдылықтарымыз бар. Мысалы, Түркия елі өткен ғасырдың басында Мұстафа Кемал Өзтүріктің бастамасымен 1928 жылы әліпби жөніндегі комиссия құрып, латын қарпіне негізделген түрік тілінің емлесін ұсынады. Сол жылдың қараша айында арнайы қаулы мен заң шығады. 1929 жылдан бастап, араб графикасына тыйым сала отырып, барлық мемлекеттік органдар латын жазуына көшеді. Бір жылдың ішінде мәселенің түйіні Түркия елі үшін оңай әрі сәтті шешіледі. Сол секілді, ХІХ ғасырдан соңында Әзірбайжан елі де латын жазуы мәселесін көтеріп, тәуелсіздік алғанға дейін толық көшіп үлгерді. Бүгінде Әзірбайжан көп жылдар бойғы талпыныстан кейін ТМД елдерінің арасында латын әліпбиіне көшкен ең бірінші мемлекет болып отыр. Көрші бауырлас өзбек халқы да латынға көшуді бізден жиырма жыл бұрын бастаса да, көптеген кемшіліктер болды. Екі рет әліпби нұсқасы өзгертілді. Дегенмен, өзбек бауырларымыз әлі де толыққанды латын жазуына көшті дей алмаймыз. Себебі, елдегі оқулықтар, кітап-еңбектер, газет-журналдар әзірше қос әліпби түрінде шығады. Кітапханалардағы көпшілік кітаптардың латын графикасында нұсқасы өте аз. Жасы үлкен адамдардың жаңа емлеге үйренісуі әлі де баяу жүзеге асуда. Басқа елдердің тәжірбиесін бөліскенімізбен, бұл процесс уақыт пен үлкен дайындықты керек ететінін көрсететіндей. Сондықтан, қанша асыққанымызбен, ел үшін мұндай күрделі процесте ел мен мемлекет арасында үлкен тұтастық пен ауыз-бірлік керек.

Әзірше, елімізде соңғы латын әліпбиінің нұсқасы қаңтарда жарияланса да, оған дейін көптеген мекемелер, мемлекеттік органдар, түрлі қызмет орындарының атауы латын графикасында беріліп жүргенін көріп жүрміз. Мәселен, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы 2018 жылдың қараша айындағы «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» заңына сәйкес рәміздегі «Қазақстан» жазуы латын графикасы бойынша «Qazaqstan» деп өзгертіліп берілді. Бұл жағдайды басылым беттері «Елбасының 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру тапсырмасына байланысты елтаңбаға өзгеріс енгізілді» деп түсіндірген болатын. Сол секілді, телеарна атаулары, мекеме атаулары, түрлі жекеменшік орындарда қазір атауларын кириллицадан латын жазуына ауыстырып үлгерді. Бұл қаншалықты дұрыс? Атауды өзгертуде қай нұсқаны негізге алады? деген сұрақтар ойға келеді. Біздің ойымызша, бұл сырттай көз үйретудің, латын графикасына байланысты істер атқарылып жатыр деген кейіп шығар.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникациялық, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» - деп Елбасы айтқандай, латын қарпіне көшу – заман талабы. Айналып келгенде, түбі бір түркі халықтарының басым бөлігі латын жазуын қолданады. Бұл халықтармен рухани, мәдени, ғылыми бағытта туыстығымыздың артуына да көмектесері анық. Қорыта айтқанда, латын әліпбиі еліміздің болашағы үшін тағы бір маңызды қадам болмақ.

Сүйкім Аяпбергенқызы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер