24 жастағы бойжеткен жеті үйір жылқыны жалғыз өзі бағып жүр

1180

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұратын Асыл Ахметова 12 жасынан бері аттан түспей мал бағып келеді. Кейінгі кездері ауылдың шынайы өмірін бейнелеген жылқышы қыздың жазбалары көпшілік қызығушылығын арттыра түсті. Сәйгүлік жаратып, бәйгеге шапқан бойжеткенге сүйсінген шетелдіктер аққайыңдар өлкесіне келуді армандайды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Qazaqstan» ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Жастайынан қылқұйрықты жануардың бабын тапқан бойжеткен қаланы тастап, ауылға келгеніне еш өкінбейді.

Ауылда 7 үйір жылқы бар. Асыл қысы-жазы соның барлығын жалғыз өзі баға береді. Аттың құлағында еркін ойнайтын бойжеткен бәйгелерге де қатысып жүр екен.

Асыл информатика пәнінің мұғалімі. Жұмыстан тыс уақытта жылқы бағып, бие байлайды. Қолы қалт етсе, ұлттық дәстүр, туған ауылы жайлы бейнероликтер түсіреді. Мақсаты - қазақтың дәстүр-салтын дәріптеу.

– Екі атым бар, мұның аты Залетный, екіншісі Джунгли. Бұл менің негізі бәйгеге шабатын атым. Кішкентай кезімнен бастап жылқыға деген бір ерекше махаббатым оянды деп айтса болады. Өзім ылғи қастарында жүргім келеді. Бір байланыс болып тұрады арамызда, - деді Асыл Ахметова.

Қыстың үскірік аязы мен жаздың аптап ыстығында мал бағу оңай шаруа емес. Дегенмен жылқы малының қадір- қасиетін танып өскен Асыл бұл кедергілерді оңай еңсеріп келеді. Асыл үшін үйірдегі әр жылқының орны бөлек. Әрқайсысының мінезін біледі. Себебі құлын кезінен баптаған. Түсірілім кезінде екі бие құлындап, жеті үйір жылқының қатары тағы көбейді.

Асылдың әкесі Есенғали Ахметовтің сөзінше, ол кішкентай кезінен жылқыны жақсы көреді. 5 жасынан бастап атқа отырғызған екен.
Даланың төсінде еркін тыныстаған Асылдың жаны жасандылықты сүймейді. Өзге қыздар сынды опа-далап, әшекей бұйым жылтыраққа қызықпайды. Бастапқыда анасы ерке өскен қызының ер азаматтың жұмысы деп құрық ұстауына қарсы болыпты.

– Әкесіне тартқан, болмайды жылқы-жылқы деп, барам-барам деп. Сосын енді баланың көңілі қалағасын жарайды дедік. Оқудан келгенде, жол жүріп келгенде, жылқыны сұрайды. Үйге кірмесе де, сол бірінші жылқыға барады, - деді Мәрзия Ахметова.

Асыл болашақта ауылды дамытып, ұлттық дәстүрді насихаттау үшін туристік орталық ашқысы келеді. Сондай-ақ жылқышы қыз желмен жарысқан сәйгүліктерімен бірге тарихи киноға түсуді де армандайды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы