Мұратхан ШОҚАН: Тобырды ізіңнен ерту құпиясы (Тобыр бірақ халық емес)

757
Тобыр халық емес
1.Тобырды мадақ арқылы ерту.Көп адамдар өмір бойы әлдекімнің ауызынан, әлдеқандай мадақ естуді күтіп жүреді. Сіз сол адамның естігісі келетін мадағын тауып айтсаңыз, ол сіздің адал мүритіңізге айналады. Сізден естіген мадақ басқалар оны балталаса да сіздің қасыңыздан кетірмейді.
2.Тобырды дүние арқылы тәуелді ету. Қиыншылық көріп, күнін көре алмай жүргендерге арқар жалақ бір нәрсе ұсыну. ,,Құлқын құсты торға түсіреді".
3.Тобырды үміт арқылы тәуелді ету. Алыс болашақпен алдарқату. Біздің жұлдызымыз жанатын сәт келе жатыр деген ертегіге сендіру. Оларға ойлап тауып, дәреже үлестіру. Үлестірген дәрежеңді қоңыраулатып қою. Ары қарай сөзіңді сөйлетіп қойып солардың есебінен күніңді көре бересің. Олар сен үшін жан беретін дайын әскерге айналады.
4.Тобырды таңқалдыру оңай. Сеніміне кірген тобырға су төмен қарай ағады, аспан көк, шөп жасыл десең жетіп жатыр. ,,Бұл расында ақиқат ғой, қандай данышпандық!" деп шу ете қалады. Өзге біреулер, бұған неге таңқаласыңдар, жұрттың бәрі білетін нәрсе ғой десе, көре алмай жатырсыңдар деген сандырақтарын жаудырады.
5.Тобырды ниеттес болғансып тәуелді ету. Тобырдың жан жарасын тауып, соған ем іздеуші болып көріну. Жауын қосыла жамандау. Бұл ешқандай шығын шығатын нәрсе емес. Жай ғана қамқор болып көрінсең жетеді.Тобырдың күш-қуатын өз мүддеңе пайдалана бересің.
6.Тобырдың қауіптілігі - тобырда Отан деген ұғым болмайды.Оларда мүдде ғана бар. Кім мүддесіне жұмыс жасаса, мүддесіне жұмыс жасайтын болып көрінсе, соған еріп кете береді. Тобырдың қорқыныштылығы - тобыр доспен, қасты ажырата білмейді.
Мұратхан ШОҚАН,
,,Жаратылыснама" кітабы. 1998 жыл.
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар