(Тойдан тыс тілек)
Бұл әулеттен бір емес, бірнеше ғалым шыққан. Жалпы, Салқынбайдың салқынқанды ұрпақтары шетінен ізденімпаз, қай-қайсысы да бір нәрсені қолға алса, түбіне жетпей тынбайды. Мәселен, Анар Салқынбай – филология ғылымдарының докторы, профессор, еліміздегі танымал лингвистердің бірі. Зейнолла Салқынбаев – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты. Ал Мұхит (Мұхиддин) Салқынбаев – белгілі шығыстанушы ғалым. КазГУ-дің түлегі. Араб тілінің маманы. Әдебиет және өнер институтында аспирантурада оқыды. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланыстарын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады.
Содан соң өзі оқыған университеттің шығыстану факультетінде бірнеше жыл дәріс берді. Араб тілі кафедрасының меңгерушісі болды. Ғылыми ізденістерін де жүйелі жалғастырды. Миллиондарды тамсандырған «Мың бір түннің» тылсымына ден қойды, тамыры тереңде жатқан «Калила мен Димнаның» бастау-бұлағына үңілді.
Қысқасы, Қазақ еліндегі шығыстану ғылымының түтіні түзу ұшуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында да медиаменеджер Мұхиттың қолтаңбасы қалды. Қазір мемлекеттік қызметте. Несі бар, ғылыми ой-тұжырымға бейім жігіттер бұл салаға да қажет.
* * *
Бүгін сол Мұхит еңселі елудің қақпасын қақты. Мерейлі жасыңмен құттықтаймыз! Амандық тілейміз! Жарық дүниедегі жолыңды жалғаған жарты ғасырыңның жемісі алдағы ғұмырыңа азық болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ