Түркиядағы өрт: 4 адам көз жұмды

5153
Adyrna.kz Telegram

Түркияда орманнан басталған өрт демалыс аймағына дейін жетіп,  тілсіз жаудың кесірінен төрт адам опат болды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

28 шілдеде басталған қызыл жалын 42 ауданға таралып үлгерген. Тіпті, жергілікті билік өкілдері демалыс орындарындағы туристерді эвакуациялауға мәжбүр. Апат салдарынан төрт адам қаза тауып, жергілікті халықтың төрт түлігі қырылуда. Түркия билігі Антальядан 76 шақырым жердегі Манавгат аймағында өрт қатты таралғанын айтуда. Алайда орталығына жетпеген.

"Өрт Антальяның орталығында емес, Антальяның шеткі аудандарында болды. Қазіргі уақытта Манавгат деген қалада төрт нүктеде болып жатыр. Бүгінге дейін өртті сөндіре алмады.  Тура қасымызда болып жатқан жағдай 1-2 сағаттық жолда", —  дейді студент Дана Исаева.

Өрт орталыққа жақындамағанымен, орман маңында орналасқан аймақтардағы демалыс орындарын шарпыған. Дереу арада оларды эвакуациялап қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ал Бодрум қаласында тұтанған қызыл жалынды өрт сөндірушілер дереу арада сөндіріпті. Барлық туристер қонақ үйлеріне қайтып, ешкім зардап шекпеген.

"Антальядағы өрт кезінде зардап шеккендердің арасында Қазақстан Республикасының азаматтары жоқ. Біздің консулдық жергілікті билікпен әркез байланыста. Төтенше жағдай кезінде немесе оқыс жағдайға тап болған отандастарымызға бірден туроператорларға немесе біздің консулдыққа шұғыл хабарласуын сұраймыз", — дейді ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Елдің біраз жерін шарпыған алапат өртті Түркия билігі ұлттық апат деп атады. Қазіргі уақытта қызыл жалынның нақты неден шыққаны анықталуда.  71 өрт ошағының 57-сі ауыздықталған. Ал тілсіз жаумен мыңнан астам техника және Ресейдің үш ұшағы күресуде.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер