Досай КЕНЖЕТАЙ: Дін негізгі функциясын орындаса, өте өзекті мәселеге айналмас еді

3704
Adyrna.kz Telegram
Қазіргі таңда дін мәселесі әрбір қоғам өкілін бейжай қоймайтындай дәрежеде өзектілігін сезіндіре бастады. Мысалы қазақ қоғамында соңғы он жыл ішінде БАҚ-да бір ғана дін ислам жайында жазылған ойлар, ұсыныстар мен талаптар Қазақстандағы дін мәселесінің негізгі тақырыптары мен бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді: дін мамандарының жетіспеушілігі, діни білім беру жүйесінің олқылығы, діни басқарманың енжарлығы, Аллаға серік қосу, өлікті жерлеу рәсімдері мен шарттары, әруақ туралы түсінік төңірегіндегі тартыстар, әулилелік, қажылық, мазхаб, уахабизм, фундаментализм, мемлекеттік қауіпсіздік және т.т.б.
Шындығында бүгін дін неліктен басты назарда тұр? Жауабы қарапайым: егер дін өз функциясын жүзеге асырса, ең болмағанда негізгі жораларын орындай білсе, қоғамда дін басты назарға алынбас та еді. Ал егер дін өз функциясын жүзеге асыра алмаса, сонда ғана өзекті мәселе ретінде басты назарда болады. Бұл ахуал екі себептен туындауы мүмкін. Біріншісі діни тіршілік, яғни, діни сана өзін жаңғырта алмаса, онда дін өз тіршілігінің маңызды бөлігін жоғалтады. Екіншісі, дін өте жанды, белсенді болғанымен, оның өркен жаюына және дамуына қандай да бір себептер кедергі болғандықтан, дін шектеліп, өз қызметін орындай алмайды. Міне осы екі жағдайдың да Қазақстанда көріністері мен іздері бар.
Ислам діні мәдениетіміздің, өркениетіміздің негізі. Енді қараңыз діннің өзі мәселені шешу үшін жіберілген құдайлық институт болса, онда дін қалай проблема болады. Діннің өзі әрине ешқашан мәселе болмайды. Бірақ дін қоғамда танымдық, ғылыми, идеялық және рухани тәжірибелік тұрғыдан функционалдық тепе теңдікті қамтамасыз ете алмаса, басқа келеңсіз жағдайларға себеп болып, әртүрлі топтардың, қанаушылықтың, өшпенділік пен дұшпандықтың объектісіне айналудан ада бола алмайды. Негізінен қоғамымызда дінге қатысты мәселелердің дені психологиялық және танымдық себептерден туындап отыр. Сондықтан басты мәселе еліміздегі мұсылмандардың діни танымында жатыр.
БАҚ беттерінде исламға, оның ішінде діни ғылымнан, теологиялық, теософиялық негіздер мен доктриналардан хабарсыз көпшілікті, діннен аулақтатуға жарайтындай салмағы бар ешқандай ғылымға, діни, тарихи, эпистемиологиялық және феноменологиялық сараптаудың принциптеріне сай келмейтін көзқарастар да кездеседі. Сондықтан БАҚ беттерінде мақала жарияланарда оның авторының қандай да бір діни сауаты я болмаса білімі бар жоғына назар аударылғаны жөн шығар. Онда да ең алдымен әрбір автор немесе дін зерттеушісі діни сенім – ақида және діни таным арасын ажыратып көрсете алуы керек. Діни сенім біреу. Сондықтан ислам да біреу. Оның біріншісі, екіншісі жоқ. Ал діни таным көп, сондықтан мұсылмандық формалары да көп. Бұл өте табиғи құбылыс.
Діни танымда революция емес, эволюция шарт. Бұл Алланың қалауы. Егер Алла революциялық өзгеріс пен дамуды қалаған болса, онда Құранды 23 жылда емес, бір сәтте жинап пайғамбарымыздың қолына ұстата салар еді. Бұл жерде Сіз бен біз үшін үлкен хикмет бар. Алланың аяны жиырма үш жыл бойы пайғамбарлық (нубууат) арқылы адамзат қоғамымен үндестікте «жанды-сұхбат» арқылы жүрекке, санаға, ділге, сосын сенімге ұялады. Ішкі өзгеріс арқылы, сыртқы қоғам өзгерді.
Жаңа мен ескі, әдет пен ғұрып, харам мен халал, жақсы мен жаман және т.б. құндылықтардың мазмұнында табиғи, эволюциялық тұрғыдағы трансформация жүріп жатты. Бұл тенденция біздің, шығыстың ойлау жүйесі мен дүниетанымдық тұғырында басты ерекшелік ретінде орын алды.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер