70 жасына қараған шағында белгілі театр режиссері, драматург, қоғам қайраткері Болат Атабаев өмірден өтті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Facebook-те құқық қорғаушы Бақыт Төреғожина мәлімдеді. Және бұл ақпаратты Мәдениет және спорт министрлігі растады. Болат Атабаев 28 шілде күні ауруханада көз жұмған.
Болат Манашұлы Атабаев 1952 жылы Талдықорған облысындағы Тентек ауылында туған. Неміс драма театрының және Әуезов атындағы қазақ драма театрының бас режиссері қызметін атқарды. "Ақсарай" театрының жетекшісі болды. Ол өзінің алғашқы режиссерлік өнер жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Неміс драма театрында спектакль қоюмен бастады.
1990 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысып, Б.Римованың «Қос мұнлық», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», И.Оразбаевтың «Шыңғыс хан», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Р.Мұқанованың «Қаралы сұлу», т.б. спектакльдерді қойды.
Ол — Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Германия мен Қазақстан қарым-қатынасының дамуына қосқан үлесі үшін Гете медалімен марапатталған.
Режиссердің отбасына, туған-туыстарына «Адырна» ұлттық порталының атынан көңіл айтамыз.
"Адырна" ұлттық порталы.