Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында өңірлердің 5 айдағы әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіші жарияланды. Маңғыстау облысы өте жақсы көрсеткішке ие болды. Өңдеу, ауылшаруашылығы, құрылыс, тұрғынүй беру, сауда, көлік, жеке инвестиция яғни экономиканың барлық 7 бағыты бойынша оң өсімге қол жеткізді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтсақ, биылғы жылдың бес айында облыста өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 104,5%, негізгі капиталға салынған инвестиция – 115,1%, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 103%, құрылыс жұмыстарының көлемі – 109,1%, тұрғын үйді іске қосу қарқыны – 106,3%, сауда саласы – 102,7%, көлік және логистика – 108,1% деңгейінде қамтамасыз етіліп, оң өсімге қол жеткізілген.
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 4,5%-ға артып, 63,5 млрд теңгені құраған.
«Облыста минералды тыңайтқыштар, битум және мұнай өнімдерін өндіру көлемі өскен. Мәселен Ақтаудағы «Каспий битум» зауыты 5 айда жалпы елімізде өндірілген жол битумының 48 пайызды қамтып отыр», -деді С.Трұмов.
Маңғыстау облысы әкімінің айтуынша, биыл бұл салада жалпы құны – 21,7 млрд теңге болатын 8 жаңа жоба іске асырылуда. Нәтижесінде жаңадан 200-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ биыл Маңғыстауда 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткен «Құрық-Жетібай» автожолы күрделі жөндеуден өткізілуде. 69 шақырым жол талапқа сай етіп қайта салынады.
«Маңғыстау облысының туристік кластерін дамыту мақсатында Ақтау әуежайынан жылы жағажайға дейінгі 30 шақырымды қамтитын автожолды қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, биыл ауылішілік жолдарын жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы 3,1 млрд. теңгеге 102 шақырым жол салынып, орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 16,4 млрд. теңге бөлінді», - деді С.Трұмов.
Сондай-ақ, Маңғыстауда әуе жолы арқылы сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында Үкіметтің қолдауымен биыл 4 халықаралық жаңа әуе рейсі ашылды. Олар «Ақтау-Үргеніш», «Ақтау-Горган», «Ақтау – Рас Эль Хайм» (БАӘ) және «Ақтау-Нөкіс» бағыттары.
Маңғыстау өңірі – инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарында. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде облысқа тартылған инвестиция көлемі 5 айда 12,9%-ға артып, 216,1 млрд. теңгені құрады. Биыл облыста 270 млрд. теңгеге жуық қаржыға 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 2600 адамды жұмыспен қамту көзделген.
«Өңірге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймағының үлесі зор. Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 14 жобаны жүсеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 5 жоба осы жылға жоспарланған. Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймағының тиімділігі мен толымдылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасына сәйкес сапалы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда», - деді С. Трұмов.
"Адырна" ұлттық порталы.