Балалар орталығында жарылыс болды! Оқыс жайт Қызылордада тіркелді. Тұрғындары таңғы 7 шамасында қатты дыбыстан шошып оянған. Далаға атып шыққан олар үй жанындағы ұл-қыздарға арналған нысанның отқа оранғанын көріпті. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқыс оқиға таңғы 7:20 шамасында болған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, оның толқынынан жақын маңайдағы жер үйдің ағаштан салынған сарайы қирап, 50 шаршы метр аумаққа зақым келген. Одан бөлек, бастырмасы құлап, шығар есікті жауып қалыпты. Үйдің иесін көршілері терезеден шығаруға мәжбүр болыпты.
«Жұмыс жақтан келе жатқанмын. Сол кезде естуім бойынша гүрс ете қалды деді ғой үйдегілер. Мен келгенде машиналар былай келіп, мына жақтан кетіп жатыр екен», - дейді оқыс оқиға куәгері Бауыржан Жарылқасынов.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына хабар түсісімен 2 минутта жеттік деп отыр. Өйткені, өрт сөндіру бекетімен ойын сауықтыру орталығынының арасы 1,5 шақырым ғана екен. Жедел жеткен төтеншеліктер ғимараттың 1-ші қабаты толықтай отқа оранған көрген. Олар тілсіз жауды сөндіріп біткенше ғимараттың бірінші қабатындағы 200 шаршы метр аумақтың дымы қалмай жанып кеткен.
«Оқиға орнына жұмылдырылған жеке құрам және техниканың арқасында толығымен өрт 08:15 минутта жойылып, салдарынан көрші орналасқан Жеңіс көшесі 20 тұрғын үйдің 3 терезесі және ауласында орналасқан сарайдың құлағаны анықталды. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталуда. Өртке жалпы қатыстырылған 10 техника мен 44 қызметкер», - дейді Қызылорда облыстық ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі Әли Дүйсебеков.
«Адырна» ұлттық порталы