Түркияның ең бір көрікті жерлерінің бірі де бірегейі – Анталия. Тарихы да тым тереңге кеткен өлке. Ұлы мәдениеттердің, өркениеттердің тоғысқан алқабы. Бір топ журналистер Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен осынау ғажап өлке – Анталияға сапарға шықтық.
Теңізбен танысу
Бүгінде Алматы қаласынан Анталияға тікелей ұшақтар ұшады екен. Бізге де билет осындай тура жететін билеттен бұйырған екен. Ешқайда соқпай, ұшақ ауыстырып шаршап-шалдықпай төтесінен Анталияға табан тіредік.
Тазалық пен тәртіп әуежайдан түскеннен басталды. Күтіп алушылар қолымызға антисептик, маска тәрізді қауіпсіздік заттарын автобусқа отыра сала таратып шықты.
Шағын автобус бізді бірден Жерорта теңізінің жағасындағы «Arma» деген ресторанға алып барды. Көз жетпейтін қашықтыққа созылып жатқан теңіз тау-шатқалды, тік жарқабақты понорамасымен, жап-жасыл желекке толы ағаш-өсімдіктерімен көңілімізді әп-сәтте шаттандырып жіберді. Автобус теңіз жағасындағы ресторанға қарай құлдилап төмендеген сайын камераларын сайлаған тілшілер әрбір сұлулықты қалт жібермей, қапы қалмай түсіріп қалуға тырысып жатыр. Ресторанға түскеннен кейін фотоға түсу, түсіру бір сәт те толастаған жоқ. Ал дәмді тамағы туралы әңгіме тіпті бөлек.
Түскі тамақтан кейін базар араладық, сол жағажайдағы базардағы көне қаланың қақпасын тамашаладық. Әрмен қарай қонақ үйге бет түзедік. The Marmara қонақ үйінде теңіз жағасында шомылуға қолайлы жағдай жасалған. Теңізге саяхатшылар қиналмай жетуі үшін арнайы лифт орнатылған. Лифтіден шығып түнел тәрізді жолмен тура ғажайып теңіз жағалауынан бір-ақ шығасыз. Қонақ үйдің ұзыннан-ұзақ бассейні де бар. Аптап ыстықта қонақ үйден шыға салып теңізге, одан кейін бассейнге түсіп, әріптестер болып жарыса шомылып бір жырғап қалдық.
Ежелгі Сиде қаласы. Аспендос амфитеатры
Екінші күні ертемен көне Сиде қаласын бағыттап жолға шықтық.
Тынымсыз еңбек, түбі бәрін жеңбек! Әрбір мүмкіндікті қалт жібермейді... Түрік ағайындардың еңбекқорығы сол — бос жатқан шөкімдей жер жоқ.
Жол бойында жылыжайлардың түр-түрі кездеседі, арнайы брендтік атауларымен кеңселері де сол жерде орналасқан.
Тағы бір байқағаным — әрбір көп қабатты үйдің шатырында күннен қуат алатын электр батареялары қойылған. Мүмкін Анталия жылы, тіпті ыстық аймақ болған соң да бұл құрылғылардың пайдасы мол болар. Қалай дегенмен де, қазақ жерінде көп дүниені дамыта түсуіміз керек екенін ұқтым.
Осындай ойларға шомып көне қалаға да жетіп қалыппыз. Көне шаһардың күтімін баптап, қаз-қалпында сақтап, кейбір тұстарын қайта жаңғыртып отырған түрік ағайындарға алматылық әріптесім Александр Цой шексіз алғысын жаудырды. Расында да тарихи құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны туризм саласы арқылы қаражат көзіне айналдырып түріктердің жұмысына бестік баға беруге болады.
Кішкентай балаларды ойнатып, көңілдерін көтеріп, сонымен қоса бүкіл жұртты өзіне қаратып алған балмұздақ сатушыға көзіміз түсті. Таяқшамен балмұздақты ұршықша иігіреді. Жалпы Түркиядағы сатушылар елпілдеп іш-бауырыңызға кіріп тұрады. Мұндай жылы қарым-қатынас кез келген туристке майдай жағады.
Балмұздақты түріктер «дондырма» дейді. Былайша айтқанда, мұздатып қатыру деген мағынадағы «тоңдырма» ғой. Түріктердің балмұздағын жұрт мақтаған соң бүгін дәмін таттық. Расында да дәмді екен.
Ал бізде сатушылардың қабағы көбіне қатулы. Әлде біздің қанымызда сауда ісі жоқ болғаннан кейін солай ма?
Ежелгі Сиде қаласы түбекте орналасқан. Жан-жағын теңіз қоршап тұр. «Сиде» көне анадолы тілінде анар (граната) деген мағына береді. Көне шаһар біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда қалыптасқан. Біздің заманымыздың II ғасырында қала өркендеп, саны жағынан 60 мың адамға дейін көтерілген. Сауда-саттық жағынан өркендеген. Түріктер әлі күнге сол қаланың ескі үрдісімен саяхатшыларға сауда жасайды.
Теңіздің жағасында Аполлон мен Афинаның құрметіне салынған ғибадатханалардың сарқыншақтарымен таныстық. Осы жерден керемет фото-видео материалдар түсіріп, сөзбен айтып жеткізе алмастай ғажайып әсерге бөлендік.
Анталияға қайтар жолда Аспендос амфитеатрына соқтық. Ежелгі гректер Дионистың құрметіне арнап іс-шаралар өткізген. Бұл — Түркиядағы ең үлкен амфитеатр. Пандемияға дейін жыл сайын мұнда түріктер өнер фестивальдерін ұйымдастырып келген екен. Екі мың жылдық тарихы бар амфитеатрды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Сол қалпында сақталған. Амфитеатрдың акустикасы жақсы шығатындай етіп айрықша ойластырылған, әлі күнге дейін де сол қалпын сақтап тұр. Қырғызстаннан келген әріптестердің ішінде Гүлнәз есімді талантты ыршы суырылып шығып бірнеше ыр айтты. Ән театрдың ішінде жаңғырып шығып, ғажап дауыс барлық жұртты қайран қалдырды.
Әлемдегі ең үлкен океанариум
және жаһандық жұлдыздардың бейнесі
Әлемдегі ең үлкен окианарим – Antalya Aquarium. Теңіздегі мыңдаған балық түрлерін осы жерден кездестіре аласыз. Жалпы Түркия теңіздердің тоғысқан мекені. Сондықтан балық түрлері де сан алуан. Бізге ұнағаны, акуариумдерде теңіздің астындағы аураны жақсы берілген. Теңізге құлаған әскери ұшақ, су астында қалған ежелгі қала, оның құнды жәдігерлері, су асты мен үңгірердегі өсімдіктер – бәрі-бәрі де табиғаттың өзі мың сан бояумен көмкерілген балықтарға табиғи ортадай әсер етеді. Тіпті сарқыраманың, үңгірдің ішінде сылдырлап аққан бұлақ суының да декорациялармен шебер, шынайы жеткізе білген. Бұл саяхатшылардың қиялын көкке самғатып, шын мәнінде теңіз тұңғиығына сүңгігендей сезімге бөлейді. Ал адам өміріне қауіпсіз балықтарды тамақтандыратын орындар да жасақталған. Осылайша балалардың көңілін көтеріп, аквариумды тартымды, қызықты ету көзделген.
Тура осы океанариумның түбінде Face2Face деп аталатын музей бар. Бұл жерден барлық ғаламдық жұлдыздардың бет-бейнесінің, сұлбасының көшірмелері жасалған. Өзіңіз армандаған жұлдызбен «селфи» жасап немесе қатар тұрып суретке түсе аласыз.
Анталия археологиялық музейі
Анталия археологиялық музейі – Түркиядағы ең ірі музейлердің бірі. 7000 шаршы метрде 5000 жуық құнды жәдігерлер көрмеге қойылған. Музейде ежелгі дәуірден бастап Осман империясына дейінгі мұралар жинақталған.
Музейдің құрылу тарихы да қызықты. I дүниежүзілік соғыстан кейін Анталия италияндықтардың оккупациясында қалады. Олар Анталияның жәділерлерін өздеріне тасып кете бастайды. Осы мәселеге қатты алаңдаған жергілікті педагог Сүлейман Фикри Бей Анталия билігіне өтініш айтып, ең алғаш 1922 жылы Анталия археологиялық музейінің негізін қалайды. Анталия жәдігерлерінің сақталуына зор үлес қосқан Сүлейман Фикри Бей есімі мұнда әр кез құрметпен аталады.
Музейдегі көне грек тас мүсіндері таңдай қақтырады. Мұнда Зефс, Геракл, Афродита және тағы басқа ежелгі құдайлардан бастап Римнің ұлы билеушілерінің, тіпті ғибадатхана қызметкерлерінің де тас мүсіндерін кездестіруге болады. Сондай шеберлікпен бәдізделген мүсіндерге сағаттап қарасаңыз да жалықпайсыз. Атақты, дәулетті адамдарға арналған табыттар – соркафогтар олардың қаншалықты құдіретті болғанын айдай әлемге әйгілеп тұр-ақ. Табыт сыртында олардың тірі кезінде атқарған ұлы істері, ерліктері де бейнеленген. Кейбір соркафогтың жоғарғы жағында марқұмдардың тас мүсіндері де қашалған. Ал енді бір табыттар ежелгі құдайлардың құрметіне арнап әзірленгені бізді қайран қалдырды.
Ежелгі Перге қаласы
Әйгілі математик және геометр Аполлоний дүниеге келген көне Перге шаһары Кіші Азиядағы ең ірі қалалардың бірі болған. Перге біз бұған дейін көзбен көрген Сиде қаласымен бәсекеге түсіп отырған. Таныстырушы-гид Берқан мырзаның айтуынша, Перденің қақпасының екі бүйірінде қос мұнара әскери сақшылардың тұрағы болған. Бүгінде қос мұнара жартылай қираған. Осыны айтып жатқанда біз көз алдымызға мұнарадан сырттан келген жауға оқ жаудырып жатқан сарбаздар елестеп-ақ кетті. Мұнараның сол жағында субұрқақтар орны, ежелгі монша қалдықтары, іргетасы тұр. Моншаның ыстық су, жылы су, салқын су қауыздары жұмыс істеген. Баяғы римдіктердің жаппай моншаға шомылып жатқан көріністеріне мән бермеуші едік. Бұл сол замандағы біз ескере бермейтін үлкен мәдениет екен. Қала сыртынан келген қонақты ішке вирус таратпасын деп ең әуелі моншаға әкеліп шомылдыратын дәстүр де болған. Өйткені ежелгі қала тұрғындары да вирустың түр-түріне жиі шалдығып, одан сақтанудың жолдарын іздегені баршаға аян. Моншаны жылыту үшін от жаққан үлкен пештің орны әлі күнге бар. Күйе іздері әлі күнге кетпеген.
Перде қаласында ұзыннан-ұзақ созылған су жүргізу арығы да бар. Шаһардың бай-бағыландар қоныстанған мекенінен бастап қақпаға қарай салынған арықтың екі жағында жол салынған. Тізбектелген еңселі бағаналар бір кезде Перде шаһарының қаншалықты абройлы, сән-салтанатты болғанын паш етіп тұрғандай.
Анталия сапары осындай естен кетпес естеліктерге толы болды. Әрбір адам Анталияның ғажайыпарын міндетті түрде көзбен көруі керек. Өйткені ол тек көркем, көрікті өлке ғана емес, өшпес ұлы тарихтардың өрнектелген ізі қалған ғаламат жер...
Арман ӘУБӘКІР,
Алматы – Анталия – Алматы