Алматы облысында 242 үміткер саяси додада бақ сынауда

2820
Adyrna.kz Telegram

Ел тарихында тұңғыш рет ауылдық округ әкімдерін бұқара сайлайтын болады. Елді қуантқан ақжолтай хабардың тарағаны сол екен, саяси бәсекеде бақ сынаушыларда өз жұмыстарына кірісті. Күні кеше үміткерлер іріктеліп, аламанға түсер жүйріктер жүйіткей түсті.

Ұзын-саны 279 үміткердің 242-і басты додаға қатысатын болады. 29 тұлғаның кандидатурасы түрлі себептермен алынып тасталған. Нақытлайтын болсақ, 17 үміткер талаптарға сай келмеген, ал 12-і өз кандидатурасын алып тастаса, 1 үміткер тіркеуден алу туралы өтініш білдірген.

«Ақтық мәреге жетемін деген саяси тұлғалардың ішіндегі бәсеке бәсеңдемек емес. Бүгінгі күні орташа бәсекелестік-3,9 құрап отыр. Барлық округтердегі үміткерлердің саны 3-тен көп»,-деп атап өтті Алматы облысы сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.

Айта кетейік, республикалық бюджеттен әрбір үміткерге 220 мың теңге қаржы бөлінеді. Бұл қаражат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бағытталатын болады.

Саяси партия өкілдері де айтулы додадан шет қалмақ емес. «Nur Otan» партиясы - 57, «Ауыл» ХДПП - 7, «Ақ Жол» ҚДП - 1, «АDAL» СП - 13, ҚХП - 12, ЖСДП - 3 үміткері сайлауға түспек.

Айта кету креек, жергілікті атқарушы органдары үгіт-насихат жұмыстары басталғанға дейін үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындарды дайындады.
Үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары:
- барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асыра алады (теледидар, радио, баспа БАҚ-тары,интернет басылымдары, әлеуметтік желілер);
- сайлау алдындағы жария іс-шараларды және кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу;
- баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне ҮМІТКЕР өзінің болашақ қызметінің сайлау алдындағы бағдарламасымен таныстырады.

Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиісті сайлау комиссиясы үміткерге партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға, ал үміткер тіркелгеннен кейін мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны ұсынған жағдайда онда үміткерді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға құқылы.

Пікірлер